Желтоқсандық журналист Құттыбек Аймахан өмірінің соңына дейін кәсібіне адал болып өтті

Байырғы журналист Құттыбек Аймаханмен «Алматы ақшамына» қызметке келгенде таныстым. Алғашқы кезде газет тіршілігіне кірігіп кету үшін «қай журналист қандай тақырыпты көтеріп жүр екен?» деген оймен тігіндіні ақтарғанда Құттыбектің аты-жөні жиі кезікті. Газеттің күрмеуі қиын жетекші – экономика және құрылыс саласына қалам тербеген көлемді мақалаларын шолып шықтым. Газеттегі бұл тақырыпқа Құттыбектің қаламы әбден төселген екен. Күрделі тақырыптың өзін тігісін жатқызып, қазақтың шұрайлы тілімен ұғынықты етіп жазады. Оның мақалаларын оқып шығып, бұрын-соңды өзім аңғармаған жәйттен хабардар болдым. Алматыдай үлкен қаланың экономика мен құрылыс тақырыбы журналистің оң жамбасына оңтайымен келген-ақ екен. Тек экономика мен құрылыс саласы ғана емес, қай тақырыпқа қалам тербесе де ішкі қатпарын ашып, бас-аяғын жып-жинақы, жұмыр етіп, тастай салады. Қаламы ұшқыр, айтар ойы айқын, оңды-солды көсілтіп жазатын Құттыбектің еңбекқорлығына тәнті болған едім.
Мықты журналиспен қызметтес болғанның пайдасы көп. Түскі асқа бірге барып жүріп, Құттыбекпен жақын араласа бастадым. Мінезі біртоға, салмақты, шешіліп сөйлей бермейтін жігіттің көп уақыты шұқшиып, мақала жазумен өтеді. Демалыс күндерін де жазумен өткізетін болса керек, дүйсенбі күні таңертең терімші қыздардың алдында Құттыбектің мақаласы жататын. Біз білетін Құттыбек осы жазу қарқынынан айныған емес. Бір жазғаны екіншісіне ұқсамайды, түрлендіріп, құлпыртып жазады. Газет-жорналды көп оқып, қажетті деректерді қиып алып, сақтап қояды. Аударма жұмысына да төселген, сөйлем құрауға, тақырып табуға өте шебер, төзімі темірдей мұндай жігіттер редакцияның қара жұмысын қара нардай қайыспай көтереді. Әңгімелесе келе Құттыбектің атышулы сексен алтының Желтоқсан оқиғасына қатысқанын, белсенді мүшесі ретінде сотты болып, түрмеге отырғанын білдім. Көпшілік елдің ұғымында «қылмыс жасап, түрмеге отырған» деген жат пікір қалыптасқан. «Түрме адамды түземейді» деген де сөз бар. Бірақ, туған елі үшін намысын қайрап, алаңға шыққан желтоқсандықтардың жөні бөлек. Жалындаған жастық шақта ұлттық намыс бойын кернеген қазақ жастарының бас көтеруі — кешегі кеңестік саясаттың темір құрсауына қарсы мінез көрсетуі еді. Желтоқсан көтерілісіне қатысқан жастардың көпшілігі сол кездегі саясаттың ұзын арқау, кең тұсау құрсауынан құтылмастан қатаң жазаға тартылды. Сол ызғарлы күндер бізден ұзаған сайын оған қатысушылар қатары арта түскендей болып көрінеді. «Мен Желтоқсан көтерілісіне қатысып, қан төккенмін!» деп кеуде соғып, «сыбағасын» алып қалғысы келгендер де төбе көрсетті. Сол қанды оқиғаның белортасында болған Құттыбек сияқты жігіттер жусаннан аласа, бетегеден биік болып, күнделікті шаруасын адал атқарып, тым-тырыс жүріп жатты.
