Ясауи жолы ешқандай да жойылып кеткен жоқ

Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың халықтың рухын көтеру бағытындағы іс-әрекеті үнемі қарсылыққа тап болып отырды. Сондықтан оның саналы ғұмыры қарсыластарымен арпалыста өтті. Бұл туралы 13-хикметте мынадай жолдар бар:
«Ей, достар, наданменен үлпат болып,
Бауырым күйіп, жаннан тойып, өлдім, міне.
Тура айтсам, қисық жолға мойнын бұрып,
Қан жұтып, қайғы зәріне тойдым, міне.
Наданмен өткен өмір тозақ қатар,
Надан барса, тозақ та болар азар.
Наданменен тозаққа қылма сапар,
Надандармен қазан ұрып солдым, міне.
Дұға қылғын надандардың жүзін көрмен,
Хақ Тағала жар болса, бір сәт тұрман,
Беймар болса, надандардың халін сұраман,
Надандардан жүз мың жапа көрдім, міне».
Осы хикмет жолдарынан-ақ біз Ясауи бабамыздың өз замандастарынан қаншалықты зорлық-зомбылық көргенін аңғарамыз. Әр шумаққа жеке-жеке тоқталып, мазмұнын тарқатып айтудың қажеті жоқ. Тек бір ғана «Надан барса, тозақ та болар азар» деген жолдың мағынасына үңіле кетейік. Мұнда надандардың пейіш түгіл тозаққа да лайықты еместігі айтылып отыр.
Қожа Ахмет Ясауи бабамыз рухани әлем мен адамзат арасындағы байланыстың болуы мүмкін емес деп есептейтін діндарлармен де арпалысты. Ол өз дәуіріндегі діндарлардың қандай бағытта жұмыс істегенін 9-хикметінде былайша суреттеп береді:
«Үш жүз молда жиылып үкім айтты,
Шариғат қой жазайын мен де жайтты.
Тариқатта, хақиқатта Хақ қолдауы,
Басым беріп, Хақтың сырын білдім, міне.
«Ана ал-Хақтың» мағынасын білмес надан,
Дана керек бұл жолдарда пәки мардан,
Есті құлдар Хақ жадын дейді – Жанан,
Жаннан кешіп Жананды сүйдім, міне».
Бұл хикмет жолдарында Ясауи бабамыз діндар-молдалардың руханияттан мүлде хабарсыз екендігін, олардың «дін» деп араб дәстүрлері негізінде қалыптасқан шариғатты түсінетінін меңзеп отыр. Оларға 20-хикметінде мынадай баға берген:
«Ғылым екеу – тән мен жанға басшы болар,
Жан ғылымы Хұзырына жақын тұрар,
Махаббат шарабынан ішіп тұрар,
Ондай ғалым нағыз ғалым болар, достар.
Тән ғалымы залымдарға ұқсас болар,
«Барәат» аятында хабар берер,
Тозақ ішінде тынбай-ылғи күйер болар,
У мен зәрді ішіп ылғи достар.
Құл Қожа Ахмет ғалымдарға қызмет қылғын,
Ғалымдардың сөзін есітіп, амал қылғын,
Амал қылып, Хақ жолында жаның бергін,
Амалсыздар дидарын көрмес достар».
Осы хикмет жолында Ясауи бабамыз рухани әлем мен адамның рухани болмысы арасында болуға тиіс байланысты қамтамасыз ете алмаған молдалар дін атынан сөйлеуге қақысы жоқтығын Құран аятына сүйеніп жеткізуге тырысқан. Сонымен қатар, ол Құран аяттарын негізге ала отырып, әр халықтың өзінің көнеден келе жатқан салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сақтап қалуға құқылы екендігін айтады. Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың бұл ұстанымы түркі халықтарының дәстүрі мен мәдениетінің қайта жандануына мүмкіндік берді.
Қожа Ахмет Ясауи бабамыз өзінің басты шығармасы «Диуани Хикметті» «дафтари сани» деп атады. Бірінші дәптер – шариғат. Шариғат адамның физикалық болмысының қажетін өтейтін қағидалар жүйесі. «Дафтари сани» – тариқат. Тариқат – адамның рухын Алламен байланыстыратын ғылым жолы. Ясауи бабамыз тариқат жолына басымдық беріп, бұл жолды адами болмысты сақтап қалудың басты тетігі деп түсінді.
Реті келгенде айта кетейік, соңғы 15-20 жылда елімізге сырттан түрлі діни ағымдар мен адамды рухани тұрғыдан азғындататын топтар келіп, халықтың рухани тұтастығын бұзуға әрекеттенді. Мұндай жағдайда «Бұл тығырықтан шығар жол қайсы?», «Не істеуге болады?» деген сұрақтардың қойылуы заңды. Ең бастысы, бұл тығырықтан шығудың басты жолы – Алла мен адамзат арасындағы байланысты қайтадан қалпына келтіру. Ол үшін Ясауи жолына қайтадан бет бұру керек. Ясауи жолы кейбіреулер айтып жүргендей жойылып кеткен жоқ.
Зікірия ЖАНДАРБЕК,
тарих ғылымдарының кандидаты, ясауитанушы.