Жазушы Кәмел Жүністегі: «1962 жылы жасырын ұйым құрдым...»

«Сен үшін тергеушіге жауап бергім келмейді!»
– Өмірзақ інім, арнайы іздеп келіп отырғаннан кейін өзің де біліп отырған шығарсың, біз қожа деген ел боламыз. Оңтүстіктен Арқаға 19-ғасырдың екінші жартысында келіппіз. Бұл жақтың халқы «қожалар келді, балаларды оқытады» деп киіз үй секілді шаңырақ, уығы бар дөңгелек етіп, кірпіштен мешіт-медресеге деп үй салып беріпті. Ол үй осы Ақсу-Аюлыдан
50 шақырым жердегі Тағылы деген таудың ішіндегі, «қожалар қыстағы» аталатын жерде. Үй 1934 жылға дейін сақталып келді, тек кешегі «белсенділердің» заманында қиратылды.
– «Құдайсыздар қоғамы» құрылған, «Бай менен молданы, қойдай қу қамшымен!» деген ұран көтерілген кезеңде...
– Иә. Мен сол үйді бірер жыл бұрын қалпына келтірдім. Содан бері ағайын-туғандар әр жылы шілденің бірінші жексенбісінде барып, өткендерге дұға бағыштап қайтамыз.
– «Қожалар қыстағы» деп қалдыңыз, қанша адам келген екен сол кезде?
– Үш-ақ адам... Төртеу екен, біреуін Мойынты маңындағы қаракесектің ішіндегі «кәрсен» деген елдің Көпбай есімді болысы «басқалар мұсылман болып жатқанда, біз «кәпір» болып қала бермекпіз бе?» деп, төртеудің ішіндегі үлкені Ақылбекті жібермей алып қалыпты.
– Қазір ол жерде ешкім тұрмайды ғой?
– Ешкім тұрмайды... Бабаларымыздан жеткен аз ғана мүлікті әлгі үйдің ішіне жинап қойдық. Арасында үлкен бабамыздан қалған қазан да бар. Қазан қалғанын естіп жүретінмін, бірақ, қай жерде екенін анық білмейтінмін. Соны бір реті келгенде мина іздегіш құрал апарып тауып алдым. Төңкеріліп жатыр екен, түбі сәл ғана тесіліпті. Оны жаматтық, темір ошақ істетіп қойдық.
– Сол келген аталарыңыздың аты-жөндерін айта кетсеңіз?
– Ақылбек, Асан, Темірбек, Өтеген. Өтеген 14 жасар бала екен. Асан батыр адам болған. Кенесарының ұлы Садықтың Түркістан өлкесін жаулауға келген орыс патшасының әскеріне қарсы соғысының бәріне қатысқан. Ауыр жараланып келіп, содан қайтқан екен.
Ал, біз Темірбектен тараймыз. Ол кісіні «Түкейекең» дейді екен, себебі, денесі түкті адам болыпты. Одан – Жәнібек, Ермұхаммед, Дүрмұхаммед, Баймұхаммед, Бекмұхаммед, Кенжеқожа. Бекмұхамедтен – Мұқай мен Ыбырай, Мұқайдан – Жүніс, Жүністен – мен.
Мен Қазақстандағы қожалардың шежіресін жаздым. Оның ішіне Қытайдағы қожалар да кірген. Біздің қолымыздағы шежіренің бәрін 1962 жылы мен ұсталған соң, үш әріптің адамдары тәркілеп алған болатын, бірақ, біз оған дейін-ақ қолдан көшірмесін жасап қойған едік...
...Соғыс басталды, елден әскерге балаларды жаппай әкетіп жатыр. Мен есімді білемін. Біздің үйдің есігінің алдында ауылдағы туыстарымыздың төрт баласы тұр. Екі жастың шамасындамын. Бір жасқа жетпей сөйлеп кеткенмін. Әлгі балалардың бірі: «Әй, Кәмел, біз осылай кете береміз бе?» дегені. Сол кезде менің көзіме бір ақсақал көрінді де, құлағыма сыбырлады, мен сол кісінің сөзін айттым: «Жоқ, сендер Петропавлдан қайтып келесіңдер!» Айтқанымдай-ақ, қайтып келді...
Байқаймын, Өмеке, сен менің сөзіме сенбей отырған секілдісің. Ал, жарты жасымнан бергі көрген-естігенімнің бәрі менің есімде... Солай болып туылғанмын мен.
Мен 5-кластан бастап староста болдым. Және кластағы балаларға «біз бәріміз мұнда білім үшін жүрміз. Бізге болашақ керек. Ендеше, тәртіпті болайық!» дедім. Сол жылы класқа Жақия деген бала келіп қосылды. Ыржақай, тыныш отырмайтын неме екен. Мен бір-екі рет ескерттім: «Көріп отырсың ғой, бізде темірдей тәртіп, сен де соған бағынуға тиіссің». Тыңдамады. Сосын үзілісте сазайын бердік, «енді қайталасаң өлтіреміз» дедік. Бізден безіп кетті әлгі...