Созаққа қарай сапар шегіп келе жатып Құттыбектің туып-өскен ауылының тұсынан өткен сайын оны еске алатынмын. Үлкен қасқа жол бойындағы Жамбыл ақынның атымен аталатын ауылдың қысы-жазы азынаған желі соғып тұрады. Оңтүстікте «Арыстанды-Қарабас желі» атымен белгілі апталап-айлап соғатын, өңменнен өтетін суырсын желдің өтіндегі шағын «Қырықкепе» ауылы өз тіршілігімен тыныстап жатады. Жол бойында Құттыбек айтқан әңгімелер еске түседі. «Түрмеден босап, ауылыма қарай автобуспен алып-ұшып келе жатқанымда қасымда отырған қария тақырлап алдырған шашымды, жұпыны киімімді көріп, көңіліне сезік алып: «Өзің қайдан келесің?» деп сұрады. Алматыдағы Желтоқсан көтерілісіне қатысып, жазалы болғанымды, содан түрмеден шығып келе жатқан бетім екенін айтқанда қарттың жүзі жылып сала берді. «Ұнжырғаң түспесін, балам! Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді? «Жас жігітті намысы қашайды, қарт адамды ақылы ұстайды» деген сөз бар. Сендер қылмыс жасаған жоқсыңдар, қазақтың намысын жырттыңдар!» деп үлкендік сөзін айтып, жігерімді қайрады. Автобус терезесінен көзге ыстық басылған туған жердің көктемгі жасыл желек көмкерген бел-белесіне құмартып қарап келемін. Ауылдағылармен аман-есен қауышатынымды ойлап, көңілім алып-ұшады. Ауыл тұсына жеткенде автобус аялдап, жерге түскенім сол еді, ышқына соққан долы жел ұшырып әкете жаздады. Иен далада әдеттегі «Арыстанды-Қарабастың желі» ұйытқып соғып тұр. Туған жерді сағынғаннан болар, бала кезден ығырымды шығарған желге қарсы құшағымды жайып, кеудемді тоса бердім». Сол ыстығымен аптап, суығымен қақтаған «Арыстанды-Қарабастың желіндей» қатал тағдыр Құттыбекті де талай қақпақылға салып, ширықтырып алған еді.
Адам баласы тағдырын өзі жасамайды. Тосыннан соққан тағдыр желі қақпақылға салып, сан-саққа алып кетеді. Арманы мен үмітін келешекке жалғап, өмірге құштар жалындаған жиырма бес жасында Желтоқсан оқиғасы тағдырын басқа арнаға бұрып жібереді. 1986 жылдың ызғырық күндері Алматыда құрылыста істеп жүргенде намысшыл қазақ жастарымен бірге алаңнан табылды. Қазақстанды ұзақ жыл басқарған
Д.Қонаевты қызметінен алып, атын естіп-білмеген Колбинді қонжита салу халықтың намысына тиген еді. Қазақстанда ел басқаратын лайықты бір жанның табылмағаны ма? Сол жолы қазақтың намысшыл жастарымен бірге алаңға шыққанына өкінбейді. Арқалы ақын Төлеген Айбергеновтің «Жиырма бесін желпінбей айтатындар, өмірге босқа келіп қайтатындар!» деген өлең шумағын іштей қайталап, өзін-өзі қайрады. Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әнінің асқақ рухы намысшыл жастардың еңсесін көтерді. Күннің суығы мен машина шашқан судан үсті-басы малмандай болып, жатақханаға келеді. Келесі күні де алаңға шыққанда милиция қызметкерлері түсірген суретпен жұмысқа іздеп келіп, Құттыбекті алып кетеді. Осылайша Қазақ КСР Қылмыстық кодексінің 60-65–баптары бойынша бес жылға сотталып, темір тордың ар жағынан бір-ақ шығады. «Сөйтіп, бұрындары кең дүниеге сыймай жүрген аңғал басым, енді тар қапаста тыпырлады да қалды. Ондайда жалмауыз ойлардың жаныңды жүндей түтетіні бар. Өзімді қайда қоярымды білмеген соң сананы шабақтаған ойлардан құтылайын деп қолыма қалам алдым. Бұрындары шимай-шатпақ күнделіктен басқа ештеме жазып көрмеген басым енді бұрқыратып, «өлең», іштегі шер-мұңды басар естелік жазатын болдым. Бірақ, онымен де жан-дүниемнің жабыққан жарасы жазылмады» деп жазыпты Құттыбек сол күндер туралы. Түрмедегі өмір мүлде бөлек. Тойып тамақ ішпейтін ашқұрсақ күндер мен ауыр ой еңсені басқан азапты түндер, нешеме қорлау сөздерді естіп, жазалаудың сорақы түрлерін бастан өткеруге тура келді. Темір тордың ішінде жатып, қазақ халқының отар ел, өзінің бас бостандығы жоқ халық екенін түсінді. «Шіркін-ай, қазақ елі қашан бостандығын алар екен? Біз қашан тәуелсіз елде өмір сүріп, басқалармен терезесі тең ғұмыр кешеді екенбіз?» деп арман етті. Түрмеде жатқанда сырттағы жақын-туыс, жора-жолдасқа жазатын хат та айына екеуден аспау керек. Сырттан келетін хаттарды сарыла күтіп жатып, 1988 жылдың шілде айында Алматыда тұратын достары Тұрсын мен Нұрланнан хат алады. Анау айтқан көңіл алдарқатар жаңалықтары болмаса да хатты құмарта оқып шығады. Адам баласы еркін өмірдің қадір-қасиетін темір торға түскенде жақсы сезінеді екен. Құттыбекке де достары жазған хаттың әрбір әрпі мен сөзі шөлден қаталағанда ішкен судың тамшысындай болып көрінеді. Достары хаттың соңында: «Жақында Алматыдан қазақша бір газет шықты. Оның аты — «Алматы ақшамы». Бірінші сандағы оның атауын саған қиып салып отырмыз» деген жолдарды оқиды. Қуанған Құттыбек конверттің ішін ақтарып, «Алматы ақшамы» деген газет атауының қиындысын тауып алады. Бұл Құттыбек үшін үлкен қуаныш әрі жаңалық еді. Өйткені, ол кезде Алматыдан тек «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» мен «Жетісу» газеттері ғана шығатын. Дәл сол кезде «Ақшамның» алғашқы нөмірінің жарыққа шығуы Желтоқсанның жеңісіндей әсер етеді. Сол күннен бастап «Ақшамның» қиындысын дәптерінің арасына қастерлеп салып қояды. Күнде кешкісін ауыр жұмыстан оралғанда дәптердің арасын ашып, әріпті енді үйренген бірінші кластың оқушысындай «Алматы ақшамы» деген жазуды ежіктеп оқи береді. Неге екенін өзі де сезбейді, сол сәттен бастап, көңілі жайланып сала береді. Алғашқы кезде қазақ тілінде газет шыққанына бірге қуанған желтоқсандықтар Құттыбектің бұл қылығына таңырқай қарайтын болған. Осылайша Құттыбек газет атауын киелі заттай қастерлеп ұстап жүреді. «Алматы ақшамы» көз алдымда тұрсын» деген оймен темір кереуеттің бас жағына жапсырып қояды. Қандай құдіретті күштің тартқаны беймәлім, темір торда жатқан қамкөңіл жігітті «Алматы ақшамы» газеті жұбатып, қолтығынан демейді. Содан бастап өзін Алматының көшесінде жүргендей сезінді. «Алматы ақшамы» газеті Құттыбек қашан бостандыққа шыққанша бас жағында жапсырулы тұрады. Түрмеден босарда «Алматы ақшамын» өзімен бірге алып кетпек болғанда жапсырылған газет қиындысы оңайлықпен ажырамайды. Енді ойлап отырса, Құттыбектің өмірі Желтоқсан көтерілісі арқылы бүр жарып, «Ақшам» арқылы өрілген екен. Өйткені, түрменің кермек дәмін татып келген соң «мен қалайда журналист боламын!» деген берік байламға келеді. Осылайша қолына қалам алып, журналист болуына «Ақшамның» ықпалы зор болған еді. Өйткені, бұрынғы бодан елді емес, азат Отанының жетістігі мен қарышты қадамын елге насихаттаудан асқан қасиетті шаруа жоқ болып көрінеді.
