«Тау ішіндені» Сәкеннің өз аузынан естігенмін деуші еді әкем

«Оңтүстік Қазақстан» газетінің 2022 жылдың 13 ақпанындағы санында журналист Өмірбек Керімбекұлының «Тау ішінде» әні туралы тағы не білеміз?» деген мақаласы жарияланды. Бұл ән туралы бұрындары «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде де біраз дүниелер жарық көрген болатын. Әкем Жаппарқұл осы ән туғанда Сәкеннің қасында бірнеше күн болған екен. Сол туралы өздеріңізге толығырақ баяндауды жөн көріп отырмын.

...Мен «Сызған» жетіжылдық мектебінің 7-ші класында оқитынмын. Әкем «Топтам» деген ауылдың жоғарғы жағында колхоз, фермалардың, активтердің мініс аттарын бағатын. Созақ ауданы он кеңшардан (совхоз) тұрды. 1962 жылы сол кеңшарлардың құрылуына орай Созақта «Шопандар тойы» өтетін болды. Ол кезде «Сызған» кеңшарының директоры Сағындық Садықов деген кісі еді. Біздің №3 Қозмолдақ фермасының басқарушысы Махмұт Беріестемов әкеме келіп:
– Жапеке, Созақта «Шопандар тойы» өтейін деп жатыр. Соған ең кемі үш-төрт бәйге атын апаруымыз керек. Шабатын атты таңдап, баптап берсеңіз, – деді. Әкем:
– Онда жылқышы Нұрпейістің қара қасқасын, Сейіттің тор төбелін, Әженнің қойға мініп жүрген көк атын әкел. Сосын қыз қууға Төлеубайдың қара айғыры жарайды, – деді.
Екі күннен кейін әлгі айтылған аттарды әкелді. Әкем:
– Нұрпейістің қара қасқасы мен Сейіттің тор төбелінің еті қалыңдау екен. Ал, мына көк ат ерен жүйрік жылқы, бірақ, жасы келіп қалыпты, үстінде кішкене жауыры да бар. Тәуекел, суытып көрерміз, – деп төрт атты алып қалды. 
Екі күннен кейін қолдарында үш батарейкамен сөйлейтін «Родина» деген радио мен шағындау кілемі бар кісілер үйге кіріп келді де, бәйгеге берілген дүниелерді әкеме табыстады. Кеңшар директоры Садықов құтты болсын айтып, дастарқандағы наннан ауыз тиді де кетіп қалды. Бір күн бұрын сойылған малдың еті қазанға салынып, асыла бастады. Тілін білетін жұрт радионы іске қосуға асықты. Құтты болсын айтып келген қонақтар «Алматыға қойшы, Алматыға» деп өтініп жатты. Содан «Алматыға» қойып еді, бір өнерпаз домбырамен Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» деген әнін орындап жатыр екен.  Сол кезде әкем:
– Мынау Сәкеннің әні ғой, – деді.
– Жапеке, оны қайдан білесіз? – деді қонақтар.
– Суындықтың асуынан шығарып салып жатқанымда өмірге әкелген әні еді бұл. 
– Жапеке, бұл қалай болды? Сонда сіз Сәкенді көрдіңіз бе? «Баяғыда сол Сәкен біздің елге келіпті. Амантай қария шаңырағында күтіпті» дегенді естіп едім? – деді қонақтардың бірі. 
