Төңкерістегілер тыным таппайды

Сабырбек Олжабай, «Ońtústik Qazaqstan».

Төлеби ауданы, Қаратөбе ауылдық округінің ең шеткі елді мекені Төңкеріс деп аталады. Осы ауылдың іргесіне застава  орналасқан.  Одан әрі өтсеңіз Дарбаза аталатын көрікті орын бар. Дарбаза десе Дарбаза. Осы жерден әрі өте алсаңыз арғы жағында қырғыз ағайындар айылы менмұндайлайды. Алатауды қақ жарып аққан өзен Балдыберек аталады. Тастан тасқа секіріп көпіршіп ағып жатқан өзеннің арыны қатты, ту жылқыны ағызып әкетеді.
Міне, осы Төңкеріс ауылы алты ай қыс өзге дүниемен байланыса алмайды. Өйткені, таудың қуысында жатқан елді мекен қыс түсісімен омбы қардың құрсауында қалады. Табиғаттың осы бір дүлей мінезіне көндігіп қалған жергілікті тұрғындар қысқы азықтарын ерте қамдайды. Дәл қазір  бұл ауылдан бос жүрген адам таппайсыз: бірі мал азығын дайындап жүр, екіншісі  егінін орып жатыр, тағы бірі малына қарайды. Қазақтың күнкөрісіне жарап отырғаны қорасындағы малы мен үйіргелік жері. Ауылда осы тіршілігімен-ақ  табысты күреп таппаса да ешкімге алақан жаймай, өз шаруасын өздері дөңгелетіп отырған еңбек адамдары көптеп кездеседі. Солардың бірі – Мұхит Лесбекұлы.
Мұхиттың ауласында жеміс ағашының түр-түрі жайқала өсіп тұр. Алма дейсіз бе, алша дейсіз бе,алқоры дейсіз бе, бәрі бар. Өрік, жаңғақ, шие, нәк жылда жеміс береді. Баудан бері түссеңіз, қызанақ, қияр, қызылша, қырыққабат, ноқат, картоп, сәбіз егілген  алқапқа кезігесіз. Бақша өнімдерінің агротехникалық талаптарға сай мұқият егілгеніне тәнті боласыз. Егістіктің жүйекаралық талаптары да жақсы сақталыпты. Арнайы құбырмен әр учаскеге су барып тұр. Егістік арасындағы арамшөп мұқият тазартылған. 
– Біз қыста сыртқа, мәселен, басқа ауылдарға көп шыға бермейміз. Аудан орталығына да зәру шаруамыз болмаса, жолымыз түспейді. Қар қалың жауып, қатынас қиындағанда жаз бойы тіртінектеп дайындап алған жемшөбімізді малға беріп, оларды қыстан жүдетпей алып шығудың жолдарын қарастырамыз. Өзімізге керек ас-ауқатты үйіргелік жерден дайындап аламыз. Біздің отбасыға тиесілі 11 гектар егістік алқабымыз бар. Оған жоңышқа, арпа егеміз. Ауыспалы егіс жүйесін сақтап, кей жылдары басқа да дақылдар егетініміз бар. 4 гектар жайылымымыз  малымызға әзірге жетіп тұр. Қазір қарап отыратын заман емес. Бүгін де дала шабындығынан бір машина шөп түсірдім, – дейді бізбен әңгімесінде Мұхит Лесбекұлы.
Мұхиттың ауласында 1 «Газ-53» автокөлігі,   трактор, ауыл шаруашылығына керекті басқа да техникалар самсап тұр. Бұлардың барлығын олар өз күштерімен сатып алыпты. Бір таң қалғанымыз, Мұхиттың өзі құрап шыққан тракторы еді. Әрине, өнертапқыштық қасиеті кенеттен оянып, трактордың ешкім білмейтін жаңа түрін құрап шығарды деп айта алмаймыз. Дегенмен, адам қысылғанда тығырықтан шығар жол тауып кетеді емес пе?! Кезінде ешкімге керек болмай қалған бөлшектерді жинай жүріп, осы тракторды құрастырып алған. Бұл трактор  жазы-қысы не атқармайды десеңізші. Жазда шөп орып, жер тырмаласа, қыста ауладағы қалың қарды сыртқа тасиды. Төбеге мая-мая болып үйілген шөпті тасу да осы трактордың күшімен атқарылады. Мұхит трактордан басқа да бірқатар  ауыл шаруашылығы техникаларын осылай тиімді пайдаланады. Олардың көпшілігі өзінің шеберханасында жөнделеді.
