«Аллажар» неге қысқарып кетті?

Ұлас ҮСЕНБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».

Биыл КСРО-ның ыдырауын жеделдеткен Желтоқсан оқиғасына 36 жыл толып отыр. Алайда, осынша уақыт өтсе де Желтоқсанның шындығы әлi күнге дейін толық ашылмай келеді.

Сол желтоқсанда жастардың алаңда төгілген қаны, қайтпас қайсарлықтары болашақ ұрпақтың санасынан ешқашан сөнбеу керек. Ал, оны жаңғыртатын дүниелер жоқ емес, бар.  
Қызыл империяның күйреуіне түрткі болған, еліміздің тәуелсіздік алуына ықпал еткен нағыз патриоттардың ерлік істері туралы түсірілген «Аллажар» фильмінің өзі көрермендеріне толық жетпеген.  Қалдыбай Әбеновтің «Аллажар» фильмінде Желтоқсан көтерілісінің бар көрінісі керемет баяндалады.  Ол фильмнiң экранға шыққанына да жиырма алты жыл толды. 1996 жылдың 17 мамырында Алматыдағы «Арман» кинотеатрында тұңғыш рет көрсетiлген «Аллажар» фильмiнiң ол кездегi нұсқасы төрт сағаттан асып жығылған екен. Кейiн фильм қысқарып-қысқарып екi сағатқа ықшамдалған. Youtube желісінен 2 жарым сағатын көруге болады.
Бір сұхбатында бұл туындысы туралы режиссер Қалдыбай Әбеновтің өзі «келер ұрпаққа қыршын кеткен ерлердің ерліктерін үлгі ретінде көрсету, қазақтың мүддесі үшін, қазақ жастарының қандай ерлікке барғандарын дәріптеу мақсатымен түсірілген фильм ғой. «Аллажар» деген атауының өзі ежелгі ата-бабамыздан келе жатқан жалбарыну ғой. Біздің бабаларымыз қиналған сәтте Жаратушыға сыйынатын. Желтоқсанға қатысқан жастар да «Я, Аллам, өзің жар бола гөр!» деп шейіт боп жатты. Мұның атауының өзіне алғашқы күннен бастап тиіскендер көп болды, ол кез шындықты айту қиын, Колбиннің тақта отырған кезі еді ғой, осындай уақытта фильмді бастау да оңай болған жоқ» деген болатын. 
Азаттық жолындағы күресті баяндайтын тағы бір кино – 1991 жылы экранға шыққан режиссер Талғат Теменовтің «Қызғыш құс» картинасы. Бас кейіпкері – желтоқсаншы Санжар. Оқиға Санжардың қашқындағы өмірі бойынша өрілген. Көтеріліске қатысқаны үшін құқық қорғау органдары жас жігіттің ізіне түседі. Ақырында қолға түсіп, қамалады. Санжардың милициядан қашып жүрген, орыс кемпірдің үйін паналаған қиын-қыстау күндері сол кезеңнің ащы шындығын көз алдыңа әкеледі. Санжар көтеріліс туралы қайта-қайта еске алып, оқиғаға сәт сайын оралып отырады.
«Желтоқсан көтерілісі кезінде мен Мәскеуде тұратынмын. Көтерілістің болғанын сол жақтан естідім. Елге келген соң көп жағдайға қанық болдым. Желтоқсан шындығының айтылмай жатқанын көрдім» дейді режиссер Талғат Теменов. Ол фильм сценарийін мәскеулік драматург, қалмақ жігіті Олег Манжиевпен бірлесіп жазған. Алайда, фильмді Мәскеуге ұшақ арқылы жөнелткелі жатқанда пленкалар тиелген «РАФ» көлігі өртеніп кетеді... Сөйтіп «Қызғыш құсты» түсірген негативтердің барлығынан айырылып қалған. Осылайша қанды Желтоқсанға қатысты көптеген деректі кадрлар да өртке оранады.
Желтоқсанда ықпаған, ерлік туын жықпаған батыр да парасатты ұрпақтың Тәуелсіздік үшін ашық алаңға шыққан қаһармандығын баяндайтын туындылар тек қана кинотеатрлар мен телеарналардан ғана  көрсетілген жоқ. Театр сахналарында да көрермендерге ұсынылған дүниелер аз емес. 
Осындай қойылымдардың бірі –  Сәбит Досановтың «Тозақ шеңбері» драмасы. Бодандық бұғауын бұзғысы келген қазақ жастарының қилы тағдырын қоғам қасіретімен үндестіре жеткізетін бұл туынды бірнеше театрда сахналанды.  «Қыз мұңы» спектаклінің тақырыбына қарап  махаббаттың машақатына түскен бір кейіпкердің оқиғасы деп ойлауыңыз мүмкін. Алайда, мұнда ар мен намысты ту еткен кейіпкердің ақиқат үшін күресі мен ойда-жоқта оянған сырлы сезімі айтылады. Қойылым Желтоқсан оқиғасы кезіндегі жастар өмірінен сыр шертеді. 
Тағы бір деректі картиналардың бірі – Жаңабек Жетіруовтың «Желтоқсан алауы» жобасы. Авторлар шындықты барынша ашып көрсетуге тырысқан. Картина сол күндерді өз көздерімен көріп, шеруге қатысқан азаматтардың естеліктеріне және архивтегі фото-видеоматериалдарға негізделген.
Жалпы, Желтоқсан оқиғасына байланысты прозалық, поэзиялық  туындылар дүниеге келіп, 4-5 фильм де түсірілді. Бірақ, Желтоқсан туралы айтылар шындық, ашылмаған құпия әлі көп. Жоғарыда атап өткен фильмдердің халыққа толық жетпей қалуы бөлек әңгіме.   

Пікір қалдырыңыз