Үш ауысымды мектеп: проблема шешіледі!

Бүгінгі таңда Ордабасы ауданында 68 мектеп, 41  балабақша мен 2 Оқушылар үйі жұмыс істеп тұр. Биылғы оқу жылында ауданда 38 мың оқушы білім алуда. Сондай- ақ, аудан көлемінде 6 мектептің құрылысы жүргізіліп жатса, оның төртеуі биыл пайдалануға берілмек. Бұл туралы Ордабасы аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Рабаева Шұға Тұрмахамбетқызы айтып берді.

Атап айтсақ, Төрткүл елді мекенінде салынып жатқан 300 орынды білім ошағының құрылысы 2020 жылы басталған. 900 млн. теңгеден астам қаржы қаралған мектепті «Build Stroi» ЖШС тұрғызуда. Құрылыс жұмыстарына қырыққа жуық жергілікті тұрғын тартылған. Ал, Дербес ауылында салынып жатқан С.Мұқанов атындағы 300 орынды мектептің құрылысы жыл соңында аяқталып, оқушыларды қабылдайтын болады. Сонымен қатар, 2021 жылдың шілдесінде басталған Қараспан елді мекеніндегі «Мақташы» мектебінің де құрылысы аяқталуға жақын. Дәлірек айтсақ, қараша айында мектеп ғимаратын ел игілігіне беру жоспарланған. Дәл осы уақытта Шұбар ауылдық округі, Аққойлы ауылында салынған 100 орынды «Ақбастау» мектебі де пайдалануға берілмек. Ал, халқы 50 мыңнан асатын Шұбар ауылындағы 600 орынды мектеп пен Төрткүл ауылдық округінің Қызылжар елді мекенінде салынып жатқан «Қызылжар» мектебі 2023 жылы жаңа оқу жылының қарсаңында оқушы қабылдайтын болады. Бөлім басшысының айтуынша, аталған құрылыс жұмыстары аяқталған соң  аудандағы 3 ауысымды мектептер проблемасы түбегейлі жойылады.
Өткен оқу жылында аудан бойынша 1845 түлек мектеп бітірсе, 1500-ге жуық оқушы жоғары оқу орнына түскен. Олардың 586-сы мемлекеттік грант иегері атанған. Нәтижесінде білім сапасы 75,2 пайызды құрап, өңірдегі үздік бестіктің қатарына енген. Ал, биылғы оқу жылында бірінші сыныпқа 3700 оқушы қабылданып, бұл көрсеткіш өткен жылғыға қарағанда 400 оқушыға көп болып отыр. 
– Қазіргі таңда еліміздің білім беру саласындағы ең күрделі проблема – сағат мәселесі болып отыр. Оған дене шынықтыру пәнінің бөлініп оқытылмайтындығы, өзін-өзі тану пәнінің стандарттан алынуы әсер етіп жатқанын бәріміз көріп отырмыз. Десе де, аудан мектептерінде осы проблемаға қатысты жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, өзін-өзі тану пәнінің мұғалімдері ендігі кезекте жаңадан ашылған кәсіптік білім беру пәнінен сабақ беретін болады. Сондай-ақ, талапқа сай келетін мұғалімдер бос тұрған оқу, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлардың қызметіне тағайындалып жатыр. Одан бөлек, бастауыш сынып оқушыларына арнап шахмат үйірмелерін ашып, шахматты меңгерген дене шынықтыру пәнінің мұғалімдерін үйірме жетекшісі етіп бекіттік. Жалпы, біздің сапалы білім беруден кейінгі міндетіміз – қызметкерлерді жұмыссыз қалдырмау, – дейді бөлім басшысы.
Өткен оқу жылында ордабасылық оқушылар бірқатар жетістіктерге қол жеткізген. Мәселен, «Достық» жалпы орта мектебінің 6-сынып оқушысы Мұхтарова Гүлнұр Түркияның Алания қаласында ментальды арифметикадан ұйымдастырылған халықаралық олимпиадада 11-13 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында өткен «Junior Kids» сайысында 5-6 қатарлы есепті барлық формула бойынша шешіп, жеңімпаз атанған. Осылайша Суярбаева Эльмира есімді математика пәнінің мұғалімі дайындаған оқушы Дубай қаласында өтетін халықаралық олимпиадаға қатысуға жолдама жеңіп алған. Сонымен қатар, Алматы қаласында өткен халықаралық «Атадан – мұра» байқауында «Бәйтерек» мектебінің 9-сынып оқушысы Сейдуалы Айзада және Шымкент қаласында өткен халық- аралық конкурста вокал жанры бойынша М.Х.Дулати атындағы мектептің 4-сынып оқушысы Мергенбай Саян бірінші орынды иеленген. Одан бөлек, ордабасылық өрендер республикалық деңгейдегі «IQANAT-2022», «Мың бала» ұлттық зияткерлік турнирінде, «Елбасы медалі» – жастарды кешенді дамытуға бағытталған ұлттық деңгейдегі бағдарламасында, «Жас ғалым–2021» ғылыми-жобалар байқауында топ жарған. Сонымен бірге, АҚШ-та өткен «American Edition» халықаралық өнер байқауында ұрмалы аспаптар үйірмесінің оқушысы Айнабек Диас І орынды иеленген. Бұдан бөлек те аудан оқушыларының білім, өнер және спорт саласындағы жетістіктері қомақты. Жалпы, Ордабасы ауданында оқу-ағарту саласына қатысты проблемалардың оңтайлы шешімін тауып жатқанына қанығып, оқушылардың биік белестерді бағындырып жүргеніне қуанып қайттық.

Б.Мейірханұлы.
Пікір қалдырыңыз