Санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алғаннан кейінгі жауапкершілік меншік иесінде

Түркістан облысында күн санап әр түрлі бағыттағы жаңа нысандардың саны көбейіп келеді. Олардың қатарында балабақшалар мен жеке медициналық орталықтар, жекеменшік мектептер де аз емес. Ол нысандардың жұмыс бастауы үшін санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды (СЭҚ) керек. Ол қорытындыны алу үшін беретін өтініштер саны да күн өткен сайын арта түсуде. Жаңа мекемелердің іске қосылуына өңірдің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметі де осылайша өз құзыреті шегінде, заң аясында үлес қосып келеді.
Мәселен, биылғы 11 айда департаменттің басқармалары тарапынан жалпы 1 795 мемлекеттік қызмет көрсетілген. 1 439 нысанға өтініш түсіп, оның 1 123-і нормативті-құқықтық актілерге сәйкестігі туралы қорытынды алды. Қорытынды ҚР ДСМ 2020 жылғы №ҚР ДСМ-336/2020 бұйрығында көрсетілген талаптарға сәйкес болған жағдайда (Барлық мемлекеттік қызметтер электронды түрде «электрондық үкімет» веб-порталдары www.egov.kz, www.elicense.kz арқылы көрсетіледі) беріледі.
Жыл басынан бері жаңадан емдеу профилактикалық мекемелерін ашу үшін департаменттің аудандық, қалалық басқармаларына 606 өтініш түскен, оның 364-не тиісті қорытынды берілген. Алайда, санитарлық талаптарға сай жабдықталмаған, нысандардың атауы және қызмет түрлері дұрыс көрсетілмеген, санитарлық-техникалық жағдайы мен санитарлық-гигиеналық талаптарында заң бұзушылықтар анықталған 242 медицина орталығына оң қорытынды берілмеді.
Ал, жаңа балабақшаларды іске қосу үшін жалпы 223 өтініш түсіп, оның 99-на санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды берілді. Кейбір нысандарда құрылыс жұмыстарының толық аяқталмауы, лабораториялық анализдерінің тіркелмеуі, балаларға арналған көлеңке қалқалардың жоқтығы, қол жуғыштар санының жеткіліксіздігі, асханада су жүйесінің іске қосылмағандығы, сатып алынған өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттардың болмауы және санитарлық тораптарға қажетті сантехникалық құрал-жабдықтардың орнатылмауы сынды бірқатар кемшіліктердің анықталуына байланысты бұйрық талаптарына сәйкес келмеген 134 балабақшаға дәлелді түрде бас тартылып, санитарлық- эпидемиологиялық қорытынды берілмеді.
СЭҚ берілгеннен кейін қандай да бір өзгерістер (ғимаратты қайта жобалау, балалар саны, тағысын тағылар) нысан иесінің болмаса жеке кәсіпкердің тікелей жауапкершілігінде екенін атап өткім келеді. Атап айтқанда, халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы 2020 жылғы № 360-V кодексі, ДСМ бұйрығына сәйкес, нысандар эпидемиологиялық мәні жоғары нысандар және эпидемиологиялық мәні болмашы нысандар болып бөлінеді.
Эпидемиялық мәні жоғары нысандарда халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкестігі туралы санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысы болуы тиіс.
Ал, эпидемиялық мәні болмашы нысандар көрсетілген қызметті жүзеге асырудың басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметіне хабарлама берумен шектеледі.
Нұрбек НЫШАНОВ,
облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы.