«Ең алдымен тыңдаушы мықты болу керек!» Дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали:

– Ерлан аға, Оңтүстік өлкесіне қош келдіңіз! Қазақтың дәстүрлі ән өнері еліміздің табиғи ерекшеліктеріне қарай бірнеше мектепке бөлінетінін білеміз. Арқа мен Жетісу, Батыс мектептерінің інжу-маржандары сіздің бұлбұл ұя салған көмейіңізден төгіліп жатады. Елордада қызмет жасайтыныңызды да білеміз. Слдан ба, Шымкентте өткен «Бабалар аманаты» деп аталатын тарихи-танымдық, әдеби-музыкалық концертке Арқа мектебінің әнін алып келдіңіз. Өзіңіз айтыңызшы, қай өңірдің тумасысыз?
– Мен Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келгенмін. Әкем де, шешем де ғажап әнші болған кісілер. Арқа әуендерін ең әуелі солардан құлағыма сіңіріп өстім. Әкем бес жасымда бойымдағы жылт еткен ұшқынды байқап, қолыма домбыра ұстатты. Қасына отырғызып қойып, халық әні «Сұржекей» мен Біржан салдың «Жонып алдысын» үйретті. Бала күнімде біздің үйде қазақ өнерінің қаймақтары, ұлт әдебиетінің майталмандары жиі бас қосатын. Сондай отырыстардың бірінде күміс көмей, жез таңдай әнші ғана емес, тілінен бал тамған шешен әрі қаламы жүйрік жазушы Жәнібек Кәрменовтен бата алғанмын. Бұл мен үшін үлкен абырой. Оны әлі күнге дейін мақтанышпен айтып жүремін. Жөргегімнен ұлттық музыканың уызына қанып өскендіктен шығар, халық әндері мен халық композиторларының әндерін жақсы көремін. Ал, заманауи әндерді әбден саралап, сүзгіден өткізіп барып қана тыңдаймын.
1995 жылы ұлы Абайдың 150 жылдығына орай республикалық деңгейде үлкен іс-шара ұйымдастырылды. Оған қатысушылар ауданаралық, облыстық деңгейлердегі байқаулардан өтіп келуі керек еді. Сол іріктеулердің барлығынан сәтті өтіп, республикалық ақтық сында бас жүлдені иелендім. Аталған шарада қазылар алқасы мені ерекше ұнатып, әкеме «мынадай талантты баланы Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыка мектеп-интернатына беру керек» депті. Содан әкем осы мектеп-интернатқа алып келді. Ол кезде 7-сыныпта оқитынмын. Төрт емтиханның екеуін ғана тапсырдым. «Қалған екеуі қажет емес, сен одан өтіп тұрсың» деді мұғалімдер. Бірақ, бұған дейін ешқандай музыкалық мектепте оқымағандықтан, мені 5-сыныптың партасына отырғызды. Болашақ әншілерді даярлайтын сынып жоқ екен, күй үйренетін болдым. Айтжан Есенұлы мен Перизат Елеусізқызы сынды ұстаздардан дәріс алып, консерваторияға оқуға түстім.
Дегенмен, маған халықтық өнерде білімді елдегі (Семейді айтып отыр. Автор) әншілер берді. Әкемнің, шешемнің сын-ескертпелері бар. Солардың бәрін кішкентайымнан жадыма тоқып өстім. Одан бөлек Жүсіпбек Елебековтің алғашқы шәкірті Санақ Әбуовтің де халқымыздың әншілік дәстүрін жете меңгеруіме қосқан үлесі орасан зор болды. Ол кісімен жақын араластым. Баласындай болып қаншама уақыт үйінде жатып, тәлім алып, әңгімесін тыңдадым. Алматыда оқып жүрсем де, Санақ ағамды әдейілеп іздеп келуші едім.
Ұлттық музыкамызда өзіндік із қалдырған Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, Жәнібек Кәрменов сынды алыптардың да өнерін құрметтеймін. Бағалаймын. Сондай-ақ, өзімнің алдымдағы аға буынның тәлім-тәрбиесін алып, үлкен сахнаға жол тарттым.
Қазіргі таңда Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен ашылған «Халық қазынасы» бөлімін басқарып отырмын. Әзірге онда 13 өнерпаз бар. Жақында «Қазақконцертке» ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев келді. Біздің бөлімнің жұмысымен танысып, оны кеңейту керектігін айтты. Жеке би және сол сияқты сал-серілерге тән бойында болған акробатикалық өнердің бүгінде ұмыт қалғанын алға тартып, оларды қайта жаңғыртуымыз үшін қосымша тағы 17 штат ашып берді. Бұйыртса, ұлтымыздың ұмыт болған өнерлерін жаңаша стильде дамытып, тірілтетін боламыз.
– Осы орайда соңғы 30 жылда халықтық өнеріміздің қалай дамығанына тоқтала кетіңізші...