Сегізінші кластан бастап мен мұғалімдермен дауласа бастадым. «Асан қайғы, Бұқар жырау, Шортанбай ақын» деген кісілер болыпты ғой, үлкендерден естиміз, неге оларды өтпейміз?» Мұғалім біліп тұр ғой неге өтпейтінімізді, тек айта алмайды. Сонда да сұрай берем. Ыбырайым Мақажанов дейтін ағайымыз маған «біз оларға әлі келеміз, ал, сен абай бол» деді. Ақырында ағайларымыздан сабақтың соңында «сұрақ қоюға 5-10 минут бөліңіздерші» деп рұқсат сұрап алдық. Соның өзінде тоғызыншы сыныпта «Жүнісов оқитын класқа бармаймыз» дейтін болды олар.
– Сіздер неше класс едіңіздер, екеу ме, үшеу ме?
– Екі класс едік. Бірақ, біз ғана белсенді болдық. Мұғалімдердің «мәлімдемесінен» соң директорымыз Шынберген Амантурлин, Батыс жақтың қазағы еді, жақсы, білімді адам болатын, мені өзіне шақырып алды. Екі-ақ ауыз сөз айтты. «Есіңде болсын, сенің жас бала екеніңді ешкім ескермейді, ешкім сені аямайды. Сенің кесірің ата-анаңа, сосын бауырларыңа тиеді!»
Оныншы класты айқай-шусыз бітірдік. Менің аттестатымды Амантурлин ағай өз қолымен толтырыпты және тарих сабағынан «4» қойыпты. Мен жаным шыға жаздап ағайға кірдім: «Бұныңыз қалай?! Мен 5-кластан бері бір «төрт» алмаған адаммын, сенбесеңіз табельдерді тексертіңіз!..»
Ағайым менің арынымды тағы да бір-ақ ауыз сөзбен басты: «Мен болашақта сен үшін тергеушілерге жауап бергім келмейді». Көрдіңіз бе, ол кісі менің сотталатынымды сол кезде-ақ біліп отыр ғой...
– Ол ағайыңызбен кейін кездестіңіз бе?
– Иә, жиырма бес жылдан кейін. 1987 жылы осындағы аудандық білім бөлімінде инспектор болып істеп жүрген мені Алматыға, мұғалімдердің білімін жетілдіру институтына бір айға оқуға жіберді. «Желтоқсанға» бір жыл да болған жоқ, бұл мені тексеру екенін бірден түсіндім, түсіндім-дағы әдейі үш күн кешігіп бардым. Жатақханадан орын алу үшін кассирге ақша төлейін деп кірсем, «орын жоқ» дейді. Сол кезде бухгалтері ме, біреуі, «бұл кісіге орын бар» деді. Маған бергені екі адамдық бөлме болып шықты, қалған бөлменің бәрі төрт адамдық. «Қасыма кімді жіберер екен» деп күтіп жаттым. Түнгі он екіге жақындағанда барып біреу есікті қақты. Есікті аштым-дағы, кіре бергенінде тамағынан қос қолдап ала түстім: «Қайда істейсің?» Сасып қалған ол шынын айтты: «Органда». Міне, дәлел! Қазақ жігіт екен. Мен болсам лагерьде көрмегені жоқ адаммын ғой...
Ал, Амантурлин ағайым сол институттың директорының орынбасары екен. Естіген соң сәлем беріп кірдім. Танымады. «Шет ауданынан келдім» дедім. «Шырамытам, тек есіме түсер емес» деді. «Тарихтан өзіңіз «4» шығарған Кәмел Жүнісовпін ғой» дегенде барып, «болды» деді. «Басымды аман сақтап қалу үшін солай істегенмін, бірақ, бәрібір менен де жауап алды ғой»...
Енді мына сұмдықты қараңыз. Тың игеру басталғанда осы Ақсу-Аюлыда, аудан орталығындағы адам саны мыңға жетпейтін. Қырылып қалған ғой қазақ ашаршылықта! Ауданда 1926 жылы 48511 қазақ болған, содан 1933 жылға 5021 адам қалған. Архивке ебін тауып кірдім, бұл мәліметті сол жерден алдым.
1954 жылы 1500 адам «целинник» әкелді. Ию-қию. Келіп жатыр, кетіп те жатыр. Қысқа қарай 500-дейі қалды. Жағдайлары әбден жасалды. Қатындарды да төкті. Үлкендер жылап отыратын: «Бізге бұлар енді иман шығартпайды. Ең болмаса табытқа салдырмаңдар. Ақ жуып, арулап қойыңдар. Қазақ шынымен құритын болды». Оқушымыз, көшеге шықсақ бізді орыстар ермекке тебетін.
Қарағанды қаласында әр жерде бір қазақ зорға көрінетін. Жоғары класқа келгенде бізде намыс оянды, көшеде орыстар тиіссе, ұра салып қашатын болдық. Әбден ашындық. Сол кезде мен «бүйтіп қарап отыра беруге болмайды, қарап отыра берсек бекерге қырыламыз, бір нәрсе істеу керек» деген ойға әбден бекіндім. «Қырылсақ та қазақ деген халықтың, ұлттың бар екенін білдіріп барып қырылайық, қой екеш қой да тұяғын өлерде бір серпіп қалады ғой!»