Осыдан кейін әкем біраз үнсіз ойланып отырды да:
– Бұны айтпаймын деп едім. Сәкен «халық жауы» деп ұсталған, мен де «халық жауы» болып, қуғын-сүргінде жүрдім. Бұл осыдан 60 жылдай бұрын болған оқиға, -– деді. – Менің әкем Жандарбек болысты Түркістан генерал-губернаторы Куропаткин 1914 жылы бір топ болыспен бірге Құсшы ата елді мекенінде улап өлтірмекші болады. Қасында туысы Қамбарбек, маңғытайдың биі Шойынбек, уақтың биі Айтжан және тағы басқа да адамдар болады. Әкем алдына әкелген тағамды аузына сала бергенде оның «у» екенін біліп, жанындағыларға: «Сендер қол тигізбеңдер, тамақ уланған» деп орнынан тұрып кетеді. Ол кезде Бұхарада, медреседе оқуда едім. Мені кісі жіберіп алдырып, көрші отырған Нарбек байдың қызы Тасбикеге үйлендірді. Той өткен соң екі күннен кейін қайтыс болды. Қарабураға апарып жерледік. 
Әкем дүниеден өткеннен соң болыстық жойылып, «старший» деген шықты. Ол «Елубасы» деген лауазым еді. Оған біздің елден Қамбарбек Өтембайұлын сайлады. Әкемнің жылын өткізген соң мен қайтып Бұхараға бармадым. Қарабұлақтың үстіңгі жағын мекендедік. Сұлтанбек ағам мен Қамбарбек Ақтөбе деген жерде отырған. Ол кезде елдің егесі әрі биі Қамбарбек жәкем еді.
Кешке таман бесін ауған кезде бір бала келді.
– Жәке! Жақсыбай ата екеуіңізді Амантай атам «тез келсін» деп жатыр. Бір кісілер келген екен, – деді. 
Амантайдың үйі Ақбұлақтың үстіндегі жазықта орналасқан. Барсақ, керме ағашта үш ат байлаулы тұр. Ортасында әдемі ер тоқымымен Жанәділ болыстың ақбоз жорғасы ерекше көзге түседі. Жақсыбай: 
– Әй, Жаппарқұл! Амантайға Жанәділ болыс келген бе? Мынау соның атақты ақбоз жорғасы ғой, – деді. 
Ол кезде жан-жақтан келетін кісілер, датқалар, болыс-билер алдымен Амантайға сәлем беретін. Оның ауылы жылқы сойып, абыр-сабыр болып жатыр екен. «Ассалаумағалейкум» деп алдымен ішке Жақсыбай кірді. Амантаймен бірге төрт адам отыр. Біреуі – өзіміздің Әлдібай палуан. Екіншісі созақтық тама жігіт, орталарында өте сымбатты келген, қара мұртты сұлу өңді жігіт ағасы бар. Сәлемдестік.
Амантай: «Сендерді әдейі шақырдым. Ауылда Қамбарбек жоқ екен. Бір жаққа жолаушылап кетіпті. Мына отырған жігіттерді Созақтан Тоқабай мілиса жіберіпті. Ана ортадағы өкімет адамы Сейфулланың Сәкені. Большебек. Бүгін мейманымыз болады. Мына екі жігіт Созаққа қайтады. Ал, мейманды ертең таңертең Құмкентке апаруларың керек. Ол Шәдітөре ақын мен Мәліктөреге сәлем бермекші. Бұл кісіні көптің көзіне түсірмей апарып, алып келесіңдер. Келгеніне екі жұмадай болыпты. Тоқабай Түркістанға адам жіберіп, ол жақтың жағдайын біліп, хабар беруі керек екен. Түркістанда ақ пен қызыл жеңісе алмай жатыр деп естиміз. Қызылдар жеңсе, бұл кісі Түркістан аспақшы. Тоқабай бұл кісіні сақтап, аман-есен Түркістан өткізбекші. Бұдан Қарақұрдағы Жанәділ болыс та хабардар екен. Аманатқа қиянат жасамауымыз керек» деді.
Жолда келе жатқанда Сәкен әкесінің «Шәдітөреге сәлем бер. Мәліктөре менің өкіл балам болған, барып қолын ал» деп тапсырғанын айтты. Біз Құмкентке түс ауа келдік. Ауылға жетуге бір қыр қалғанда тоқтап, Шәдітөре мен Мәліктөреге хабарламақшы болдық. 