– Отыз жылдың ішінде дәстүрлі өнерімізді дамыту үшін ешқандай жұмыс істелінбеді деуден аулақпын. Қазақтың 100 әні мен 100 күйі жазылған жинақ пен қазақ әндерінің антологиясы жарық көрді. Осы екеуінде де редакция алқасының құрамында болдым. Қазақ әндерінің антологиясына менің орындауымдағы бірнеше ән енді. Александр Затаевич сынды музыка сыншыларының, өнер зерттеушілері мен ғалымдардың еңбектері толықтырылып, қайта басылды. Александр Затаевичтің кітабынан өзімнің репертуарыма бірнеше әнді қостым. Соның ішінде Абайдың «Сен мені не етесің?» деген әні де бар. Оны Ниязбек Алдамжаров деген кісі Абайдың ағасының аузынан жазып алған екен. Сосын атақты «Топайкөктің» басқа нұсқасын кезіктірдім.
«Рухани жаңғыру» және «Мәдени мұра» бағдарламалары аясында да түрлі шаралар ұйымдастырылды. Дегенмен, өкінішке қарай, мұның барлығы біздің ұлттық өнеріміздің өз деңгейіне көтерілуіне ықпал ете алмады. Әлі де оны насихаттауды мемлекет өз қолына алуы керек деп ойлаймын. Мәселен, қазір Англияда ағылшындардың ұлттық музыкасын насихаттайтын оқу орындары ашылып жатыр.
Бір оқиға есіме түсіп отыр. Студент кезімде Францияға бардым. Білесіз бе, француздардың ертеде жыраулары болған. Олар оны «трубадур» деп атайды. Француздар классикалық музыкаға қатты көңіл бөліп кеткендіктен, елде трубадурлар жоғалып кеткен екен. Жак есімді француз соны қайта жаңғырту үшін меценаттарды тартып, жыл сайын фестиваль өткізетін көрінеді (Бір қызығы, Жак өнерге еш қатысы жоқ, басқа саланың адамы). Сондай шаралардың біріне барғанымда, одан «мұның бәрін не үшін істеп жүрсіз? Бұл нәтиже бере ме?» деп сұрадым. «Әрине, бұл еңбек қазір емес, 50 немесе 100 жылдан кейін өз жемісін бере бастайды. Жырауларымыз қайтып оралады. Себебі, қанда бар дүние ешқашан ұмытылмайды. Түбі бір шығады. Осындай шараларды көптеп өткізіп, таланттардың көзін ашуымыз керек» деді. Құдай бетін аулақ қылсын, біздің салт-дәстүріміз бен ұлттық өнеріміз олай түбірімен жойылып кеткен жоқ. Жақсы әрі толық сақталды. Түп тамырынан ажырамаған ұлт әлемде кемде-кем. Сондықтан біз қолда бар дүниелеріміздің, саф алтындай жауһарларымыздың қадіріне жете білуіміз қажет.
Бұл үшін әрине, бірінші кезекте ұлттық өнердің орталығы болуы керек. Ол дәстүрлі деп жүрген әншілердің, жыршылардың, айтыскер ақындардың басын біріктіреді. Онда домбыра секілді ұлттық аспаптарды жасайтын қолөнер шеберлері мен ұлттық киімдерді тігетін тігіншілер шоғырланса деймін. Себебі, соңғы кезде өнерпаздар ұлттық киімдерді сахнаға жас ерекшеліктерін сақтамай киіп шыға беретін болды. Үкілі бөрік пен ұзын шапанды мектеп оқушысы да, студент те киюде. Ал, бұл жастағылар тақия кию керек.
– Англияны айтып қалдыңыз. Білуімізше, сіз онда бір жарым жылдай тұрып келдіңіз. Шетелдің бізден артықшылығы неде? Қазақтың даусын, халқымыздың ән салу мәнерін әлемдік сахнаға алып шыға алдыңыз ба?
– Келіншегім «Болашақ» бағдарламасымен Англиядағы университеттердің біріне оқуға түсті. Содан отбасымызбен шетелге барып тұрдық. Бұл сапар менің ағылшын тілін жетік меңгеруіме септігін тигізді. Музыка саласы бойынша әлемдік деңгейде өтетін шаралардың дені ағылшын тілінде болады. Шет тілін білмегендіктен біздің өнерпаздар олардан шет қалып қоятын еді. Енді, мәселеге осы тұрғыдан келгенде маған ешқандай проблема жоқ. Ағылшындармен тілмашсыз сөйлесіп, ұғыныса аламын.
