Көңілге жинап қайтемін мұңды...

Ербек Бакиев – мүгедектердің «Шалқар шабыт» қоғамдық бірлестігінің төрағасы. «Жас жаным құштар ақ таңға», «Тағдырыма тәнтімін», «Өмірге ғашық жүректер» жинағының авторы. Отбасылы, екі баланың әкесі. «Оңтүстік» телеарнасынан көрсетілетін «Ізгілік мекені» телехабарының жүргізушісі. 


Жанардың жасын сүрттім өлеңменен

 (Алғашқы жырлардан)


Өмірде мынау тағдырлар түрлі таралған, 

Сәулелі күнге құштар боп бәрі жаралған.

Шуақты шала, өмірді көріп әлсіздеу,

Қаншама жандар көз жасын төккен жанардан.


Тартылып теңіз толқыны тоқтап қалғанда.

Тосқауыл қойып ойдағы сансыз арманға.

Таңбасын салды тағдыр да менің көзіме,

Жарықты шала көрсетіп маған жалғанда.


Сонда да менің кеудемде үміт маздаған,

Болса да мұңды көзімде жара аздаған.

Өмірге айтар сырым да алуан сан түрлі,

Жырым да шексіз қағазға әлі жазбаған.


Жүректің шырқап еріксіз келген термесін,

Көңілдің түріп келемін үміт пердесін.

Алладан сұрап тілеймін келер сәбиге,

Оларға енді  жарықсыз ғұмыр бермесін.


Жарықты ғұмыр сыйласын Алла шуақ күн,

Бастауын ашып, кәусарын шашып бұлақтың.

Маңдайға жазған сынақты мен де көтеріп,

Жанардың жасын өлеңмен сүртіп құрғаттым.


Арманға  жалғап өмірім бақыт арнасын,

Ғасырға қосып жылымды жырлар жалғасын.

Жүректен туған сезімге толы өлеңді,

Аққулар алып теңізден көкке самғасын.


Тағдырлас достар түңілмей мынау жалғанда,

Талпынып алға созайық қолды арманға.

Келешек күнге үмітпен басып қадамды,

Ізгілік жолмен жетейік аман ақ таңға.


Өмірдің көгін шалқыған шабыт шарласын,

Өлеңді тұман, сезімді күдік шалмасын.

Жүрекпен көріп жалғанның жарқын бейнесін,

Көкейден ұшқан үміттер көкке самғасын.


Моншақтай етіп жанардың төгіп әр жасын.

Несіне досым көңілге мұңды артасың?

Бәріміз енді Тәңірге тілек етейік,

Тағдырдың дағын сәбиге қатты салмасын.


Ұмтылыс


Бойымды билеп тылсым күш деген

Тыныштық бермей жаныма,

Өмірге деген ұмтылыспенен

Қараймын күліп таңыма


Армандарды алға жетелеп жүрген

Бойдағы қуат ұмтылыс.

Сезімге толы құштарлық пенен

Санамда туды сілкініс.


Талапты берген жаратқан Алла 

Жаралған әрбір пендеге.

Ойға алған алуан армандар барда

Тоқтап қаламын мен неге?


Мақсат қойып, келер күндерге

Тұратын ылғи ұмтылыс.

Жанып тұрғанда үміт кеудемде,

Болмауы тиіс іркіліс.


Асқақ шыңдарға аттандырады,

Мендегі асау құлшыныс.

Шақтарда нұрдың жанған шырағы,

Таусылған сонда-ақ күрсініс.


Ұмтылыс барда шабыт бер Алла, 

Өмірдің көшін жырлайын.

Қадамды басып үміт пен алға,

Өзіңнен медет сұрайын.


Шамам келгенше ұмтылам алға,

Өмірдің өзі талпыныс.

Қорғаймын ойды құртып алмауға

Тарылмас үшін бар тыныс.


Бес күндік жалғанда


Көңілге жинап қайтемін мұңды

Ұмтылам асқақ арманға.

Шүкір етемін қарсы алып күнді,

Бес күндік мына жалғанда.


Тағдырлар талай ғұмыр кешуде,

Жанарсыз, қолсыз, аяқсыз.

Демейді бірақ олар ешкімге,

«Өмірім мәнсіз баянсыз»


Шүкірлікпенен қанағат қылар,

Қолында барын тең бөліп,

Қара мен ақты саралап тұрар,

Жақсылық жағын жөн көріп.


Әр сәтін күннің бағалайықшы,

Бақытқа балап барынша.

Келмес бұл уақыт айналып кері,

Қайталап көңіл сағынса.


Сыйластық қалсын санада мәңгі

Бауырлар, достар, адамдар.

Қосылып бірге шырқайық әнді,

Қарсы алсын жарқын замандар.


Салынып мұңға азабын тартып,

Жабырқамасын жас көңіл,

Қадірлеп барды жүрейік шалқып,

Берілмес бізге басқа өмір.


Сағындым

            

Ақтарып тағы дара сырымды.                

Сағындым сонау бала күнімді.