Қазақ университеті журналистика факультетінің сырттай бөліміне түсіп, екінші курсқа өткенде өзінің түрмеде жатып танысқан «Алматы ақшамы» газетінің редакциясына журналист болып қызметке қабылданады. Құттыбек газетте ұзақ жыл тер төгіп, еңбек етсе, «Ақшам» да тағдыр тауқыметін тартқан желтоқсандық журналистке көп қуаныш сыйлады. Редакцияда менеджер болып қызмет істеп жүрген Қарлығаштай аруға көңілі құлап, Құттыбектің сөзімен айтсақ «ақыры жүріп-жүріп» 2006 жылы отау құрады. Бәріміз болып: «Редакциядағы бойдақтардың қатары кеміді» деп қуандық. Құттыбек пен Қарлығаштың үйленуі газет редакциясының үлкен тойы болды. Бізбен бірге Құттыбектің сексендегі анасы, желтоқсандық қыз-жігіттерді қорғап жүрген Мұхтар Шаханов ағамыз, алаңға бірге шыққан жора-жолдастары мен қаламдас достары болып қуанды. Қырықтың қырқасына шыққанша «жалғыздық деген жезтырнақтың қармағына мықтап іліккен» Құттыбектің Желтоқсан салған жараның дертінен арылуына Қарлығаш қанатымен су сепкендей көмек қолын созғанына қуандық. Жалғыз өмір сүрудің азабын тартып жүріп, көңілі жабырқау кезінде «Тақиялы періште» көркем фильмін жиі көреді екен. Басында тақиясы болмаса да өзін үйлене алмай жүрген «періште» санады. «Ұлым қашан үйленер екен?» деп сарыла күтіп жүрген Құттыбектің анасы да «Тана жеңгейге» ұқсайды. Оны айтасыз, келіншегі Қарлығаштың мінез-құлқы мен жүріс-тұрысы да сол Тана жеңгейге айнымай тартып келеді. Бірде шаштары аппақ қудай үш жігіт Құттыбекпен қауқылдаса қауышып, қызу сөйлесіп жатты. Біз оларды ауылдан келген ағалары болар деп ойладық. Сөйтсек, әлгі жігіттер Құттыбекпен он жыл бірге оқыған кластастары болып шықты. Сол кластастары Қарлығашқа: «Өзің жас әрі көріктісің. «Отырып қалған жігіт» Құттыбекке қалай тұрмысқа шығып жүрсің?» деп әзілдегенде Қарлығаш: «Менің күйеуім Желтоқсанда алаңға шығып, қазаққа Тәуелсіздікті алып берген. Ал, ондай адамнан қалай бас тартамын!» деп орнықты жауап берген еді. Сол атышулы Желтоқсан көтерілісіне талай жыл өтсе де әр жылдың соңғы айы Құттыбекке ауыр тиетін. Онымен бір бөлмеде қызмет істеп, мазасыз күй кешіп жүргенін байқайтынбыз. Көңілінің тоң болып қатқан қабаты қайта шытынап, бұйығып жатқан сезімі бой көтеріп, өзін қоярға жер таппай кететін. Қыстың қытымыр аязды күндері тұла бойын шымырлатқан сайын түрменің темір торы көз алдынан көлбеңдеп өтіп жатқандай көрінетін. Сол көңіл толқуын нешеме жолмен басқысы келеді. Жанын түсінер адам болса, ішкі шерін тарқатып, кең отырып әңгімелескісі де келетін. Қалай десек те, сол Желтоқсан оқиғасына дейінгі Құттыбек бөлек те, одан кейінгі Құттыбек мүлде басқа болды. Оның көңіл алдарқатары – ондай қаралы күндер қайтып оралмаса екен, жастардың қыршын өмірін қиған Тәуелсіздігіміз баянды болса екен деп тіледі. Сол дауылды күндердің санадағы жаңғырығындай журналист Құттыбек Аймахан «Желтоқсан айы келгенде» атты естелік кітабын жазып, баспадан шығарды.
Құттыбек газет редакциясында ұзақ жыл қызмет атқарып жүріп, 2005 жылы «Қазақстан Конституциясына – 10 жыл» мерекелік медалімен награтталды, Қазақстан Журналистер одағының сыйлығына ие болады. Елінің желтоқсандықтарға жасаған шапағатының арқасында Алматыдан екі бөлмелі пәтер алды. Қызметі де өсіп, бас редактордың орынбасары болды. Осылайша өзі арман еткен газеті Құттыбектің жанына жақын басылым болып қалды. Газет редакциясында ұзақ жыл қызмет істеп жүріп Құттыбек бұл басылымға деген адалдығынан айныған емес. Білім-қабілеті мен журналистік шеберлігін аямай жұмсап жүріп, зейнет жасына таянғанда 2021 жылы айналдырған ауру ақыры алып тынды. Газет журналистері әр жылғы баспасөз мерекесі күні кешегі ардагер журналистерді, оның ішінде Желтоқсан қаһарманы Құттыбек Аймаханды да еске алып отырады.
Қайран, қаламдас достарым!
