Өз ісінің нағыз маманы

Мен былтыр облыстық аурухананың №2 хирургия  бөліміне  ауыр жағдайда түскен едім. Дәрігерлер «Кишечная непроходимость» деген диагноз қойды. Қазақшалап айтқанда, ішектің түйілуі. Мұндай дертті досың түгілі, жауыңа тілемейсің. Қатты қиналдым, әбден азаптанып, әлекке түскенімді әлі күнге ұмыта алмай жүрмін. 

Сол кезде хирург  Ержан Рыскұлбекұлы Түзелбаев  ауыр жағдайда жатқан маған күрделі операция жасады. Отадан кейін ұзақ уақыт емдеді. Ажалдан арашалап қалған дәрігерді қалай өз кәсібінің білгірі деп айтпайсың?! Ержан – Гиппократ антына адал, барынша қарапайым, адамгершілігі мол, қол астындағы дәрігерлерге қатаң талап қоя білетін жетекші әрі жаңашыл хирург. 

Хирургия бөлімінің  меңгерушісі қаншалықты білімді, тәжірибелі,  адал болса, басқа  қызметкерлері де сондай ақжарқын, адал, өз кәсіптерінің шеберлері саналады. Осы бөлімде ем алған науқастардың барлығы Ержан Түзелбаевқа ризашылығын білдіреді. 

Медицина қызметкерлерінің мерекесі қарсаңында газет мүмкіндігін  пайдаланып, облыстық клиникалық аурухананың 2-хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Ержан Түзелбаевқа және оның әріптестеріне алғыс айтқым келеді.

Гүлшат ЕСМАҒАМБЕТОВА.

Пікір қалдырыңыз