Су батырлықты көтермейді...

Дәулет Тұрсынұлы, «Ońtústik Qazaqstan».
Қазір суға түсу маусымының нағыз қызған шағы. Апталап тұрып алған кешегі аптап ыстықта жасымыз да, жасамысымыз да бассейндер мен өзен-көлдерді жағалап кеттік. Десек те, суға түсу маусымы басталғалы қауіпсіздік ережесін сақтамай, соңы қайғымен аяқталып жатқан оқиғалар аз емес. Былтыр облыс бойынша 48 адам суға кетсе, биыл жыл басынан бері 31 адам ажалын осы бір тілсіз жаудан тауыпты. Оның 23-і кәмелет жасына толмаған балалар. Сақтық шаралары жайлы мамандар жиі түсіндірме жұмыстарын жүргізгенімен, нәтиже мардымсыз. Жаздың қалған айын дәл осы «қарқынмен» өткізсек, былтыр талай үйді қан жылатып кеткен қайғылы сан тағы оралып соғатындай.
Біз дәл осы іске тікелей қатысы бар болғандықтан, Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаментіне қарасты суда құтқару қызметінің мамандарына жолыққан едік. Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Бекжан Құрмаштың айтуынша, өңір бойынша екі құтқару стансасы жұмыс істейді екен. Алайда, бұл стансалар бүкіл облыс аумағын қамти алмайтын көрінеді.
– Мәселен, Түркістандағы станса облыс орталығындағы демалыс орындарын, Сауран, Ордабасы, Бәйдібек, Созақ аудандары мен Кентау қалаларын қоса қамтуы қажет. Бірақ, адам өміріне қауіп төнген кезде, оның тағдырын бар болғаны 5-10 минут қана шешетінін ескерсек, құтқарушылар көмекке келіп үлгереді дегенге сену қисынсыз. Өкінішке қарай, көбінесе іздестіру жұмыстарына ғана қол ұшын созып жатамыз, – дейді ол.
Оның сөзінен ұққанымыз, құтқару қызметі кез келген жерде суға түсіп жүрген адамға көрсетілмейді. Суға шомылып, өзіңізді қауіпсіз сезінгіңіз келсе, тек ресми тіркелген демалыс орындарында ғана суға түскеніңіз жөн. Өйткені, ереже бойынша арнайы шомылу орындарының маңында құтқарушылар қарауылдап жүруі тиіс.
Бекжан Құрмаштың айтуынша, облыс көлемінде 27 ресми тіркелген шомылу орны бар екен. Оның 16-сы жеке кәсіпкерлерге тиесілі демалыс аймақтарындағы бассейндер болса, қалғандары өзен-көлдер мен су қоймаларының жағасынан коммуналдық жағажайларға арналып алынған орындар. Оның сөзін тыңдап отырып, суға кету оқиғаларының жиі орын алуына шомылу орындарының аздығы себепкер ме деген де ойға қалдық. Егер арнайы шомылу орындарының саны көп болса және олардың барлығы құтқарушылармен қамтылса, кісі өлімі осынша жиі тіркелмес пе еді...
Маманнан сол санаулы ғана орындардың жағдайы туралы сұрағанбыз. Бақсақ, ол орындарда да түйіні тарқамаған түйткілдер көп екен.
– Біз шомылу маусымы басталмас бұрын шомылу орындарының қауіпсіздік ережелеріне сәйкестігін тексеріп шығамыз. Ескертпе белгілердің қойылуын, су астының тазалығын, денені жарақаттайтын қатты заттардың болмауын, құтқару қызметімен қамтамасыз етілуін есепке аламыз. Мұндай тексерулер маусым барысында бірнеше рет жүргізіледі. Дегенмен, кемшіліктер анықталған жағдайда өз тарапымыздан әкімшілік шара қолдана алмаймыз. Тек орын алған ағаттық жайлы нысан иесіне ескертеміз. Ал, жай ғана ескертпеге екінің бірі құлақ аса бермейді. Қолымызда айыппұл салатын пәрмен болса, сөзіміз өтімді, ісіміз тындырымды болар еді, – дейді ол.