Мен өзімді болашаққа әбден дайындадым. Мектептің де, клубтың да кітапханасындағы орысша, қазақша кітаптың бәрін оқып тауыстым. Татарша кітаптарды оқуға кірістім.
Орта мектепті 1956 жылы бітірдік. 1960 жылы мен «Елін сүйген ерлер партиясы» (ЕСЕП) деп аталатын жасырын ұйым құрдым. Неге олай атадым? 1946 жылы сондай атаумен Қарағандыда жасырын ұйым құрылған екен, бірақ олар бір-ақ айдың ішінде ұсталып, бәрін соттап жіберіпті. Оны құрушылардың бірі Бейсенбай Жақсылықовпен мен кейінірек жолықтым да. Біз ағаларымыздың ісін жалғастырғымыз келді. Бірақ, біз олардан ақылдырақ болуымыз керек, олардың қателігін қайталамауға тиіспіз деп шештім мен.
Біз не істедік? Парақшалар (листовкалар) жазып тараттық. Әуелде қолмен жазып жүрдік. Конвертке салып, Қарағандыдан, Ағадырдан, т.б. станса қалалардан пойызбен кетіп бара жатқан адамдарға «Алматыға (немесе басқа қалаға) барған соң пошта жәшігіне сала салыңызшы» деп беріп жіберіп отырдық. Біз бірде-бір хатты бұл облыстағы пошта жәшігінен жіберген емеспіз. Қарағандыдан ұшатын жолаушылар арқылы Атырау, Шымкент, Семей секілді алыс қалаларға жіберетінбіз.
– Конверттің сыртындағы қайда, кімге деген жерге кімді жаздыңыздар?
– Күдік тудырмайтындай мекеме, кәсіпорынның, өзіміз білетін жатақханалардың, жеке адамдардың адресін жазатынбыз. Кімге? Қыз Жібекке дейміз. Келесі бір хатқа Төлегенге дейміз. Ер Тарғынға дейміз. Конвертті ашып көрген адам парақшаны, ондағы біздің жазғанымызды, «таратыңыз» дегенімізді оқиды. Оқиды-дағы таратады. Осылай екі жарым жыл жұмыс істедік.
– Сонша уақыт қалай құрығы ұзын КГБ-ның қолына түспей жүрдіңіздер?
– Оның бір себебін жаңа айттым. Екіншіден, ұйымға кірген адам өзін шақырған адамды, мысалы, негізінен менің өзімді және өзі шақырған адамды ғана танитын. Басқа ешкімді танымайды. Үшіншіден парақшаның астына ешқашан «ЕСЕП» деп жазбадық. Олай деп жазсақ қарағандылық екенімізді біліп қояды ғой. «Жас қазақ» деп, «Жас алаш» деп, түрлі атауды жазып жүрдік.
Сұлтан Оразалиновты білесің ғой? «Өнер» баспасының директоры болды. Мен атылып кеткен Қыздарбек күйші жайлы жазылған «Көксеу» деген кітабымды көп жылдар бойы шығара алмай жүрдім. Жеті рецензент жақсы пікір жазса да. Өйткені, біз сияқты «саяси сенімсіз» деп саналатын адамдарға рұқсатты шығарманың мағынасы баяндалған аудармасын оқыған соң барып Мәскеу беретін. Басқа жазушылардың кітабы жыл сайын, болмаса екі жыл, үш жылда бір рет тоқтаусыз шығып жатады, менің шығармам бес жыл, он жыл рұқсат күтумен тартпада жатады.
Сол «Көксеу» повесім «Өнер» баспасына жіберілгенін естіп, Оразалиновке кірдім. «Иә, кімсің, қайдан, қандай шаруамен келдің, айта бер» деді. Айттым. Сол жерде ол: «Әй, тоқта, сендердің хаттарыңды Дүкенбай екеуміз таратқанбыз! Таратып жүріп екеуміз ұсталғанбыз!» десін... Бір күні маған телефон соқты: «Сенің «Көксеуіңді» оқып болдым, сұмдық дүние ғой мынау, мұны біз неге баспаймыз, басамыз!» Сол Сұлтан өзім айтпасам «ЕСЕП» партиясы жайлы білмей кетер еді. Біз жазған листовкаларды жазушы Қалихан Ысқақов та таратқан екен. Кейін танысқан кезімізде ол да айтты...
Осылай екі жарым жыл жұмыс істедік дедім. «Үш әріп» ізімізге түсе алмай сандалып кетті. Біз одан да ұзақ уақыт ұсталмауымыз керек еді, Зейнолла деген, менімен бірге барлық істің басында болған, екеуміз бірге кеткен досым ақшатаулық бір баланы тартқан екен, сол бала тәртіпті бұзып, Ақшатаудың поштасынан салған ғой хатты. Соны естіген бойда Зейноллаға және өзім тартқан басқа мүшелерге де «енді бізді ұстайды, соған дайындалыңдар, байланысты үзіңдер, ең бастысы, ешкімді сатпауымыз керек» деп ескерттім.
–Сіз мектеп бітіргеннен ұсталғанға дейін оқыдыңыз ба, жұмыс істедіңіз бе, қайда болдыңыз?
– Мен сол кездегі көп жастар сияқты геолог болуды армандадым. Қарағандыда оны оқытатын институт жоқ, техникумға түстім. Геологиялық барлау мекемесінде жұмыс істедім. Одан аудандық комсомол комитетіне қызметке тұрдым.
