Шын жүйріктің бағын ашқан

Ұлас ҮСЕНБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».

Нағыз тұлпарды жабу астынан-ақ танитын атбегілердің бірі – Ордабасы ауданына қарасты Жеңіс ауылының тұрғыны Серік Қарыбай.  Іске мығым Серік аға жасынан ат баптаумен айналысады. 
– Атбегілік өнер текпен келеді. Бала кезімнен атқа қызығушылығым ерекше. Әкем мен дүниеге келген 1985 жылы үлкен көкпар берген екен. Содан бері қазығымыздан қылқұйрық үзіліп көрмепті. Әкем тоқсаныншы жылдары ат жаратып, небір дүлдүлдерді бәйгеге қосты. Әке жолын жалғап, сол кісіден тәлім алып, тәжірибесін үйреніп, ізінен ердім. Бүгінде ат баптауды қолға алып, шәкірт тәрбиелей бастадым. Қазір төрт тұлпарды көкпарға дайындап жатырмын. Бұл кәсіп біреулерге оңай көрінуі мүмкін. Бірақ, шындығында әр істің өзіне жетерлік қиындығы болады. Ат баптау оңай шаруа емес. Жылқының бабын тауып, шын ниетіңмен қарасаң ғана еңбегің жемісті болады. Сәйгүліктің құлын күнінен бабы дұрыс болуы керек, – дейді атбегі. 
Бүгінде атбегінің қолында Браслет, Көк дауыл, Месси, Домбыра қасқа деген төрт тұлпар бар. Серік ағамыздың есімі облыс көлеміне танылғанына да біраз уақыт болды. Ол баптаған сәйгүліктер көптеген жетістіктерге жетіп жүр. Осы күнге дейінгі салымын есептесек, 50 шақты уақ мал, 4 өгіз, 1 түйе ұтыпты. Бабы мен бағы келіскен сәйгүліктердің күтімі де ерекше. Серік  ағаның қорасында мұнан бөлек 48 жылқы бар. 
– Мендегі жылқылардың тұқымы әртүрлі.  Оларды күтіп-баптаудан ешқашан жалыққан  емеспін. Мен үшін жылқының жанын түсінуден асқан ләззат жоқ. Басқа жылқыларға қарағанда жүйрікте мінез болады, ол басқаша бап тілейді. Оларды тіл-көзден сақтау үшін қазақтың салт-дәстүрі де, әдет-ғұрпы да жетерлік. Біз сол ғұрыптардың бәрін сақтаймыз. 
Қазақ «алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» дейді. Ат баптау деген телегей-теңіз ілім. Ең алдымен адамға үлкен жүрек пен тәуекел керек. Бабы келіскен сәйгүлік қана топ жара алады, – дейді атбегі.
Серік  аға бүгінде жүйрік баптаудың қыр-сырын інісі Орынбасарға да үйретіп жүр. Қалай болғанда    да ұрпаққа ұлттық спортты насихаттап жүрген Қарыбай әулетінің мақсаты айқын, қадамы нық.
Пікір қалдырыңыз