Әскери-патриоттық әндер неге аз?

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Жамбыл ақынның аузынан шыққан «Ленинградтық өрендерім» атты өлеңі қазақстандықтарға ерекше күш беріп, рухтандырып, ерлікке, жеңіске жігерлендіргенін тарихтан жақсы білеміз. «Немістердің самолеттері бомба тастап жүргенде тығылудың орнына Жамбылдың жыры басылған газетті алуға көшеде кезекте тұрған адамдарды талай көрдім» деп жазыпты ленинградтық ақын Александр Прокофьев.
Дегенмен, соңғы жылдары патриотизмге баулитын әдеби туындыларды былай қойып, әскери-патриоттық әндерді де тым аз еститін болдық. «Бүгінгідей бейбіт қоғамда әскери тақырыптағы әндердің керегі болмай қалған ба, әлде композиторлардың бұл тақырыпқа тісі батпайтын болған ба?» деген сауал көптен көкейде жүр. Сонымен...
Құралай СӘТМҰХАМБЕТОВА,
ҚР Композиторлар одағының мүшесі:
– Әскери-патриоттық әндердің басқа шығармалардан ерекшелігі – жиі орындала бермейтіндігінде. Дегенмен, әрбір композитордың ән қоржынында ондай әндер бар деп ойлаймын. Мысалы, Айжігіт Асанның «Қазақ сарбаздары», Мұхан Байбосыновтың «Қазақ елі», менің «Ардагерлерге тағзым» , «Жасай бер, елім», Батырхан Дәуренбековтің «Сарбаздар» секілді әндері бар. Бірақ, осы әндерді іздеп жүріп айтатын әншілер жоқ. Қазір көп әншілер біреудің репертуарындағы дайын әнді қайталап айтуды ғана біледі. Өздігінен жаңа ән жаздырып, репертуарын толықтыруды ойламайды. Композиторлармен шығармашылық байланыс орнатпайды, ізденбейді.
Мұхан БАЙБОСЫНОВ, Ордабасы ауданының құрметті азаматы, ҚР Композиторлар одағының мүшесі:
– Қазір әскери-патриоттық әндердің тым аз екені рас. Көптеген ақындар мен композиторлардың жазып жүргені лирикалық әндер. Достық, ауыл, махаббат туралы тақырыптар. Ал, әскери-патриоттық әндер жоқтың қасы. Менің жақында арыстық ақын Роза Сұлтанәлиеваның Ұлттық ұланға арнап «Сарбаздар» деген өлеңіне жазған әнім жарыққа шықты. Ол «Сарбаздар» әні Шымкент қаласындағы «Түркістан» сарайында ҚР Ішкі істер министрілігі Ұлттық Ұланның құрылғанына 30 жыл толуына арналған салтанатты кеште орындалды. Ұлы Отан соғысында әскери жауынгерлердің рухын көтеру мақсатында «Священная война», «Смуглянка», «Катюша» сияқты патриоттық әндер дүниеге келіп, олар жауынгерлерді батырлыққа, ерлікке жігерлендіргенін жақсы білеміз. Менің ойымша, Қазақстан Қарулы Күштерінің жауынгерлеріне арнап барлық аудан, қалаларда, облыстарда әскери-патриоттық әндер байқауын жиі-жиі өткізіп тұру керек. Әскери әндер – әскери дайындықтың бір құрамдас бөлшегі. Ұлттық ұланды отансүйгіштікке, ерлікке, батылдыққа, қайсарлыққа патриоттық сезімге, эстетикалық тәрбиеге тәрбиелеу керек! Әскери әндер өскелең ұрпақтың болашағына зор ықпалын тигізеді. Қазақстан Қарулы Күштері – біздің еліміз бен халқымыздың тыныштығының кепілі. Сондықтан қазақ жауынгерлерінің рухы, патриоттық сезімі әрқашан жоғары және биік болуы керек.
Батырхан ДӘУРЕНБЕК, композитор:
– Бір жолы әскерлеріміздің қаз-қатар адымдап бара жатып: «Уа, қара қыз, қара қыз» деп шырқағанын естігенде қатты қысылдым. Бұл кешегі ұлан-ғайыр жерді білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап қалған батыр бабаларымыздың ұрпағы үшін ұят еді. Сол жолы әсерленгенім соншалықты, «Сарбаздар», «Ардагер, асыл ағалар» деген екі өлеңіме ән жаздым. Бүгінде Асыл Жандәулеттің орындауында «Сарбаздар» әні «Қазақ радиосынан» орындалып жүр. Және барлық өңірлердегі әскери гарнизондардағы сарбаздар осы әнімді айтады.
Бұл әнге «Қасық қаның қалғанша қазақ жерін қорғайтын...» «Қане, кім бар жігіттер, бізге еретін...» деген жігерлі сөздерді қостым. Осы арқылы жастардың бойына патриоттық сезім ұялатқым келді. Ал, «Ардагер, асыл ағаларда»
«Бойыңнан аққан жас қаның...
Аманат етіп тапсырған,
Бейбіт өмірдің аспанын...» деген ой салдым. Бұл да бүгінде қатары тым сиреп кеткен ардагерлерімізге құрмет болсын деген ой еді.
Ал, «әскери-патриоттық тақырыптағы әндер неге аз?» дегенге келсек, бұл тақырыпқа билік тарапынан арнайы көңіл бөлінуі қажет. Қазіргі композиторларға, жасыратыны жоқ, патриоттық әндерге қарағанда, пайдасы көбірек тиетін той әндерін жазған тиімді.
Қадырғали КӨБЕНТАЙ, композитор:
– Патриоттық әндер зорлықпен шықпайды. Патриоттық әндерді жазу үшін композитордың бойында Отанға деген құрмет сезімі болу керек. Өкініштісі, соңғы жылдары отансүйгіштік ұғымын оята алмадық. Соның салдарынан жастарымыздың кейбірі шетелге кетіп жатыр. Олар шетелде оқып, шетелде өмір сүргісі келеді. Бұл өте қиын мәселе. Патриоттық тақырыптағы әндер жазу үшін ең алдымен еліңді сүйетін, ұлтжанды азамат болуың керек емес пе?! Мәселен, зорлықпен қандай бір конкурс үшін композиторлар қиналып бір ән жазуы мүмкін. Бірақ, ол соншалықты ғажап дүние болады деп ойламаймын.
Сауалнаманы жүргізген Пернебай САПАРОВ.