– Әскерге қалай бармай қалдыңыз? Ол кезде он сегізге толған жігіттер жаппай әскери борышын өтеуге міндетті еді ғой?
– Барғым келмеді. Оның жолын таптым. Геологиядан ауданға, Ақсу-Аюлыға келіп, төрт-бес ай жұмыссыз жүрдім. Сонда қарасам, клубта қазақша ешқандай ән айтылмайды, концерт қойылмайды. Гайлместер деген клуб меңгерушісі неміс әйел тек орыстар мен орыс болып кеткен екі-үш қазақ үй бар, тек соларды жинайды. Мен жігіттерге «мынау сұмдық қой!» дедім, «келіңдер, өзіміз ұйымдастырайық». Кірістік. Дайындалуға сахнаны бермейді. Аудандық мәдениет бөлімінің бастығына барып едік, маңына жолатпайды: «Біз сендерге концерт қойыңдар дедік пе? Қайда дайындаласыңдар, шаруамыз жоқ!» Байғұс-ай, қазақша концерт қояйық деп айтуға да қорқады...
Кітапхана меңгерушісі Атшабарова деген апайымыздың арқасында соның титтей залында дайындалдық. Он шақты адамнан домбырашылар ансамблін құрдық. Бар-жоғы жиырма күннің ішінде жалпы саны отыз шақты өнерпаз жиналды. Елеусіз Тәңкелова деген қызымыз бар, аңыратып қазақтың әніне салғанда тұла бойың шымырламай, жанарыңа жас толмай тыңдау мүмкін емес!.. Сайлаукүл де ғажап әнші. Сүйіндікова, аты кім еді, Құдай-ай, буыны жоқ биші! Биді ол үйретіп жатыр.
Концерт – дайын. Халықты жинау керек қой, ал, бізге афиша ілдіртпейді. Дүкендерге бардық, «бір-біріңе хабарлаңыздар, пәлен күні концерт қоямыз». Наурыз айы келді. Үлкендерді концертке ат-шанамен тасыдық. Халық клубқа сыймай кетті. Құдай сақтасын, ондай концертті кейін еш жерден көрген емеспін – екі сағатқа жуық уақыт екі минуттай болмай өтіп кетті. Көзінің жасы сақалын жуып кеткен қариялар, «қазақша концерт көреміз» деген ой түсімізге де кірмеген еді» деп кемсеңдеген кемпірлер... Жұрттың ризашылығында шек жоқ. Құшақтап бетімізден сүйіп жатқан апаларымыз, жеңгелеріміз...
– Бұл оқиға қай жылы болды?
– 1959 жылдың наурызында. Біз енді Орджоникидзе, Нұраталды, т.б. кеңшарларға, олардың фермаларына барып концерт қойдық. Елдің ыстық ықыласына бөленумен, ақ алғысын алумен болдық.
Концертті ұйымдастыру менің «бірдеңе істеу керек» деп жүрген ойыма қуат берді. Жүз шақты жігіттен бір ұйым құруға болады екен дедім. Идеямның дұрыстығына көзім жетті. Партияның Жарғысын, Бағдарламасын жазып қойдым. Бірақ, оны Зейнолладан басқа ешкімге көрсеткен жоқпын. «Уақыты келер» деп темір жәшікке салып, қораның ішіне көміп, тығып тастадым. Ал, ұйым құрудың уақыты жеткенін түсіндім.
Соның өзінде алғашқыда ұйымымызға бес-ақ адам кірді. Бірден жаппай құруға кіріссек құритынымызды сезіп тұрмыз. Мен сол бесеуін танимын, ол бесеу алып келген бес адамды танимын, одан арғыларын білмеймін. Мен ұйымға кіріп жатқан жігіттерге түптің түбінде ұсталатынымызды, сол күнге дайын болуымызды ескертіп қойдым. Өзім техникумда жүргенде-ақ бокспен айналыстым және мықты боксшы болдым, жұдырығымның соққысы өте қуатты болып шықты, кімді де болса да бір ұрғаннан құлататынмын.
Бір жігітіміз ебін тауып жазу машинкасын ұрлап әкелді. Бірақ, олардың бәрі есепте тұратынын білеміз, сондықтан марқұм Ырымқұл Сүлейменов деген досым – кейін ол белгілі журналист-жазушы болды, «Орталық Қазақстан» газетін басқарды – бір орыс шеберге апарып, 7-8 қаріпті ауыстырып әкелді, оны таудағы үңгірге апарып тықтық. Көктемнен қыс түскенге дейін айына бір рет барып пайдаланатынбыз, қыста тауға бармаймыз.
Рушыл әкім музейдің атынан Шортанбай жырауды алып тастады...
– Кездейсоқ болса да ешкім үңгірге апарар жолға із түскенін көрмесін дейсіздер?
