«Бұл – ұлыдержавалық өктемдік!» деп ер сөзін айта білген ғалым Әсілхан Оспанұлының ерлігі туралы не білеміз?

1986 жылы Алматының басты алаңына әділеттілік іздеп бейбіт түрде шыққан жастарды, КОКП ОК Бас хатшысы Михаил Горбачевтің бұйрығымен жан-жақтан әкелінген әскерлер аямай басып-жаншығаны белгілі. 

Бүкіл қазақ ұлты кеңес мемлекеті басшылығының бұл қатыгездік әрекетіне жаны қатты ауырды. Бұқаралық ақпарат құралдары қазақ жастарын «нашақорлар мен маскүнемдер» деп жазғырып жатқанымен, қазақ халқы шын мәнінде алаңда не болғанын жүрегімен түсінді. Қазақтың әр шаңырағы қара жамылды. Іле-шала КСРО билігі бүкіл қазақ халқын «ұлтшыл» деп айыптап, ресми түрде қаулы қабылдады.  
Сол күндері біздің бүкіл отбасы мүшелерін де ашу мен ыза кернеді. Әсіресе, әкем... Ол кісі елде не болып жатқанын білді. Әкем ол кезде Шымкент педагогикалық институтының филология факультетінде ұстаздық қызмет атқаратын. Әкем Әсілхан Оспанұлын жұртшылық генерал Сабыр Рахымовтың ұлты қазақ екенін дәлелдегені арқылы да жақсы танитын. Генерал туралы мақаласының алғашқысы – «Қазығұрт қыраны» 1972 жылы 9 мамыр күні «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бетінде жарық көрді. Көпшілік әкемнің Оңтүстіктің ақындары Майлықожа, Құлыншақ, Мәделі, Ергөбек, Молда Мұса, тағы басқалардың шығармаларын жинап, зерттеп, көпшілікке кеңінен танытумен айналысқанын да біледі. Тағы да көптеген істерді жүзеге асырғаны бар. Мысалы, 2019 жылы еліміздің кинотеатрларында «Томирис» фильмі көрсетілді. Сақ патшайымы Томиристі қазақ жұртшылығына 1975 жылдың үшінші наурызы күні «Білім және еңбек» журналында алғаш таныстырған менің әкем, ғалым Әсілхан Оспанұлы болатын.
Бір күні таңертең әкем әдеттегідей қызметіне кетті. Мен ол кезде облыстық мұражайда қызмет ететінмін. Шымкент педагогикалық институтында Желтоқсан оқиғасын талқылаған жиналыс болады. Алматыда алаңға шыққан жастарды жамандап, партия ұйымының хатшысы Юрий Шпилькин, тағы басқалар жарыса сөйлеп жатады. Сонда әкем мінбеге шығып, Алматыдағы алаңға шыққан жастардың көтерген мәселесі дұрыс деп сөз сөйлейді. 
Осы сөзінде әкем Желтоқсан оқиғасынан көп бұрын Бас хатшы Михаил Горбачевке елдегі ұлттық саясаттың дұрыс жүргізілмей келе жатқанын айтып, хат жолдағаны туралы айта келіп, сол хатты оқып бергісі келетінін жеткізеді. Бірақ, пединституттың ректоры Омаров, партия ұйымының хатшысы Шпилькин, тағы басқалар, әкемнің бұл сөзін нағыз ұлтшылдық деп қабылдайды да хатты оқытпайды. Осы жерде әкемнің қалай сөйлегені туралы сол жиналыста болған Бегман Ысқақтың «Ол адам қасқыр жүректі еді» атты мақаласынан мысал келтірейін:
«Институт басшылығына «көрініп» қалғысы келген ағалардың сөзіне қапаланып, жер шұқып отырғанымызда мінбеге Әсілхан Оспанұлы көтерілді. Аға жүрек сөзін айтады деп күттік. Өйткені, ұжымда ол кісі туралы жақсы пікір қалыптасқан болатын. Бірте-бірте жүдеп-жадап бара жатқан тіліміз бен салтымыздың қамқоршысы, жоқтаушысы деп танитынбыз. Сол кезде бүкіл қазақ интеллигенциясы ұл-қыздарын орыс тілді мектептерге берсе, Әсекең балаларын қазақ мектептерінде оқытады деп еститінбіз. Ағаның тұла бойынан қоңыр самалдай жанға жайлы ұлттық Рух есіп тұратын. Туған халқы үшін отқа да, суға да күмп беретін Жан деп танитынбыз.
Мінбеге шыққан ол, асықпай:
– Жастар алаңға неге шықты? Шығу себебі не? Бұл біздің халқымыздың көнбістігіне, жуастығына әбден еті үйренген Кремльдің үстем саясатына қарсы бас көтеру деп білем. Өз жерінде екінші сортқа айналған момын халықтың «өктемдіктің де шегі бар, ендігіңе көне алмаймыз, оспадарсыздығыңды тоқтат!» деген жанайқайы деп білемін. Өз талаптарын бейбіт жолмен білдіруге шыққан балауса қыздарды шашынан сүйреп, өрімдей жігіттерді сапер күректерімен ұрып, онымен қоймай жастарды өңшең маскүнемдер мен бұзақылар деп көрсетуде. Орталық бүкіл халыққа «ұлтшыл» деп ат тағып, қазақ кадрларын жұмыс орындарынан қудалауда. Мұның өзі біз сияқты аз халыққа көрсетіліп отырған ұлыдержавалық өктемдік деп білемін.
Бағанадан бері тым-тырыс отырған зал жер сілкінгендей гүр ете қалды. Әсекеңнің бәрінің айта алмай жүрген көкейдегі ойын тап басқанына сүйсінгендіктері болуы керек.
...Әсілхан Оспанұлы Кеңес өкіметінің қаһарынан қаймықпай қасқая қарап, әділетсіздігін бетіне басты». 
(Бегман Ысқақ. «Евразия» газеті. 31 наурыз, 2006 жыл). 
Бұл жиналыстың қалай өткенін мен сол күні білдім. Бұл туралы сол жиналыста болған жас ұстаз, қазіргі белгілі археолог, ғалым Мұхтар Қожа досым, маған әдейі келіп әкемнің жиналыста сөз сөйлегенін, жиналыстың қалай өткенін бүге-шігесіне дейін орталық саябақта айтып беріп еді. Кейін оны әкемнің өз аузынан да талай естідім. 
Әкемнің өзінің айтқаны: «Мен сөйлеп жатқанымда пединституттың ректоры Қ.Омаров орнынан ұшып тұрып: «Студенттерді алаңға бастап алып шыққан, міне, осындай доценттер» деп партия қатарынан шығармақ та болды. Сонда бір адам «дауысқа салуға кворум жоқ, коммунистердің саны жеткіліксіз» деп айтқанына қарамастан мені партиядан шығару дауысқа салынды. Бірақ, жас партия мүшелері – студенттердің мені партиядан шығаруға қарсы дауыс бергендерінің арқасында Омаровтың дегені болмай қалды. Кейін сол студенттерді партия жиналысына шақырып жеке-жеке «сілкілегені» де белгілі. 
Жиналыс өткен соң партия ұйымы тарапынан «қатаң сөгіс» алған әкем көп жыл қызмет еткен пединституттан кетті. 
Осы тарихи оқиғаны еске алған сайын бір нәрсеге таң қаламын. Қазақ десе жанын қиюға даяр тұратын  әкем жас кезінде паспорт аларында фамилиясын қазақ үрдісі бойынша Оспанұлы деп орысша «ов» жалғауынсыз жаздыру үшін паспортын бірнеше рет әдейі жоғалтып, ақыры Оспанұлы деп жазғызып алған намысты, қайсар азамат болатын. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін қолдап, қазақтың мұңын мұңдап сөйлеген Әкемнің тегі қазақы үлгімен Оспанұлы болып жазылатын. Ал, сол жиналысқа қатысып отырғандардың бәрінің фамилиясы орысша «ов» жалғауымен жазылған еді. Мен мұны кездейсоқтық деп ойламаймын.
Әкем «қазақтың азаттыққа деген арманы күшті дауыл сияқты. Ол ешқашан тоқтамайды» деп жиі айтатын. Әкемнің сол сөзі шын екеніне менің де сенімім кәміл.
Кейінгі жылдары бір кісі «Бердалы, Желтоқсан оқиғасына байланысты әкеңді ақтау керек қой» деді. Мен ол кісіге «әкем ешқандай қылмыс жасаған жоқ, сондықтан ақтаудың да қажеті жоқ» деп жауап бердім. Кейін басқа бір кісі  «Бердалы, Әсекеңнің бір баласы, әкем ақталатындай еш қылмыс жасаған жоқ деп айтыпты. Оны айтып жүрген қайсың?» деп сұрады. Үндеген жоқпын.
Бала кезімде үлкен адамдар «Кімнің баласысың?» деп сұрағанда «Әсілхан Оспанұлының» деген жауабымды есітіп, «о, онда сенен бірдеңе шығуы керек» деп жиі айтатұғын. Бұл сөз жаныма белгісіз бір қуаныш сезімін ұялататын. Кейінірек бұл сезім әкемнің атына кір келтірмесем екен деген үлкен жауапкершілікті тілекке ойысты. Осы сезім мені біраз жерге жетеледі. Әлі де жетелеп келеді.

Бердалы Әсілханұлы ОСПАН, 
Қазақстан халқы Ассамблеясының ерекше сыйлығының иегері, 
мәдениеттанушы.

Пікір қалдырыңыз