Қоян қандай жыл?

Сабырбек Олжабай, «Ońtústik Qazaqstan».
Қалай дегенде де халықтан асқан көреген, данышпан жоқ. Әр жылға белгілі бір жануардың атын беріп, сол он екі айдың мінезін дөп басуы жоғарыдағы сөзімізге дәлел. Әрине, бұл жыл санауға байланысты шыққан. Халықтың жыл санауға байланысты алғашқы деректерді VІІІ ғасырдағы Күлтегін ескерткіштерінен және ХІ ғасыр ғұламасы Махмұт Қашқари еңбектерінен табасыз.
Міне, әні-міне дегенше босағамыздан қоян жылы аттағалы тұр. Көнекөз қариялар, ескілікті адамдар Қоян жылынан қатты қорықты. Өйткені, бұл жыл қазақтың шаруашылық тарихында жұт, ашаршылық, бейнет жылы ретінде есте қалған.
Қазақ жерінде 1723 жылы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атты зобалаң өтті. Бұл Қазақ елінде бұрын-соңды болмаған қасірет еді. 1867-1868 жылдардағы «Жалпақ қоян» жұты, 1879-1880 жылдардағы «Үлкен қоян» жұты, 1891-1892 жылдардағы «Кіші қоян» жұты, 1915-1916 жылдардағы «Тақыр қоян» жұты орын алды. Аталған жылдары бүкіл қазақ даласында мал қырылып, ел жоқшылыққа, жүдеулікке ұрынды. Аталарымыз қоян жылының әкелген қасіретіне байланысты әр кезеңге жоғарыдағыдай ат беріп, айдар тағып кетіпті.
1962-1969 жылдар да Қазақстандағы мал шаруашылығы еңбеккерлеріне аса ауыр тиді.
Қазақ қаламгерлері қоян жылғы қиындықтарды шығармаларына кеңінен арқау етті. Солардың ішінде қазақ поэзиясының құлагері Ілияс Жансүгіровтің:
Болмаса түлкі алдырған, қасқыр атқан,
Бір қазақ таба алмайсың, қысты ұнатқан.
Өтіпті «ақ қояндай» қырғын қыстар,
Түкірік түспей қатқан, жұрт жұтатқан, – деуінде табиғаттың қытымыр мінезі жақсы суреттелген.
Жұлдызшылар болжамына сүйенсек, қоян жылы туған адамдардың жақсы қасиеттері көп. Олар тыныштықты сүйеді. Қандай да бір шешім қабылдарда алдын-ала ойластырады, келісімдерге жүгінеді.
Қоян жылғылар дана, дара болғысы келеді, оларды әріптестері жоғары бағалайды. Отбасылық өмірде жанжалды қаламайды, бейтараптылықты ұстанады. Отағасы ілгері ұмтыла бермейді, олардың ең үлкен кемшілігі – өз әлемінде оңай оқшауланады, жалғыз қалғанды ұнатады. Кез келген жанжал, ұрыс-керіс оларды оңай күйретеді. Олар өзеннің тыныш ағысы сияқты. Қояндар күтпеген кез келген жағдайда тығырыққа тірелгіш келеді. Олардың мәселесін басқалар шешеді. Бір ерекшелігі, олар балаларымен өте жақсы араласады. Сондықтан олардан керемет ата-ана шығады.
Осы жылы дүниеге келгендер өмірде жолы болғыш адамдар. Оларға табиғат керемет сүйкімділік, үлкен интеллект сыйлаған. Қалыптасқан өмір салты, жауапкершілігі, жақсы ниеті, көпшілдігі жақсы мінез-құлқымен қоян басқалардың жақсы жағынан қызғанышын тудыруы мүмкін. Қоянның бойындағы жағымды қасиеттер олардан таңғажайып таланттар шығатындығын да көрсетеді. Бұл жылы туғандар сонымен қатар өте мейірімді, кешірімді, адал болып келеді. Еркелігі басым, жалқаулығы тағы бар.
Қытай жұлдызшылары Өрт қоян жылы,
От қоян жылы деп бұл жылды екіге бөледі.
От қоян жылы туылғандар кеңес беруге көмектесетін нағыз талантқа ие. Өйткені, оның таңғажайып интуициясы бар. Олар белгілі бір адамның мәселесі неде екенін дәл болжайды. Былайша айтқанда, адам жанын оқи алады. Осы топтағылар ерекше күшті болғанымен, өз проблемаларының ауыртпалығын көтере алмайды. Осы жылы дүниеге келгендер сабырлы болғанымен, жалғыздыққа шыдамайды. Оларға қонақжайлылық, сүйкімділік пен қарапайымдылық тән. Қоян жылғылардың іс жүзінде жаулары жоқ. Бірақ, олар интузивті адамдарды ұнатпайды және достарын ешқашан мұндай адамдар арасынан таңдамайды. От оларға ерекше қуат береді. От қояндары өте белсенді, үнемі шытырман оқиғалар іздейді.
Өрт қояндары сезімге бой алдырғыш, романтикаға құмар болып келеді. Олар – сезімтал, нәзік табиғаттың адамдары. Олар жақын адамдарынан үнемі қолдау мен мақтау күтеді.
Бұл жылдар адамдар тарихында Пабло Пикассоның «Арлекин» картинасы, Чемберлен нотасы, В.Флемингтің «Желмен ғайып болғандар» фильмі, коммерциялық түрлі-түсті теледидардың шығарылуы, Кариб теңізіндегі құйын, билікке Маргарет Тетчердің келуі, Солтүстік полюстегі «Сібір» мұзжарғышы, есеп-қисаптың еуроға өтуі және Жер шарының жетінші миллиард тұрғынының дүниеге келуімен есте қалды.
Қоян жылы кешегі Катарда өткен халықаралық футбол додасында турнирдің үздік ойыншысы атанған аргентиналық футболшы, «Парк Сен-Жермен» командасының шабуылшысы, Аргентина құрамасының капитаны Лионель Месси дүниеге келген.
Америкалық актриса, «Ымырт» фильміндегі Элис Коллен рөлімен танымал Эшли Грин дүниеге келген.
«Формула – 1» автожарысынан төрт дүркін әлем чемпионы, неміс пилоты Себастьян Феттель де қоян жылының түлегі.
Қазақтың атақты Абылай ханы (1711 ж.) да қоян жылы дүниеге келген.
Қазақтың құлагер ақыны Ілияс Жансүгіров жазғандай, Ақ қоян деп аталатын да жыл бар. Бұл жылы қар мөлшердегіден көп түседі әрі қысы қатал болады.
Созақ ауданы, Құмкент ауылында қоян жылы туған Асау Бәкіров атты ақсақал тұрады. Бүгінде жасы тоқсанға таяды. Сол кісімен әңгімелесудің сәті түскен.
– 1962 жылдың шығуы мен 1963 жылдың кіруі тұсындағы қыс өте қатты болды. Республикамыздың көптеген өңірлерінде мал шығыны орын алды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Жоғарғы Кеңесі, кәсіподақ, комсомол ұйымдары бірігіп, мал азығын, жемшөп қорын дайындау жөнінде Үндеу қабылдады. Осы жылы Алматыда студенттер канал, арық жағалауларынан жапыраққа дейін жинап, мал азығы қорына үлес қосты. Әр отбасы күнделікті тұтынған ырзығынан қалған тамақты қоқыс жәшігіне төкпей, жем үшін жөнелткенін де білеміз. Біздің «Құмкент» кеңшары малын құмның терең қойнауына қыстататын. Қалың қар басқан қыстауларға жемшөп жеткізу қиын болды. Қыстан әупірімдеп шықтық. Мен бұл жылдары мал шаруашылығында еңбек ететін едім. Осындай қатал қыс 1969 жылы тағы да қайталанды. Қыстың аса суық болуы мен жемшөптің жеткіліксіздігінен таяқ ұстап қалған малшылар да болды. Бірақ, бұл Мешін жылы болатын. Жалпы, қоян жылы қиындықтарымен есте қалған ғой. Біздің аталарымыздың өзі «Қоян жылы қиыншылық болады» деп бұл кезеңге алдын-ала дайындық жасайтын. Жалпы, әр жылдың өз мінезі болады. Шаруалар осыны ескеруі керек, – дейді Асау Бәкіров қария.
Ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабыл ХV ғасырда жазған «Шипагерлік баян» атты кітабында Тышқанды – Сумақы, Сиырды – Маңғаз, Барысты – Айбар, Қоянды – Секем, Жыланды – Сумаң, Жылқыны – Тұлпар, Ұлуды – Иіртек, Қойды – Шопан, Мешінді – Мешін, Итті – Айтақ, Тауықты – Шақырауық, Доңызды – Қорысқы деп жыл атауларына өзіндік атаулар берген екен.
Сонымен, Секем табалдырық аттады. Сірә, секем алмасақ болмас. Сақтық қашан да көп қиындықтардан құтқарады.
Айбарлы Барыс, қош болып тұр!
Төрлет, Қоян жылы!
Қоян бірде мотоцикл сатып алыпты. Көлігіне мініп, көшеде келе жатса, Аю тоқтатыпты. Ол әй-шайға қарамай, мотоциклдің қорабына мініп алыпты. Бір уақытта қоян аюға:
– Аю, көзіңді жұм. Қазір анау «КамАЗ»-дың астынан өтеміз, – депті.
Аю көзін жұмады. Қоян «КамАЗ»-ды айналып өтіп кетеді.
Аю бұған таң қалады. Ертесіне ол да мотоцикл сатып алады. Сөйтіп бала-шағасын мінгізіп алып, көшеде заулатып келе жатады. Бір кезде алдынан «КамАЗ» шыға келеді.
– Қане, балаларым! Көздеріңді жұмыңдар! Ана машинаның астынан өтеміз, – дейді.
Біраздан соң көзін ашса, мотоциклі бір жақта, бала-шағасы бір жақта, әйелі бір жақта быт-шыт болып жатыр екен. Сонда Аю ашуланып:
– Қайсысың көзіңді ашқан? – деп айқайға басыпты.
***
Шетелдік ерлі-зайыптылар Орта Азияны аралап жүреді. Әйелі құлағы қалқайған есекті көріп:
– Джон, мына бір ғажап аңды қара. Құлағы неткен ұзын? – деп таңданады. Сонда ері:
– Бұл қоян кемінде 300 жыл өмір сүрген шығар, – депті.
***
Бірде қоян байқамай шұңқырға түсіп кетеді. Шұңқырда біреу:
– Саған үш сұрақ беремін. Жауабын тапсаң, алтын аласың, – депті.
– Бірінші сұрақ. Соғысты кім бастады? Кім аяқтады?
– Соғысты Гитлер бастады. Сталин аяқтады.
– Екінші сұрақ. Соғыс қай жылы басталды? Қай жылы аяқталды?
– Соғыс 1941 жылы басталды. 1945 жылы аяқталды.
– Үшінші сұрақ. Аспанда қанша жұлдыз бар?
– Ғалымдар оны әлі санап үлгерген жоқ.
Шұңқырдағы қоянның жауабына риза болып, бір дорба алтын беріп, шұңқырдан шығарып жіберіпті. Қоянның алдынан қасқыр шығып, алтынды кімнен алғанын сұрайды. Қоян болған жәйтті баяндап береді. Сөйтіп қасқыр өтірік байқамағансып, шұңқырға түсіп кетеді. Шұңқырдағы жоғарыдағы ескертпесін айтып, үш сұрақ қояды.
– Әке-шешең кім?
– Гитлер мен Сталин.
– Машинада қанша дөңгелек бар?
– 1941-1945.
– Осы сенің есің дұрыс па?
– Ғалымдар әлі тексерген жоқ.