– Иә, әрине. Содан 1962 жылғы күздің бір күні қолға түстік. Зейнолланы әскери комиссариатқа көмектес деген сылтаумен алып кетті. Ішім сезді. Ертең не болғаны жайлы маған қоңырау шалып, айт дедім. Хабарласпады. Ертесіне мені ұстады. Осындағы қонақүйде кешке дейін жауап алып, түнге қарай «ойлан, мойында» деп үйге жіберді. Менің үйленгеніме екі айдай болған. Үйге келген соң 10-шы класта өте жақсы оқып жүрген інім Рашидке айттым: «Мен түнде сағат бірде қораның шетіне қарай келемін. Сен менен екі сағаттай бұрын шығып, сол жерге келіп, ешкімнің көзіне түспейтіндей болып отыр». Түнде сағат бірде шығып, айтқан жеріме келдім. Рашидтың отырғанын байқадым. Сосын: «Менің аяғымның астындағы жерде темір жәшік көмулі. Соны сен бір аптадан кейін түнде байқатпай қазып ал-дағы, басқа бір сенімді жерге апарып тық» дедім. Кейін Рашид оны түнде қазып алған, үйге апарып оқыған, ішіндегі құжаттар мен адамдардың тізімін көрген соң, пешке салып өртеп жіберген... Бала ғой, жаңа орынға апарып тығам деп жүргенде көзге түсіп қалармын, мына қағаздар көкемді де, басқаларды да құртатын құжаттар екен, тезірек көзін құртайын деген ғой.
Аудандық қауіпсіздік комитетінің түрмесіне қамады. Тергеу бір айдай жүрді. Мен қан құса бастадым, орнымнан тұра алмайтын жағдайға жеттім. Аямай ұрады ғой. Зейнолла екеуміз екі бөлек жатырмыз. Үйді тінтетін күні мені алып барды. «Понятой» дейді, куә етіп Әукелек Қоржынбаев деген кісіні алып келді. МҚК-нің үш қызметкері біздің отау бөлмеміздің астаң-кестеңін шығарып жатыр. Бөлмеде Шортанбай жыраудың қолжазбасының қалың көшірмесі бар еді. Анам, ана немелер «кірмеңіз» десе де, жаны тынбай, кіріп-шығып жүр. Сол бір кіргенінде, аналарға байқатпай, мен лып еткізіп қолжазбаны анама бере қойдым. Анам қолтығына қысып, шегініп шығып кетті. Қоржынбаев бәрін көрді, бірақ, көрмегенсіп төмен қарай қойды. Азамат, ырза болдым! Анам қолжазбаны ауыз бөлмедегі пешке апарып бір-ақ ұрды!..
– Ой-бұй! Оның ішінде не бар еді?
– Өлеңдерінің бәрі дерлік бар еді. Қазан баспасындағы цензурадан өткендері де, өтпегендері де. Ғажап дүниеден айрылдық. Оның ішіндегі біраз адамның аты бар қағазға бола анама беріп едім, кейін бергеніме қатты өкініп қалдым. Сол бойда басқа жерге тыға салғанында ғой... Маған көп болса тағы бір бес жылды артық қосып берер еді де, басқа не істей алар еді?
– Анаңыз баласына сор болып жабысуы мүмкін нәрседен құтылғанша асыққан ғой...
– Иә, сол. Біздің ауылда Шортанбайдың атқосшысы болған, 1958 жылы 94 жасында қайтқан Әбу деген ақсақал тұрды. Осы қолжазбаның екінші данасы сол кісінің, Мақыш деген мұғалімнің, Көпжан деген кісінің үйінде бар болатын. Менің ұсталғанымды естіген олар да үйлеріндегі қолжазбаның ертерек көзін жойған...
Мен осында Шортанбай жыраудың музейін ашып, соған оның өзі мінген пәуескесін де қойдым. 1993 жылы Шортанбайдың 175 жылдығын тойладық. Оған академик Серік Қирабаев, профессор Тұрсынбек Кәкішев, жазушы Мұхтар Мағауин, Парламент депутаты Қуаныш Сұлтанов бастаған жиырма шақты қонақ келді. Музейге жыраудың аты берілді. Ол жайлы куәлігі де бар. Он тоғыз жылдан кейін ауданға бір рушыл әкім келді-дағы, Шортанбайдың атын алып тастап, өз руының адамының атын қойды.
– Шортанбайдың руы кім еді?
– Қожа ғой... «Кім ол Шортанбай деген? Бізге ондай «халық жауы» адамның керегі жоқ!» депті...
– Асылдарды «халық жауы» атандырған мемлекеттің өзі жойылып, тарихтан өшіп кетті емес пе?!
Дәл осындай жағдай бізде де болған. Шымкенттегі облыстық филармонияға Шәмші Қалдаяқовтың аты берілген-тұғын. Филармония директоры, ақын Ханбибі Есенқарақызы сол тоқсаныншы жылдардағы бәрі қирап жатқан заманда жоқтан бар жасап жүріп, оның ғимаратын толық жөндеуден өткізген болатын. Алдына бюсті мен «Менің Қазақстанымның» мәтінін де жеке жаздыртып қойған еді. Кейінгі келген, сіз айтқандай, бір рушылдар филармониядан Шәмшінің атын алып тастапты. Бірақ, кейін Шәмшінің аты филармонияға бәрібір қайтарылды.