Үшеуін қыр астына қалдырып ауылға келіп, мал айдап жүрген адамнан Шәдітөренің үйін сұрадым. Ауылдың күнбатыс жағында екен. Шәдінің үйіне келіп атты байлап, ішке ендім. Ешкім көрінбейді. Төргі бөлмеге өттім. Қалың көрпешенің үстінде әппақ киінген, басында шағындау сәлдесі бар ақсақал кітап оқып отыр екен.
– Ассалаумағалейкум, – деп сәлем бердім.
– Уағалайкумассалам, – деп сәлемімді алды.
– Кел, шырағым! Жоғары шық. Қайдан келесің? Қай баласың?
– Ақсақал, мен Қозмолдақ–Сызғаннан келдім. Жандарбектің баласымын.
– Жандарбектің қай баласысың? Оқуда бір баласы бар деуші еді. Сол емессің ба?
– Сол баласымын. Өзі өлерінің алдында оқудан шақырып алған.
– Әкеңе көңіл айта алмадым. Алла жар болсын. Иманды болсын. Жанын жаннатқа берсін. Ол кісіні Қарабураға қойды деп естіп едім. Әулие жар болсын, – деп көңіл айтты да, – Ал, жол болсын, не шаруамен келдің? – деді. 
– Шәке! Сізге бір кісі сәлем беруге келе жатыр. Сейфулланың Сәкенімін дейді.
– Ол қайдан жүр? Сейфулла Арқада емес пе? Өкіметке араласып жүрген баласы бар деп еді. Ол қайда? Неге ертіп келмедің?
– Оны аңдушы көп, сондықтан жасырын келіп тұр. Түркістан аспақшы. 
– Онда ертіп кел, – деді. 
Мен әлгі үшеуін ертіп келдім. Есік алдынан Шәдітөре өзі қарсы алды. Сәлемдесіп, аман-саулық сұрасқаннан соң үйге кірдік. Мен оларды таныстырдым. 
– Сәкенжан, әкең Сейфулланы жақсы білемін. Онымен екі рет кездесіп, әңгіме-дүкен құрғанбыз, – деді Шәдітөре. 
Екі жігіт дастарқан жайды. Біріне: 
– Мәлікті шақыршы, кісі келді де, – деді. Шәй үстінде үйге Мәліктөре кіріп келді. 
Шәдітөре:
– Мәлік! Мына жігіттер сәлем беруге келіпті. Ана ортада отырған жігіт әлгі сен айтып келген Сейфолланың баласы, – деді. Мәлік орнынан атып тұрып, Сәкенге қарап: 
– Кел, бауырым, құшақтасып көрісейік, – деді де, екеуі құшақтасып, көрісіп амандасты. 
– Қайтып соғуға жол түспей қойды. Бір барып қайтсам ба деп жүр едім. Баласын уайымдап қамығып қалып еді. Ал, бауырым, қанша боласың? Бүгін мейманымызсың, – деді. Сәкен:
– Таң ата аттанамыз. Бұл жақта онсыз да екі-үш жұмадай болдым. Түркістаннан хабар да келіп қалуы керек, – деді. 
Сәкен мен Шәдітөре көп әңгімелесті. Кешкісін Мәліктөре келіп: 
– Қане, үйге, дәмге жүріңдер, – деді. Үйі жақын екен. Тай сойып, дастарқан жасап тастапты. Таң ата жолға шықтық. Сәкен: 
– Әттең! Шіркін, уақыт болғанда әлде де екі-үш күн армансыз сыр шертер едік. Енді мұндай жандар кездесе ме, кездеспей ме? – деп күрсінді де жүріп кетті. 
Түркістаннан хабар келіпті. Ертең түнде «Суындық» асуына арғы жақтан адамдар келетін болыпты, Сәкеннің жүзі бал-бұл жанып:
– Көптен күткен хабар да жетті-ау Амантай, Жәке! Таңертең ерте шығайын,  – деді. Амантай:
– Үшеуің Сәкенді шығарып салып келіңдер, – деп тапсырма берді.
