Өмірі өнегеге толы

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен үздік жетістіктері және елге сіңірген еңбектері үшін Түркістан облысында бірнеше азамат марапатталған болатын. Марапатталғандардың арасында ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеп жүрген Пернебай Арынов та бар. Сауран ауданындағы «Қызыләскер» орта мектебінде география пәнінің мұғалімі болып қызмет атқаратын ол «Шапағат» медалімен наградталды. Ұстаздар қауымының төл мерекесі қарсаңында Пернебай Арыновтың еңбек жолына үңілген едік. 

Пернебай Сапарбайұлы 1966 жылы Шорнақ ауылында дүниеге келген. Дәл қазір өзі қызмет ететін мектепте білім алған. Ол болашақта ұстаз боламын деп мүлдем ойламаған екен. Мектеп бітірген соң  Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтының Алматы филиалына оқуға түсіп, 1991 жылы инженер-технолог мамандығын алып шыққан.
Қолына диплом тиген соң Түркістан қаласындағы «Былғары» өндірістік кооперативіне технолог болып орналасады. 1994-2000 жылдары осы кооперативте жабдықтаушы қызметін атқарған. Өндірісте еңбек ете жүріп,  Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің тарих-география факультетіне оқуға түсіп, педагог мамандығын алып шығады. 2001 жылдан бері «Қызыләскер» жалпы орта мектебінде география пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарып келеді.
– Пернебай Сапарбайұлы – жоғары санатты ұстаз.  Мектептегі жұмыс барысында ол өзін білімді, шығармашыл ұстаз ретінде көрсете білді.  Мұғалімнің сабақтары логикалық бірізділігімен, сабақтың барлық кезеңдерінде жұмыстың әдіс-тәсілдерінің сан алуандығымен ерекшеленеді, Оның сабақтары проблемалық-ізденіс сипатқа ие. Мектепте арнайы жабдықталған география кабинеті бар. Ол 26 рет аудандық, облыстық, республикалық байқауларға қатысып, мектеп мерейін асырып, еңбек жолында көптеген жетістіктерге жеткен, – дейді аталмыш мектептің директоры Қ.Қалиев.
Ұстаздың еңбегі шәкірттерінің жеткен жетістігімен бағаланады. Пернебай Арынов тәрбиелеген 50-ге жуық шәкірт облыстық, республикалық пәндік олимпиадаларда жүлдегерлер қатарынан табылған. 
Оның география пәні мұғалімдерінің аймақтық конференциясында қорғаған «Түркістан облысының географиялық орны мен шекарасы» атты ғылыми жұмысы әріптестері арасында жоғары бағаға ие болды. 
Үздік ұстаздың жары Айсар Тұмарбекова да мұғалім, «Қызыләскер» жалпы орта мектебінде математика пәнінен сабақ береді. Қос ұстаздан туған перзенттің де ұстаз болуы заңдылық шығар. Қызы Сымбат Сапарбай Алматы қаласындағы мектеп-гимназияда мұғалім. 
Пікір қалдырыңыз