Жетпісінші жылдардың орта шенінде Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде Оңтүстіктен бір шоғыр жастар оқыдық. Курсымыз жоғары-төмен болғанымен, бір-бірімізді тез тауып, шүйіркелесе сөйлесіп, жиі кездесіп жүрдік. Көпшілік студенттер арасынан олардың маңдайы жарқырап, алыстан көзге ыстық көрінетін. Жатақханада бас қосып, демалыс күндері қала аралайтынбыз. Ол кезде ел дүниеге құнықпаған, ақшаның соңына түспеген, бай-кедей болып бөлінбеген мамыражай заманда біздің базарлы жастық шағымыз өткен еді. Сол жігіттер университет бітіріп, Оңтүстіктің баспасөз бен телерадио саласында еңбек жолдарын бастап, жастық жігермен еңбек етті. Облысқа келгенде де студент кездегі достық қарым-қатынасымыз үзілместен бір-бірімізді іздеп келіп, жолығып тұрдық. Қарымды қаламгерлер бас қосқан «Оңтүстік Қазақстан» газеті редакциясы мен облыстық телерадио комитеті жиі соғып тұратын құтты мекенге айналды. Ол достардың болмыс-жаратылысы бөлек-бөлек болса, қалам тербеу машығы да сан алуан, журналистік қолтаңбасы да өзгеше еді. Жазған дүниелерінен жүрек лүпілі мен ой-сезімдері еркін байқалып тұратын.
«Оңтүстік Қазақстанда» еңбек етіп, «Егемен Қазақстанның» облыстағы меншікті тілшісі болған жайдары мінезді Төрехан Рамбердиев, облыстық газет редакциясында тілшіліктен бастап редакторлығына дейін жоғарылаған, өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін, талғамы биік Оразхан Жарқынбек, телерадио комитетінде ұзақ жыл еңбек етіп, «Оңтүстік Қазақстан» газетінде зейнетке шыққан Жеңіс Баһадүр, телерадио комитетінің белді қызметкері болған Насыр Әуезов, осы комитетті басқарып, Астанаға қызметі өрлеген Қалыбек Атжанов, «Оңтүстік Қазақстанның» қара нары атанған, редактордың орынбасары Ертай Бекқұлов (кезінде «Лениншіл жаста» бірге қызмет еткенде Солтүстік аймақта меншікті тілші болып жүріп, сол өңірдегі қазақ басылымдарының мүшкіл халі туралы үлкен жиында мәселе көтергені есімде қалыпты), облыстық газетте қызмет етіп, Оңтүстікте кітап баспасы ісін алғашқылардың бірі болып қолға алған Төрегелді Байтасов, Мақтаарал аудандық газетінің редакторы болған, «Оңтүстіктің Нұри Муфтағы» атанған Мұхаметәлі Бегалиев, журналистік қызметін бастап, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде ұзақ жыл еңбек етіп, ақындық өнерден қол үзбеген Әлиакпар Шалов, университетті бізден кейін бітіріп, облыстық телерадио комитетінде қызмет етіп, кейіннен жеке газет ашқан Талғат Орманов, Шымкентте танысқан Жазушылар одағы облыстық бөлімінің төрағасы Әбілда Аймақ жақын араласқан қаламдас достарым еді. Бұл талант иелерінің көпшілігі зейнет жасына жетпей өмірден өткенімен, жазу өнерінде айшықты қолтаңбаларын қалдыра білді. Бұлардан бөлек үлкенді-кішілі талай талантты әріптестер өмірден өтіп, уақыт шіркін өз арнасымен жылжып, олардың орнын елден шыққан, жаңаша ойлайтын жас журналистер басып жатыр.
Шымкентке жолым түскен сайын көңілім алабұртып, достарым алдымнан шыға келетіндей бірге жүрген көшелер мен әңгіме-дүкен құрған орындар көзге ыстық басылып, жадымда жаңғырып тұрады. Дана халқымызда: «Қатарың болмаса тойға барма» деген қанатты сөз бар. Қаламгер достардың қатары сиреген сайын көңілді мұң шалып, ақын Нұрлан Мәукенұлының: «Өлінің қамын тірі жер, Тірілер бірін-бірі жер... Тірлікте қашқан қадірің, өлгенде барып білінер... Бір күні біз де барармыз, Сен аман болшы, сірі жер!» деген өлең шумағы еске оралады. Жыл сайынғы Баспасөз қызметкерлерінің төл мерекесі күні сол достарды сағынышпен еске аламын.
Өтеш ҚЫРҒЫЗБАЕВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.