– Ал, мен жеңе алмай жүрмін... Шортанбайдың 200 жылдығын тойламаймыз деді ғой бұлар. «Оны көтеріп жүрген Кәмел Жүністегінің өзін құрту керек» деп арыз жазды. Облыстық әкімдіктегілердің, мәдениет басқармасындағылардың айтар уәжі «Шортанбайыңыз сарт екен, газетке солай деп жазып жатыр ғой?» дейді. Осы да сөз бе?!
– Дұрыс, сөз емес! «Сөз емес сөзді, кісі емес кісі айтады» дейді қазақ.
– Мен де соны айттым әлгілерге. Шортанбай мен Мұхтар Әуезов туысады, онда Мұхтар Әуезов те сарт екен ғой? Ал, Қалтай Мұхамеджановтың әкесі мен Шортанбай тіпті немере, Қалтай да сарт екен ғой онда?! Біз әлі ұлт болып қалыптаспаған халықпыз.
– Қалай қалыптасамыз, соңғы отыз жыл бойы елдің басшылығы ұлттық идеологияны аспандататын бір жұмыс істемесе?!
– Украинаны қараңыз. Президенті – еврей. Ресеймен келіссөз жүргізетін мемлекеттік делегация басшысы – грузин. Николаев облысының басшысы – кәріс. Соғыс жүріп жатқан Харьков пен Мелитопольдың басшылары – орыстар. Бірақ, бәрі өздерін бір ұлт – украинбыз деп сезінеді, Украина – Отанымыз дейді. Ал, біз бөлектемесек жүре алмаймыз. Қазақты әлемге танытып отырған Димашты «қырғыз екен» дейміз.
Ау, сонда біз Зейнолла екеуміз, жиырмадан енді асқан, жалын атқан жастық шағымызды қазақ үшін құрбан еткен жоқ па едік?! Қан тоқтамаған соң мені ауруханаға апарып жатқызды. Мен сонда өзім сияқты жандарға, тірілерге кәдімгідей тәжірибе жасап, адамды орысша айтқанда «подопытный кроликке» айналдырғандарын өз көзіммен көрдім. Мені дәрімен піспелеп, есімді жиғызып, қайтадан әкеліп түрмеге салды. Мен тергеушілерге: «Сендер фашистерден жаман екенсіңдер, – дедім. – Олар адамды тірілей өртесе, сендер тірі адамды сынақ жасайтын малға, аңға айналдырыпсыңдар!» Ал, кеп мені сойсын...
– Сіздің әлгі ауыр айыптау сөзіңізге не деп жауап берді?
– Иә, жауап берді – аямай сабады... «Америка атом бомбасын жаратын диаметрі 500 шақырым жердің халқын көшіріп жіберген, ал, сендер атомды Қарқаралының қасына әкеліп жарып жатырсыңдар. Сонда сендердің бомбаларыңның адамға зияны жоқ па? Жоқ болса, ондай бомбаның не керегі бар? Зияны болса, неге Қазақстанға әкеліп жарасыңдар?»
– Кәмеке-ау, олар қойшыларды әдейі көшірмеген ғой, кейін барып олардың денсаулығын тексеріп, мәліметтің бәрін Радиологиялық институтқа жіберіп отырған. Ең сұмдығы, 1949 жылдан 1964 жылға дейін, 15 жыл бойы бомбаны ашық аспанда жарған кездің бәрінде де – гидромет қолдарында – жел құпия Курчатов қаласына қарай емес, тек қана Жидебай, Қарауыл, Қарқаралы жаққа қарай соққан кезде жарып отырған...
– Мен де соны айттым. Олар менің сөзімді хаттамаға жазады, жоғары жаққа апарып келеді, келген соң менің көзімше жыртады... «Сен осы жерде отырып, болашақта бізді жауапқа тартатын материал жинап отырсың» деп ұратын. Әсіресе, Мұқанов деген, қатыны орыс тергеуші болды, нағыз айуанның өзі еді...
– Жарғы жоқ, Бағдарлама жоқ, партия құрғаныңызды дәлелдей алмайды, сонда не деп ұра береді?
– Парақшалар тұр ғой... Кейбір балалардың «білмей қалдық» деп мойындағандары болды. «Ол мектепте жүргенде айтысып-тартысуға құмар еді» дегендері болды... Менің тілімді тартпағаным: «бұлар мені тірі қалдырмайды, ақыры өледі екенмін, бәрін айтып өлейін» деген бір ғана ой болды менде.
Бір күні Зейнолла екеумізді Петропавл қаласындағы түрмеге ауыстырды.
«Сірә, бәрің құл болып кеткен болсаңдар керек...»
– Екеуіңізден басқа тағы қанша бала сотталды?
– Зейнолла екеуміз ғана. Өйткені, біз басқа ешкімді сатпадық, барлық істі өз мойнымызға алдық. «Басқалар тек хат салушылар ғана болды» дедік.
Ал, тергеушілердің бізге сонша шүйліккенінің себебі: «сендер мектепті кеше бітірген жап-жас баласыңдар, мұншама жақсы ұйымдастырылған іс сендердің қолдарыңнан келуі мүмкін емес, айтқыларың келмейді, сендерді үйреткен, басқарған жасы үлкен, саяси тәжірибелі адам болған, соны айтыңдар, айтсаңдар – сендерді босатамыз» деумен болды ғой. Айтқызбай қоймаймыз деп аямай ұрып, қинап, азаптай берді.