Қуанып қатты анама келіп,

Оқып беретін жаңа жырымды


Бал күндер ұзап, балалық қалды.

Кезуді қойдық дала, қырларды.

Тіршілік туды кезегін тауып,

Тағы да міне жаңартып таңды.


Сағындым сол бір ғажап көктемді 

Күніме шуақ сыйлаған мәнді.

Оралтып ойға самал өпкенді,

Өткен күнді аңсап қиналам тағы.


Сағынған сәтте өткен өмірді,

Аттанып кетем ауылға қарай,

Жайнатып алып көктем көңілді,

Құшақ ашамын бауырға талай.


Сағынған шақта өткен уақытты,

Ауыр ойларға кіріп кетемін.

Сұрамасам да көктен бақытты,

Келер күндерден үміт күтемін.


Ауылға барып анамды көріп,

Марқайып қалам ерекше мәз боп.

Сен жүрсең ана батаңды беріп

Жүремін мен де жайқалған жаз боп.


Шырқайтын бірге армандастарды,

Сағындым балғын бала достарды.

Өз басын күйттеп тірлікте жалған

Бәрі де жаймен қала бастады.


Сағыныш тербеп санамды бүгін,

Тулатты бойдан қанымды.

Кезсем де тұтас ғаламды бүтін

Тыныштандыра алмадым жанымды.


Ауылға барып апта соңында,

Шаттықтың шамын жағып қайтайын.

Үміт гүлімен бақ та солуда

Сағынышымды басып қайтайын,

Арнаға сыймай тасып қайтайын.

7.02.2018 жыл.


Күзгі үміт


Қиялымды келешекке жүздіріп,

Ойларымды ақылменен қыздырып.

Тебірене көкейімді тербеткен,

Өзің бе едің жарқ-жұрқ еткен күзгі үміт?


Үмітім бар өн бойымды кернеген.

Сол үшін де бақыттымын жерде мен.

Жұлдыз тұрса өз аспанын жайнатып,

Өмірімді мен өлеңмен тербетем.


Қарсы тұрып қадам басып өткелге,

Талпынасың күзгі үмітім көктемге.

Жетелейсің мені дәйім бақытқа,

Кейде көлге, кейде шалғын көк белге.


Қоңыр күзде қоңыр салқын жел ессе,

Мені тағы сүйрелейсің белеске.

Күзгі үмітім нұрлы күнге жол баста,

Айналмашы сағынышты елеске.


Балапанға ақ үмітін арнамай,

Қарлығаш та ғұмыр кешпес самғамай.

Құс та болса жақсылықты аңсайды,

Үміт деген тәтті екен ғой жалған-ай.


Кеудемізде шаттығымыз тарқамай.

Туар әлі жадырап күн, таң талай.

Келер күнгі сеніміме сәуле сеп,

Күзгі үмітім жүрегімді алдамай.


Өмірге құштармын


Әніне ғашық боп құстардың

Ойымды жырменен ұштармын.

Талпынам шаттықтың шыңына,

Өйткені өмірге құштармын.


Алтын күн нұрынан күш алдым.

Барынша бақытты құшармын.

Асқақ шың төріне ұмтылам,

Өйткені өмірге құштармын.


Қиялмен қияға ұшқанмын.

Сан ойды санамда ұстармын.

Сәт сайын биікке тырмысам.

Өйткені өмірге құштармын.


Бас ием жаратқан Тәңірге.

Өкпе мұң жинамай көңілге.

Ертеңге қараймын үмітпен,

Құштармын өйткені өмірге.


Өмірдің сүйемін әр таңын.

Ақ таңнан оянған арманым.

Құштарлық сезіммен ұғынам,

Әр күнде ерекше мән барын.


Бұлттанып батса да күндерім.

Ұйқысыз өтсе де түндерім.

Өлшеусіз құлшыныс көңілмен,

Өзіңе шын құштар жүрегім.


Зымырап соқса да сағатым.

Тар жолда талса да қанатым.

Әрдайым тек алға беттеймін.

Мен емес тоқталып қалатын. 

Өйткені өмірге құштармын.


Зағип жандар 


Көзсіз көріп өмірдің тіршілігін.

Табиғаттың көп тыңдап тылсым үнін.

Ғұмыр кешіп келеді зағип жандар,

Қатар алып тәуба мен құлшылығын.


Жалған күнде әркімді сынақ күтер.

Мақсат күтер асқақ шың мұрат күтер.

Жанарсыз да жүрекпен жарық сезіп,

Талай тағдыр тірлікте жылап-күлер.


Қуат алып шуақ күн жылуынан

Сәуле тауып сезімнің сұлуынан.

Алға қарай Алла деп талпынамыз,

Дін исламның сусындап тұнығынан.


Шомылдырып иманның шаттығына.

Бөлендіріп тазалық бақытына.

Сыйласаң да беу дүние қараңғылық,

Жеткізе көр жәннаттың жарығына.


Сынақ салар маңдайға жаратқаным.

Көзбен көру бақыт қой таң атқанын.

Зағип жандар білсем деп ұмтылады,

Сансыз сырдың ақтарып парақтарын.


Жарқын жүзбен көп қарап күліп таңға.

Өмір көште сүйрейміз үмітті алға.

Татулықпен жарасып тағдырластар

Ұмтылады биікке бірлік бар да.


Қолды созсаң айды да жақын дерсің.

Сәуле сезсең бұл да бір бағым дерсің.

Жетем десең арманның ақ шыңына 

Күш қуатты әрдайым Тәңір берсін. 


Ұмтылайық тек алға


Мына бес күн жалғанда көңіл көкке шалқысын,

Жүрегінде жалыны мол жастық сезім шарпысын.

Тағдыр түрлі болғанымен арман мұңы тоғысқан ,

Пейілі кең, жаны жайсаң асыл достар армысың.


Мол сеніммен үміт артып келер күнге, таңдарға 

Талаптанып, қол жеткізіп асқақ шыңды арманға

Ақиқат пен адалдықты серік етіп әрдайым,

Тек шынайы күн кешейік өзі алдамшы жалғанда.


Өмір бізді тербетеді шаттықпен де мұңмен де.

Тәуба дейік адам болып жер бетінде жүргенге.

Қиындыққа қарсы тұрып алға қадам басайық,

Қымбат өмір әрбір сәті шын түсіне білгенге.


Тәңір берген пендесіне сыйлығы мен сынағын.

Нәзік жүрек бәріне де сабырлықпен шыдағын.

Өмір бар да қуаныш пен қайғы-мұңы тең жүрер,

Бірде бұлтты, бірде бұлтсыз туар солай мына күн.


Бірақ достар ешқашан да арманыңнан айныма.

Мықты болшы билетпеші ой-сананы қайғыға.

Өзімізге медеу болып рух беретін өзіміз.

Ең бастысы адамшылық мінезіңнен тайқыма.

Күліп келер бақыт алдан болашаққа сенейік

Тәуекелмен тауқыметтің қиындығын жеңейік

Аппақ таңның шапағатын, шаттығы мен ақ нұрын,

Жақсылығын Жаратқанның жүрекпенен көрейік.


Сан салалы жолдарында бұл өмірдің сүрінбей,

Мұңға батып, өкпелеп құр, босқа жылап түңілмей.

Күн нұрынан қуат алып, тік көтеріп еңсені,

Ұмтылайық тек алға біз  жарқын жүзбен күлімдей. 


Жаратушы  бір Алла


Сыйға тартқан  тіршіліктің  барлығын,    

Айлы түн мен шуақты күн, таң  нұрын.

Ауызға алсам жаратушы Алланы,

Ұмытылар бойымдағы бар мұңым.


Үміттерді келер күнге жалғанған,

Өзі берер  несібеден  танбаған.

Құлшылықпен тілек етіп барынша,

Сыйынамыз, сый күтеміз Алладан.


Опа бермес жалған өмір ешкімге,

Қайыры бар, жарық күн мен  кештің де,

Пенде жүрек адалдықтан айнымай,

Құлшылықпен амал жаса, бес күнде.


Алла жалғыз, елшісі оның  Мұхаммед,

Пайғамбардан бізге жеткен Құран кеп.

Түсінейік  жарқын болса жүзіміз,

Тәңір берген имандылық нұрдан деп.


Тәңір берген  тәуелсіздік таңында,

Жұпар шашып жайнап тұрған бағында.

Ей, мұсылман, мәңгі бақи серік ет,

Иман менен исламды жаныңа.


Қазақ  елім жамандықты көрмесін,

Әр кеудеде азан әні кернесін.

Шапағатпен мейіріммен жер бетін,

Тәңір ием шаттығымен тербесін.


Салсаң-дағы талай  түрлі  сынаққа,

Алсаң дағы  ақыретте  сұраққа.

Хақ тағала өз пендеңе нәсіп ет,

Ықыласпен  жетуіне жұмаққа.


Тарқамағай  салқын самал таңғы леп,

Көрер жанның келер күнін жарық ет.

Таңда туған тілегім мен жырымды

Жаратушы тәңір ием қабыл ет.


Жарқырай бер, ЖАҢА КҮН!


Басталды тағы жаңа күн

Оянды міне, тіршілік.

Жарықты көріп жанарым,

Жасадым тағы құлшылық.


Сыйласын бізге жаңа күн.

Ізгілік нұрын шаттығын.

Тұрғыны ауыл, қаланың,

Оралсын сізге бақ бүгін.


Жалғасын тапсын жаңа күн

Мақсатпен ғұмыр кешеміз.

Тек алға басып қадамын.

Есейіп күнде өсеміз.


Жарқырай бер жаңа күн

Таратып ырыс-береке,

Жалғатып өмір санағын,

Бола берсін мереке.


Шуақ шашсын жаңа күн.

Шарықтасын азат үн.

Нұр сәулесі тарасын,

Қайырлы күн, қазағым.


Әр күннің орны бір бөлек.

Өтеді өмір дөңгелеп,

Жаңа күнде ырыс бар,

Оянайық ертерек.

Пікір қалдырыңыз