ГАЗЕТ һәм ГАЗЕТШІ

...Осыдан  20 жыл бұрын  Алматыда атыраулық әріптестермен кездесіп қалдым. Журналистік  қызығушылықпен қолындағы газетті сұрап алып оқып шықтым. Газеттің аты, қателеспесем, «Мұнай – Қазақстан». Әріптесім: «Осымен  3 нөмірін шығардық, республикаға таратсақ,  мықты газет болғалы тұр» деп бөсті. Мен: «Қайдам, тым болса газеттің атын дұрыстап қоймадыңыздар ма? «Мұнай – Қазақстан» деген не мағына береді?» – деген едім, әріптесім де жұлып алғандай: «Шымкенттен шығып жатқан «Қызық-шыжық», «Күн мен Түн», «АҺ-уһ»  дегеннен дұрыс қой», – деп тойтарыс берді. Расында, сол тұста біздің облыс сенсацияға бейім, арзан ақпарат жазатын көше басылымдарын шығарудан көш бастап тұрған еді. Уақыт талабы шығар, бүгінде олар електен өтіп, санаулы басылым ғана қалды. Әлі де екшелсе керек. Бүгінде біздің облыстан шығатын «Жемқорлық және заң» деген басылым бар екен. Осы газеттің де аты ұнамайды. Жалпы, «және» деген ұғым осы жерде дұрыс қолданылып тұр ма? «Және, тағы» деген  ұғымдар сол категориямен біргеміз дегенді білдіретіндей. Сонда бұл басылым жемқорлықты қолдай ма, терістей ме деп қаласың. Оқып қарасаң бағыты дұрыс секілді. Газет болсын,  басқа болсын, шығарған өнімнің аты, атауы  бренд емес пе? Оған мейлінше мән беру керек деп есептеймін. Сайттардың аттары тіпті, айбақ-сайбақ, тым қарабайыр, кейбірі көше сөздерімен қойылған. Осындай атаулармен шығып жатқан газеттер мен сайттарды тіркеп, ақпарат айдынына жолдама беріп жүрген Ақпарат министрлігіндегі  шенеуніктердің әрекетін қалай ұғамыз? Сонда оларға бәрібір болғаны ма? 
Журналистиканың мазмұны да,  формасы да өзгерді. Журналистиканың ежелден келе жатқан стандарттары бар: оперативтілік, шынайылық, объективтілік, жауапкершілік, т.б. Формасы өзгерді деуіміздің мәні осы стандарттар ақпараттық  технологияның дамуымен, т.б. объективті де субъективті себептермен өзгеруде. Ақпарат таратуда оперативтілік (жеделдік)  супержеделдік деңгейіне көтерілді. Бұрын газет-журналдар идеология құралы болса, бүгінде тек қана ақпарат тарату құралы. Бұрын  мың адам ақпарат таратса, қазір миллион адам ақпарат таратуда (Мұны шетелде «Азаматтық журналистика» дейді). Дәстүрлі журналистика кейінгі планға ысырылып, желідегі журналистика, азаматтық журналистика алға шығып барады. Аудитория  газет оқымайтын, радио тыңдамайтын, теледидар қарамайтын болып барады. Аптасына шығатын газеттің ақпараты оқырман қолына жетем дегенше ескіріп, мәнін жоғалтуда. Себебі, қазір ақпарат өте жылдам, аса ұшқырлықпен тарайды. Аудитория бұрынғыдай кешкісін теледидар алдына телміріп, қорытынды жаңалықтарды күтіп отырмайды. Қолындағы смартфоны арқылы кез келген уақытта, кез келген жерде ақпараттан құлағдар болады. 
...Біздің қоғамда азаматтық журналистика медиа зерттеушілері сипаттаған деңгейде емес, тұрпайылау, «жабайылау» сипатта дамып жатыр. Әлеуметтік желінің алға шығуымен кез келген адам ақпарат тарата алатын болды. Өзін «журналист» санаған әлеуметтік желі қолданушылары аудиториядағы беделін бұлдап, бопсалап, журналистиканы «күнкөріс» көзіне айналдырып алды. Ақпарат таратуда сауатсыздыққа жол берілуде. Осыдан болар, журналистиканың байырғы канондары, стандарттарының бірі де бірегейі ақпараттың шынайылығы және одан туындайтын  жауапкершілік  ұғымы төмендеп кетті. Бұл ойымызды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетінің профессоры Кәкен Хамзин ағамыздың мына пікірі дәлелдей түсетіндей: 
«Ол кезде тілшінің оқырман алдындағы ішкі жауапкершілігі, ішкі мәдениеті мықты еді. Жау қуып келе жатқандай, аттың жалы, түйенің қомында отырып материал жазу дегенді мүлде естімедік, «тақыр жерде табаным тайып кетпесін» деп бір жазғанын он қайтара оқып, ақиқатын әбден тексеріп, көзі жеткен шындықты ғана көпшілікке ұсынатын. Ал, қазір қаласа қателесе де салады, қаласа кешірім де сұрай салады. Жауапкершілік ұмытылған». (Кәкен Қамзин: Көркем тіл компьютерлік технологияға есе жібере қоймас. «Egemen Qazaqstan» 2019 19.07.)  Расында қазіргі журналистерде ішкі  жауапкершілік төмендеп кеткен.  Мәселе журналистің тасқа басылған әр сөйлем, эфирден өткен әр сөз үшін жауаптымын деп сезінбеуінде. Мұның  себеп-салдарын іздесек тіпті тереңдеп кетерміз. Бұған тек журналист қана  кінәлі ме? Бәлкім, бүкіл редакция, медиа басшысы, қалыптасқан жағдай не елдің ақпараттық саясатынан астар іздеуге болар.  Елдің ақпараттық саясаты, тіпті, идеологиясының өзі дұрыс жүруде деп айта аламыз ба? Қазір билікте қара басының қамын ойлаудан аспайтындар аз емес секілді. Жең ұшынан жалғасқан сыбайластық пен жемқорлық та жоқ емес (Сондықтан шығар жемқорлық тақырыбына арнайы бір газет арнап отырғанымыз). 
Елдің ақпараттық саясатында  дұрыс концепциялық бағыт жоқ. Жүйе жоқ. Қоғамдық даму мен ақпараттық саясатпен білдей бір ведомство  айналысса да әзірге оң өзгерістер жоқ. Меніңше, медиа барлық уақытта да  мәселеге елдік, ұлттық  тұрғыдан қарап, қайтсек елді дамытамыз деген бағытта қызмет етуі тиіс.

Әтіргүл ТӘШІМ,
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің журналистика 
кафедрасының аға оқытушысы.

Пікір қалдырыңыз