Таңертең бес аттылы болып, Көкалаңның үстімен Балықшыға тіке тарттық. Сәкендерге арнап үй тіккен Тазабұлаққа да жеттік. Келсек, алты-жеті ат талдың астында қаңтарулы тұр. Қазан жақтан бұрқырап түтін шығып жатыр. Екі-үш адам қарсы беттегі биіктен төмен түсіп келеді. Олар жан-жақты бақылап жүрген шолғыншылар екен. Біз аттан түсіп үйге кірсек, Тоқабай, үш-төрт адам және Сәкеннің ертіп жүрген келіншегі отыр. Келіншек ұзын бұрымды келісті сұлу әйел екен. Біз кірген соң ол далаға шығып кетті. Тоқабай:
– Сәке, қалай? Аман-есен барып келдіңіздер ме? Шайыр мен Батыр елде ме екен? – деп жатыр.
Сәкен Амантайдың қалай қарсы алғанын, Шәдітөре мен Мәліктөреге қалай жолыққанын айтты. Тоқабай:
– Мен жіберген хабаршыға жолықтыңыздар ма? Ал, Түркістаннан келген мына хабаршыны тыңдайық, – деп қасында отырған аққұба мұртты жігітке қарады. Мұртты жігіт:
– Менің атым Бейсенбі. Түркістаннанмын. Большевиктер жеңіп, өкіметті қолға алды. Революциялық комитет сіз туралы естіді. Мына хатты «Ешкімнің қолына түсірмей сізге тапсыр» деп еді. Хат әкелгенімді ешкімге айтқан жоқпын. Мына қасыңыздағы адамдар сенімді деген соң, беріп отырмын, – деді. Қойнынан бір жіпке оралған хатты берді. Сәкен алып оқыды. Бірақ, онда не жазылғанын айтпады. 
– Ал, жолдастар! Ісіміз оңға басты. Революция жеңді. Кеңес өкіметі орнады. Патша өкіметі құлады. Келмеске кетті. Мен енді сонда кетемін – деді. Тоқабай:
– Сәке! Таңертең ерте адам жіберемін. Көпке жария болмасын деп хабаршыдан айтып жібердім, – деді. Сәкен:
– Тоқа! Баратын жеріміз ұзақ па? Қанша жер? Хабаршыңыздың айтқан жеріне барып, Түркістаннан келетіндерді сонда күтейік, – деді.
Қалың жыныс тоғай екен. Аттан түсіп, отын жинап, от жақтық. Соның айналасында әңгімелесіп отырдық. Сәкен Кеңес өкіметі туралы, революция туралы, қалай қамалғанын, қалай қашып шыққанын әңгімеледі. Біраздан кейін домбырасын алып, қос ішекті шерте бастады. Жанәділ:
– Сәкен, шырағым, өткен жолы айтқан әндерің көңілге қонымды, жанға жайлы еді. Қарап отырғанша «әу» деп отырсайшы. Сенің даусыңды да сағынатын боламыз, – деді.
Сәкен «Әупілдек», «Қорлан», «Бір бала-ай», т.б. біраз әндерді қоңыр даусымен орындап берді.
Жанәділ болыс өзімен бірге бір-екі әнші жігіттерді де ерте келген екен.
– Сәкен, мына қасыңда отырған жігіттердің де «әу» дейтіні бар еді.
– Онда солардың әнін тыңдайық, – деп домбырасын ұсынды. Олар Қаратаудың, Сыр елінің халық әндерін шырқады. Бір уақытта Сәкен:
– Домбыраны әкелші, – деді. Домбыраны алып, біраз шертіп отырды да: 
Келемін тау ішінде түнделетіп,
Аймақты күңірентіп, өлеңдетіп.
Ақбоз ат астымдағы сылаң қағып,
Жалтақтап құлақтарын елеңдетіп.
