Журналистика – өмір тағлымы

Журналист деген кім? Өз шығармашылығы арқылы қоғамға, адамға қызмет ететін, қашан да жаңаның, жаңалықтың жаршысы, қолдаушысы бола алатын кәсіп иесі. Жалпы, анықтамасын осылай беруге болады. Шын мәнінде, қызығы мен қиындығы қатар жүретін бұл сала қалам ұстаған, Шерхан атамызша айтсақ, жантақ арқалаған бұл қауымға артылар жүк ауыр. 
Қоғамдағы құбылыстарды зерттеп-зерделеу жолында күш-жігеріңді, уақытыңды аямайтын дәрежеге жетсең, қабілетіңмен, біліміңмен көрермен мен оқырманды баурап ала алсаң, жақсы журналист болғаның. Менің пікірімше, журналистиканың нақты анықтамасы жоқ. Әркім оған өздігінше анықтама беруге тырысады.
Мысалы, журналистика – төртінші билік...
Журналистика – газет пен журнал, радио мен телевидение...
Журналистика – таң қалдыру, көптің назарын өзіңе аудару, сенсация іздеу...
Журналистика – репортерлік, шығармашылық, ақпарат...
Бұл тізімді ары қарай да тоқтаусыз толықтыра беруге болады. 
Ал, кәсіби журналистер үшін журналистика – өмір тағлымы. Қазіргі журналистика адамдарға ақпарат беруден гөрі олардың таным-түйсігіне ықпал етуші құралға айналды дер едім. Шындығында, журналистің міндеті мен парызы біреу — өз аудиториясына нақты, сапалы ақпаратты жеткізу, материалды терең білу. Ізденіс, оқу, жалықпай жұмыс істеуді әр жорналшы өз мақсаты санаса, бұл талпыныстың жалпы саланы дамытуға да әсері оң болар еді. Журналист деген жауапкершілігі зор мамандыққа лайықты адал қызмет істесе, билік пен өзі «қызмет ететін» бір топтың насихатына еріп кетпесі анық. 

Сынды орынды айтып, қоғамдық пікір тудыратын, мәселені көтере білетін мықты мамандар өңірде жетерлік. Алайда, өз ісін «шала білгенімен» қоймай, ақпарат майданындағылардың атына кір келтіріп, бүкіл қоғамға жаға ұстататындар да жоқ емес. Жақында ғана облыс полицейлері Мақтаарал және Жетісай аудандарында орналасқан медицина мекемелерінің қызметкерлерінен олардың қаржылық қызметі туралы мәліметтерін таратып, жала жауып, оны жариялаймыз деп, миллиондаған ақша бопсалаумен айналысқан топты құрықтады. Өкініштісі, бұл бірінші жағдай емес. Тек соңғысы болса екен... 
Тәуелсіздіктің алғашқы он бес жылында еліміздегі журналистика әлемдік өркениет үрдісінде дамыды. Осы жылдары мықты мамандар шықты. Сол кездердегі телеарналардағы бағдарламаларын әлі де ұмытпаған көрермендер баяғыны еске алады. Сапалы хабарлар көп болды. Біздің замандастар нағыз сараптамалық-зерттеу бағытындағы телебағдарламаларды көріп қана қойған жоқ, оны өздері эфирге әзірледі. Сол мамандар «журналиске бесаспап болу – міндет. Білімін дамылсыз дамытуы керек. Қашан да шындықты айтып, жазып, көрермен мен оқырманына нақты, жан-жақты ақпарат жеткізуімен құнды» дейді. Ал, бүгінде мүмкіндік ол кездегіден де көп. Не кедергі?! Журналистердің әлеуметтік, құқықтық қорғалуын заңмен қамтамасыз ететін уақыт та әлдеқашан жетті. Жақында бір топ сенатор осы мәселені кезекті рет көтерді. Нәтиже болып қалар. 
Салада мемлекеттік тапсырыс мәселесі де әлі өзекті. Тендердің талабына сай келмей, заңдылықтарды орындауда тәжірибесі аздау түсіп жататын жорналшылар жоқ емес. Есесіне, мемлекеттік тапсырыс қаржысына іліге алмағандары бірден «шабуылға» дайын тұрады. Сонда қоғам мүддесі, ел мүддесі үшін еңбек ету тек сол тендер айналасында қалғаны ма?! 
Журналист өзінің әлеуметтік мақсатын сезінуі керек. Олар қоғам мен мемлекет арасындағы байланыстарды қамтамасыз етеді. Журналист әртүрлі ақпаратты қабылдауға және көптеген салаларда құзыретті болуға, материалға терең енуге санасымен дайын болса... Біздің журналистика қоғаммен ашық диалогқа ұмтылу керек деп ойлаймын. Оған қосарым, кәсіби түрде әр саланы терең талдайтын салалық журналистика қажет дер едім. Мәселен, денсаулық сақтау, білім, мәдени, әскери журналистикаға ден қойылса. 
Әлеуметтік желілерді қолдану қарқынды дамып тұрған сәтте мобильді журналистиканы меңгеру де өте маңызды. Яғни қолымыздағы смартфонды кәсіби мақсатта пайдаланып, кез келген жерден фото-видео репортаж жасап, жылдам әрі шынайы ақпарат тарата алуымыз керек. Танымдық жобалар мен қызықты блогтар жетіспейді. Жалпы, қоғам жан-жақты, полиглот, мобильді журналистке зәру.

Аңсар ӨСЕРБАЕВ, 
облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы. 

Пікір қалдырыңыз