Байлар «сән-салтанат» салығын төлейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айындағы Жолдауында салық реформасы аясында «сән-салтанатқа салық салуды» енгізу керектігін айтқан болатын. Осыған орай, 2024 жылдан бастап елімізде сән-салтанат салығы туралы норма күшіне енеді. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, сән-салтанат салығын енгізуге қатысты заң жобасы биыл талқыланады. 

– 2023 жылы Салық кодексі бойынша негізгі жұмыстар атқарылады. Кодексті бірінші жартыжылдықта талқылап, ортақ шешімге келеміз. Біздің жоспарымызға сәйкес, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Егер қосымша уақыт керек болса, біз оны қарастырамыз, – деді министр өз сөзінде. 

Сонымен қатар, министр бір адамның атына тіркелген жылжымайтын мүлік саны көп болса, осы орайда қосымша салық енгізу мәселесі де талқыланып жатқанын айтты.

– Бұл тұрғыда салық салудың түрлі нұсқасы пысықталып отыр. Әрине, бұл салық мүмкіндігі бар ауқатты адамдарға қатысты болады. Атап айтқанда, тиісті заң жобасы 2023 жылдың күзінде Парламент қарауына енгізіледі деген жоспар бар, – деді ведомство басшысы. Осы ретте, сән-салтанат салығы жеке яхта, жеке ұшақ сияқты дүниелерге, яғни ірі сомаға мүлік сатып алғандарға қатысты екенін атап өткен жөн.

Сондай-ақ, Әлібек Қуантыров сән-салтанат салығы қымбат автокөлік қозғалтқышының көлеміне емес, автомобиль құнына қарай салынатынын да нақтылады.

– Қозғалтқыштың көлеміне қатысты сән-салтанат салығын қарастырып отырған жоқпыз. Негізінде, бізде қазір қандай да бір түрде сән-салтанатқа салынатын салық бар. Қозғалтқыш көлемі үлкен болса, прогрессивті шкала ескерілген, яғни оның көлемі үш литрден асқанда, көлікке қатысты тиісті салық бар. Ал, сән-салтанат салығын енгізу аясында біз көлік құнына қараймыз. Мысалы, көлік құны 200 мың доллар болса, онда бастапқы жарна кезінде бір реттік төлем немесе жыл сайынғы төлем болуы мүмкін. Сондықтан көлік қозғалтқышының көлеміне қарай есептеу болмайды деген ойдамын, – деді ол. 


Пікір қалдырыңыз