Ақбоз ат менің тұлпарым,
Шалқыған көңіл сұңқарым,
Көкірек керіп жұттым мен,
Ауаның жазғы жұпарын.
Ей! Сүмбілшаш!
Қара көзің,
Тәтті сөзің,
Білгейсің келгенімді жалғыз өзің.
Ұйқыға әнімді естіп берілмессің,
Маужырап төсегіңде керілмессің.
Ақырын үйден шығып уәделі,
Жеріңе келуге сен ерінбессің.
Сәкен әнді аяқтады да:
– Тоқабай, мына өлеңнің алғашқы шумағын сенің үйіңдегі келінге, қайырмасын Боз жорға атқа, екінші шумағын қасымда отырған Меруертке арнадым, – деп төс қалтасынан бір парақ бүктеулі қағаз алып Тоқабайға берді:
– Ал, әнші жігіттер, бұл әнді енді сендер айтып көріңдерші, – деді. Олар домбыраны алып кезек-кезек орындап көрді. Бұл сол «Тау ішінде» деген ән еді.
Жәнәділ:
– Сәкен шырағым, енді бізге арнағаның қайда? – деп күлді. Сол кезде Сәкен екінші төсқалтасынан тағы бір бүктеулі қағаз шығарып, оны Жәнәділге ұсынды.
– Жәке! Бұл өлең сізге арналған жеті-сегіз шумақ. Оны таңертең оқып көрерсіз. Соның бір шумағы есімде қалыпты.
«Бар ма екен жөн білер жан 
Қаратауда
Мал табар кәсібің бе салып сауға?
Әйел мен ер жігіттің арасына
Есті жан араласпас мұндай дауға»
қалғанын ұмыттым, – деді.
Осы кезде әскери киім киген бір топ атты адам келді. Басшылары болуы керек, ішінде ерекше киінген біреуі Сәкенмен көрісіп амандасты. Бұрыннан таныс-ау шамасы. Тоқабай жігіттеріне дастарқан жайыңдар деп бұйырды. 
– Мына келген жігіттердің қарындары ашқан шығар, әлденіп алсын, – деді. Әңгіме барысында келген адамдардың басшысы Сәкенге қойнынан бір қағаз алып берді. Сәкен оны отқа жақындатып, соның жарығымен оқып шықты.
– Өкіметті толық өз қолдарына алды ма? – деді. Әлгі кісі:
– Революция жеңді. Сізді күтіп отыр, – деді. Тамақтанып алған соң: 
– Сәке, жолға шығайық. Таң да сыз беріп қалды, – деді. Сәкен бізге, Жанәділ мен Тоқабайға қарап:
– Ал, ағайын, қоштасар сәт те келді. Бір айға жуық ауылдарыңда мейман болдым. Ілтипаттарыңа үлкен рахмет, – деп барлығымызбен құшақтасып қоштасты. Жігіттер боз жорғаны көлденең тартты. Сәкен барып жүгенінен ұстап, жорғаның басынан сипап тұрды. Атты жетектеп Жанәділдің алдына алып келді де:
– Жәке! Мен сізге шексіз алғысымды айтамын. Маған мына боз жорға атыңызды беріп едіңіз. Ал, енді мен кетіп барамын. Бұл атты Түркістанда мініп жүре алмаймын. Сондықтан оны өзіңізге қайта сыйлаймын. Маған қуат, шабыт берген әуелі сіздердің пейілдеріңіз бен ықыластарыңыз. Және мына ақ боз ат, – деп Жанәділге ұстатты. Келген адамдар екі атты ала келген екен. Тоқабайдың жігіттері сол екі атқа ас-ауқатты түгел салып берді. Сәкен атқа мінген соң артына қайырылып тұрып:
– Ағайындар, елге сәлем айтыңдар! Қош болыңдар, – деді де келгендермен ілесіп кетті. 

Рахманберді ЖАППАРҚҰЛҰЛЫ,
тарихшы, өлкетанушы.


Пікір қалдырыңыз