Төңкерістік шаруалар мал өсіргенді қолайлы санайды. Өйткені, бұл аймақтың шөбі шүйгін, суы мол. Мұхиттың жаз жайлауында 2 құлынды бие, 4 бұзаулы сиыр, 6 жылқы жайылып жүр.  Мұхиттың келіншегі Лариса қос шелегін білегіне қыстырып, биелер жайылып жүрген  жерге қарай кетіп барады.
– Осы аймақтан қымыз дайындап, қалаға апарып сататындардан сұрастырсақ, барлығы бірінің ауызына бірі түкіріп қойғандай «Диқанкөлдің қымызы» деп өнімдерін мақтай жөнеледі. Мына қымыздың Диқанкөлдікінен айырмасы жоқ қой, – деп бал қымызды тамсана жұттық.
– Төлеби ауданының табиғаты тамаша ғой. Бізде шөптің неше атасы өседі. Соны жеген биенің қымызы бал татымағанда қайтеді?! Жаз бойы осы аймақта шетелдік туристер көп жүреді. Олардың арасында сирек өсетін шөптерді теріп әкететіндері де кездеседі. Мәселен, біз киікотымен сабаны, күбіні ыстаймыз. Осыдан соң қымызды ішіп көріңіз. Қымызға кейде мейіз, қойдың құйрығын қосамыз. Осыны ішіп өскен балалар қыс бойы қыңқ етпейді, – деп сөзге араласты Мұхиттың  әкесі Лесбек Әбдіраев қария.
Лесбек қария биыл сексеннің төртіне келді. Семей полигонының ардагері Лесбек ата өзінің осы күнге дейін сергек жүруін туған жердің тұмса табиғаты мен қымыздың арқасы деп біледі. Расында, мынадай жерде ешқандай да ауруға жеңілуге болмайды. Лекең осы тауда өсетін бірқатар дәрілік өсімдіктерді де біледі екен. Солардың қайсысының қандай ауруға ем екенін тамыршылардай тап басып айтып бергенде қарияның сергектігіне қуандық.  Айтпақшы, Секенгүл апамыз «Күміс алқа» иегері екен ғой. Е, бәсе! Секенгүл апамыз да қарап отырған жоқ. Лариса келінімен бірге шаруаның бір шетінде жүр. Ол өзі дайындағын құртты дастарқанға қойды. Осы құрттарды арнайы қорапшаға салып, дүкендерге өткізсе, талайлар таласа сатып әкететініне сенесіз. Өйткені, бүгінде мұндай құртты табу да оңай емес. 
Мұхит ініміздің бір ұл, үш қызы бар. Құнтақандай болса да оларға да тиесілі жұмыс бар. 
– Еңбек – адамды жетілдіреді. Біреуге тәуелді болудан құтқарады. Аш қалдырмайды. Денінің саулығына да еңбектің пайдасы зор. Сондықтан мен немерелерімнің жұмысқа ерте араласқанын жөн санаймын. Белі қатаймаса да немерелерге ауырлық түсірмейтін жұмыс бұл үйден табылады. Ал, еңбекпен өскен жан ешқашан қор болмайды, – дейді Лесбек ата.
Расында, Лесбек атаның денсаулығына қайран қалдық. Ол Дарбазаға дейінгі  он шақырымды бізбен бірге қиналмай басып өтті.
Біз «еңбек – бәрін де жеңбек» деген сөздің растығына бас иіп келе жаттық.

Төлеби ауданы.

Пікір қалдырыңыз