– «Ондай адам жоқ» дегендеріңізге, сіздің мектептен дайындалғаныңызға сенбейді?
– Сенбейді! «Неге менің қолымнан келмейді? Мен осы жолды таңдадым. Оқымаған кітабым қалмады. Сырым батыр, Абылай хан, Кенесары туралы кітаптың бәрін оқыдым. Кенесарыны пір тұтамын» деймін, тыңдамайды.
Петропавлдың түрмесіне барған соң қарасам, бір жағы – ор. Оюланған емен есіктер. Сол кезде мылтықтың затворы сарт ете қалды. Алып келген солдат: «Неменеге қарап тұрсың, қашпақшысың ғой, ә?!» деді. Көрдіңіз бе, мен сәл оқыс қимыл жасап қалсам болды, атып тастай салмақшы. Екеумізді бір камераға әкелді. Ғимараттың қабырғасының қалыңдығы бір метрдей. Ішінде әжетхана жоқ екен. Оған апарып-әкелетін түрмедегі солдат жасы елулерге келіп қалған, мұртын қайырып қойған жасамыс кісі екен. Ол да маған «неменеге жан-жағыңа қарай бересің?» деді. Түсі жылылау болған соң мен көпшік қоя сөйледім: «Сіз көп білетін адам сияқтысыз, мына ғимарат түрмеге мүлде ұқсамайды ғой?» «А, бұл бір қазақтың қанішер ханының ордасы болған». Көрдіңіз бе, Абылайдың хан сарайын орыстар әдейі түрмеге айналдырған ғой!..
Сол күні менің бір өзімді «өлімге кесілгендер» камерасына (камера «смертников») ауыстырды. Екі метр де бір метр, едені – тас, басқа ештеңе жоқ бөлме. Суық, мұздай, менің үстімде жалғыз көйлек... Одан қалжырап шықтым.
Одан бізді Челябинск түрмесіне ауыстырды. Үш орыс отырған камераға апарып қамады. Біреуі – еңгезердей. Мені үшеуі бірдей сыбап қарсы алды. «Кірмей жатып не жаздым сендерге?» дедім. «Ештеңе! Тек біз сені өлтіреміз. Сендердің бәріңді өлтіру керек!..» Әзіл емесін байқадым, жастығымды ала жығылғым келді: «Онда еркек болсаңдар жекпе-жек шығыңдар!» Дәу орыс мәз болды: «Он еще со мной хочет тягаться!» Құлаштап тұрып ұрды мені. Бұғып қалдым. Қайтсем де қолына түспеуге тырысамын, қашқақтаумен жүрмін. Он минуттай өтті. Дәу де шаршады, мен де шаршадым. Бір уақытта орыс қонышынан пышағын суырып алды да, менің жүрек тұсымнан ұрды. Сол қолымды тосып қалдым, пышақ кірш етіп қолыма кірді (Орны бар, көрем десең). Орыс енді өлтіремін деп мәз болып, айқайлап, сақтықты ұмытқан сәтін пайдаланып, бар күшіммен иектің астынан ұрдым. Жұдырығым қатты болатын дедім ғой, құлады. Қайтып тұра алмай қалды. Менің соққымның сойқандығынан емес, шойын батареяға басы тиді. Пышағын суырып алдым да, ана екеуіне қарадым: «Өлтіре берейін бе?» «Жоқ, қалдыр» деді. «Онда маған көмектесіңдер!»
Жейдемді жыртып, қолымды тас қылып байлап тастады. Қаны тоқтады. Таңертең санитарлар орысты алып кетті. Қолыңа не қылды деп менен сұраған тірі жан болған жоқ... Осыны көрдім...
– Орыс есін жиды ма?
– Жиды. Ол өліп кеткенде мен құритын едім. Саяси қылмыстың үстіне адам өлімі қосылып, мені тірі қайтармайтыны анық еді... Құдай қарасты.
Одан кейін Свердловскінің (қазіргі Екатеринбург) маңайындағы бір лагерьге апарды. Одан алды-дағы Потьма деген жердегі лагерьге апарды. Екі жарым мың саяси тұтқын отырған жер екен.
– Зейнолла қайда?
– Қасымда. Бір жақсы жері, екеумізді бірге соттап, бірге жіберді. Мен лагерьде осынша саяси тұтқынның бәрі бірдей не үшін отырғанын қалайда білгім, түсінгім келді. Тыныш жүре алмадым. Латыштармен, украиндармен, еврейлермен, грузиндермен, қырым татарларымен, қысқасы, бәрімен араластым.
– Оларды «қырым татары» атандырып жүрген орыстар ғой, әйтпесе, ешқандай да татар емес, ата-тегін сұрасаң – бәрі түп-түгел біздің қазақтың рулары.
– Қарашайлар бар, тура қазақ сияқты екен, ноғайлар бар, олар да қазақтың өзі деуге болады, өзбектер бар, аздаған қырғыздар бар, ал, қазақ үш-ақ адамбыз. Құнанбай деген қазақтың отырғанына 33 (отыз үш!) жыл болыпты...