Өңірдегі су қоймаларының санитарлық талаптарға сәйкестігін білу үшін облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментіне хабарластық. Департамент өкілдерінің айтуынша, жыл басынан бері Түркістан облысындағы ашық су көздерінің сапасын анықтау мақсатында І-санаттағы су көздерінен 112, ІІ-санаттағы ашық су көздерінен 190 рет микробиологиялық зерттеуге сынамалар алынған.
– Нәтижесінде, ІІ-ші санаттағы су көздеріне жататын Жетісай ауданындағы «Достық» каналынан, Мақтаарал ауданындағы Сырдария өзенінің суынан колифак, лактозиялық ішек таяқшалары табылып, микробиологиялық көрсеткіштерінен оң нәтиже анықталды. Сонымен қатар, облыста 60-тан аса бассейндер мен бір ғана Шардара маусымдық жағажайы жұмыс істейді. Жағажайдың су құрамы ай сайын тексеріліп отырады. Жыл басынан бері 140 сынама алынып, ешқайсысынан оң нәтиже анықталған жоқ. Ал, аквапарктегі бассейндер жеке кәсіпкерге тиесілі болғандықтан, оларды 3 жылдық мораториге байланысты тексере алмаймыз. Десе де, бассейндердегі санитарлық талаптардың сақталуы бойынша түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп отырады, – дейді департамент өкілдері.
Айта кетейік, облыстағы ашық су көздері 2 санатқа бөлінеді. І-ші санаттағы су қоймаларына шаруашылыққа пайдаланылатын су объектілері жатқызылса, ІІ-ші санаттағы су қоймасына жаппай демалу, туризм және спорт үшін пайдаланылатын, сондай-ақ, ауыл маңында орналасқан су объектілері жатады. Түркістан облысында бірінші санаттағы – 6, екінші санаттағы 26 ашық су көздері бар.
Құзырлы орынның мәліметіне сенсек, облыс аумағында жұртшылықтың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесі өз шешімін тапқан. Осыған көз жеткізу үшін Темірлан ауылы маңындағы Арыс өзенін аралап қайттық. Біз барғанда, шомылу орнында тіршілік қайнап жатыр екен. Құлақ тұндырар әуендер, қараусыз қалған балалар, адам көлеңкелеуге арналған шатырлардың түбін «паналаған» қымбат көліктер, топтасып тост көтеріп жатқан көңілді топтар... Әрегідіктегі «суға түсуге тыйым салынады» деген ескертпені елеп жатқан ел шамалы. Жайбарақат шомылуға бара жатқандарды да, ескертпені оқып, кері қайтқандарды да жанарларымен ұзатып салып, күзетшілер тұр.
– Балаларымыз жаз басталғанда өзен жағасынан шықпайды, – дейді Айнұр есімді Темірлан ауылының тұрғыны. – Кейде бұл жерге отбасымызбен келеміз. Алайда, кішкентай балаларды көзден таса етпеуге тырысамыз. Олар суда жүзе алмайды, қолдарынан ұстап, өзіміз үйретеміз. Өзен жағасында тұрған соң қорыныш та жоқ емес. Балаларымыз ес біліп, есейгенде өзенге достарымен бірге барып, ойнап жүріп қауіп-қатерге душар бола ма деген уайым басым. Достарының «алысқа жүзе алмайсың» деген сөзіне намыстанып, қаншама баланың суға кеткенін көріп жүрміз. Расында, бір кездері дәл осындай оқиғалар да орын алған. Ойнаймын деп от басып, абайсызда ажал құшқандар да болды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қайғылы жағдайлар орын алмас үшін судағы қауіпсіздік ережелерін үнемі ескеру қажет екенін алға тартады. Егер балалар жүзу білмесе, белден жоғары деңгейдегі суға түспеуі қажет. Ата-аналар да балаларын қараусыз қалдырмағаны абзал. Тағы бір ескертетін жайт, суы бар жердің бәріне шомыла беруге болмайды. Асау өзеннің ағызып әкететіні я болмаса тұңғиық көлдің түбіне тартып кететін иірімі болатынын естен шығармау керек дейді мамандар. Бұған күні кеше ғана Төлеби ауданында арыны қатты Ақсу өзеніне батып кеткен үндістандық екі студенттің қазасы дәлел. Жалпы айтқанда, «Сақтансаң ғана сақтаймын» деген сөзді естен шығармаған абзал.