– Қарашайлар қазақтан ертеректе бөлінген халық, бірақ, тілі, тұрмыс-салты, болмыс-жаратылысы қазаққа өте ұқсас. Біздің ауылда қырқыншы жылдары жер аударылған бірнеше отбасы қарашай тұрды. Жетпісінші жылға таяу ғана көшті еліне. Мектепте ұл-қыздарымен бірге оқыдық. Ал, ноғай қазақтың өзінің арғын, дулат, адай сияқты қабырғалы қалың руларының бірі. «Қырым татарынан» да жақын.
Ал, енді лагерде соншама адам не үшін отыр екен, түсіне алдыңыз ба, біле алдыңыз ба?
– Бәрі де мен сияқты совет өкіметінің саясатына қарсы болған, жасырын ұйым құрғандар екен. Латыштардың мерзімі бітіп, бес адам бостандыққа шығып жатса, орнына алты немесе жеті адам келіп жатады...
– Е, лагерьде қанша өкілі отырғанына қарап-ақ қай ұлттың қаншалықты саяси сауатты екендігін, кеңестің қатыгез саясатына, оның ішінде ұлттық саясатына қарсы қаншалықты қайтпас-қайсарлықпен, табандылықпен күресе алғандығын айнадан көргендей көруге болады десеңізші...
– Әбден болады. Бір ғана мысал. Әлгі қазақ Құнанбай о баста он жылға кесілген екен. Он жыл өтіп, он бірінші жыл да бітіп бара жатқанда оны лагерь басшылығы шақырыпты. Босайтын болдым ғой деп қуанып барған ғой. Сөйтсе, мерзімі тағы он жылға ұзартылғаны жайлы қаулыға қол қой депті. Қол қоймаса, атып тастай салады... Сөйтіп, үш рет созып берген. Саяси лагерьде сен бес жылға сотталуың мүмкін, бірақ, он жыл, он бес жыл отыра беруің мүмкін...
– Сіздерді де артық мерзімге қалдыруға тырысқан жоқ па?
– Жоқ, сол берілген төрт жылымызды толық отырып шықтық. Созбаған себебі, қанша дегенмен, Сталин заманы жоқ, Хрущев кеткен, Брежнев келген, елде еркіндік, демократия дегеннің бар екенін өкімет көрсеткісі келген болар. Әрі жаспыз, ол жағы да бар.
Бірақ, бізге өзгелер, әсіресе, латыштар таң қалатын: «Осынша үлкен лагерьде үш қазақ қана отыр, сендер, қазақтар, сірә, түгел құлға айналып кеткен шығарсыңдар?..» дейтін. Мен «Қаракесек» деген әңгіме жаздым. «Ана тілі» басты оны. Лагерьдегі әнші латыш жігітінің өлімі туралы. «Мен лагерьден шыққанша даусымнан ештеңе қалмайды, елімнің алдында еркін көсіліп ән сала алмасам, ондай өмірдің маған керегі қанша?» деп көптің алдында айтарын айтып болды да, өзі барып токқа түсіп өлді... Мен оған «Қаракесек» әнін үйреткен едім...
– Лагерьдегілердің бәрінің кеңес өкіметіне деген саяси көзқарасы ұқсас болар, ал, басқа мәселелерде, мысалы, әлемдік саясатқа деген пікір-ойлары қалай?
– Лагерьде кім жоқ дейсің? Бәрі бар. Монархистер жүр. Коммунистік партияның өзінің қанша ағымының өкілдері жүр. Империалистер-шовинистер жүр. Олар басқаның бәрін, әсіресе бізді, қазақты, жек көретіндігі сонша, атарға оғы ғана жоқ. «Шыңғыс ханның ұрпақтары, сендердің бәріңді атып тастау керек» дейді, ашық айтады. Осы ой олардың қанына сіңіп кеткен. Сіңдіріп жіберген...
Лагерьде ағаш кесудің нормасын орындау мүмкін емес. Бір адамға бір күнге бес текше метр. Мен оның мүмкін еместігін үш бригадаға айтып, «норманы екі есе кемітейік, 2,5 текше метрге түсірейік» дедім. Бәрі қолдап шыға келді. Бірақ, лагерьде «стукач» («тоқылдақ») дегендер болады. Лагерь басшылығының тыңшылары. Солар жеткізіп қойған, ертесіне-ақ мені карцерге салды. «Карцер» деген жылытылмайтын бөлме, едені ағаштан, бірақ, ағаштың тегіс жағын астына, бұдыры бар жағын үстіне қаратып салған тақтайлардан қағылған бөлме. Арасынан жел азынап ұрып тұрады... Карцерге бір түссең болды, қит етсең түсіре береді. Сосын, менің өзім де «тыныш жүрмеймін» ғой...
Балтамыз сынып қалғаны үшін ғана солдаттар Индиго деген грузин екеумізді итке талатты ғой. Тек жанымыздағы латыштар жетіп келіп, аман қалдық: «Бәріңді турап тастаймыз қазір!..» Солдаттар сүйеп қойған автоматтарын алып үлгермей қалды...
Осындай талай бәледен өттік қой...
Сұхбаттасқан Өмірзақ АҚЖІГІТ,
«Ońtústik Qazaqstan».
(Жалғасы бар).