Англияда нендей шаруамен айналысқанымды айтайын. Медіғат Құлжанов, Жомарт Омаров, Шыңғыс Құлжанов сыңды ағаларымыздың демеушілігімен «Маңмаңгер» деп аталатын ән жинағымды шығардым. Қазақтың төл өнерінің төрге озуына жанашырлық танытып жүрген бұл азаматтарға алғысым шексіз. Жинаққа өз орындауымдағы 38 ән енді. Оларды Англиядағы алдыңғы қатарлы дыбыс жазу студиясында жаздым. Мұнда Еуропаға танымал әншілер келеді екен. Біздегі дыбыс жазу студияларында бір немесе екі микрофон қоятын болса, онда менің бір өзімнің алдыма 5 микрофон қойды. Осыдан-ақ, бұл дыбыс жазу студиясының жұмысының сапасын бағамдай беріңіз.
Әрине, шетелдіктер қазақ халқының дәстүріне, әніне тәнті. Әсіресе, олар халық әндерінің далада туғанын естігенде, мұндай әуенді арнайы білім алмаған ата-бабаларымыздың қалай шығарғанына таң қалады, тамсанады. Менің өзім де тағдырын әнге қосып, дауыс ырғағын табиғатпен үндестірген ұлттың ұрпағы болғаныма іштей қатты қуандым. Өнерімізді жат жұрт бағаласа, біздің де мәртебеміздің асқақтай түсері анық қой.
Англияда тұрған кезімде талай нәрсеге көз жеткіздім. Ол жердің кез келген азаматы өте мәдениетті әрі қарапайым. Кісіге мейірімді. Өнердің еш түрін жатырқамайды. Тыңдай біледі. Және оны ойсыз тыңдамайды. Әннің арасында шапалақтауға тура келетін ырғақ болса шапалақтамайды. Олар алдымен әнге міз бақпай отырып құлақ түреді. Ән қалықтап барып тоқтағанда ғана тыңдап отырған көрермен үдере қол соғып, бар даусымен «Браво» деп айқайлайды. Әншіге деген қошеметтері мен ықыластарын концерт біткен соң арнайы іздеп келіп, алғыс айтумен білдіреді. Біз әлі ондай деңгейге жете қойған жоқпыз. Халықтың көпшілігі ойсыз дүниелерді, теледидар экранынан қай әнші көп шықса соны тыңдайды. Нағыз өнерді бағалай бермейді. Таразыламайды.
Ең алдымен тыңдаушы мықты болу керек. Сонда айтушы да мықты болады. Қазақта «айтушыдан тыңдаушы мықты болсын» деген сөз бар. Бабаларымыз бізге өнердің барлық түрін жіпке тізген моншақтай етіп қалдырып кеткен. Тек соны игере алсақ болғаны.
Менің ойымша, осы заманға лайықталып салынған, ұлттық музыканың акустикалық табиғатына бейімделген ең кемі 500 -700 орынды шағын залдарды көбейту қажет. Сондай концерт залдарда ғана домбыраның қоңыр үнін микрофонсыз ести аламыз.
– Қазақ домбыраны киіз үйде отырып тыңдады. Қазір оның даусын микрофонның көмегімен естіп жүрміз. Шіркін, сіз айтқандай домбырамыздың қоңыр үні микрофонсыз көкке әуелесе ғой... Бірақ, ол үшін сондай бір ерекше, даусы ұзаққа кететін домбыра керек шығар.
– Кеңестік кезеңде Қарағандыда домбыра жасайтын фабрика болды. Одан шыққан домбыралар еліміздің түкпір-түкпіріне тарады. Дегенмен, олар нағыз шеберлер жасаған дүниелермен салыстыруға келмейтін еді. Жоғарыда айтып өткен орталықта қолөнер шеберлері бір-бірімен бәсекелесе отырып жұмыс істейтін болса, бұл біздің ұлттық аспабымыздың да бағының ашылуына ықпал етер еді.
Қазір ғылым саласы едәуір дамыған. Шеберлеріміз ғалымдармен ақылдаса отырып, даусы кемі 500-700 орынды залды қамтитын домбыра жасап берсе игі еді. Тойға барсақ та, концертке барсақ та еститініміз даңғырлаған әуен. Оның даусын тағы қатты шығарып қояды. Құлағыңды басып, тұра қашқың келеді. Біз түбінде концертті микрофонсыз өткізетіндей деңгейге келуіміз керек. Өйтпесек, осылай кете береміз.
– Домбыраңызды бір ғана шебер жасайды ма?
– Жоқ. Домбырамның әрқайсысын әртүрлі шебер жасаған. Себебі, бір шебердің қолы саған келгенде жақсы жүреді. Енді бір шебердің қолы саған келгенде мүлдем жүрмей қалады. Мұнда көзге көрінбейтін бір тылсым бар. Мен домбырамның қаңқасын жасаған шеберге ішін ойғызбаймын. Оны басқа шеберге тапсырамын. Сосын әр шеберге әртүрлі дауыс айтамын. Өйткені, кей күндері қатқылдау үнді аңсап тұрасың, кей күндері балбыраған бос үнді қалайсың. Домбыраны да соған қарай таңдаймын.
– Қанша домбыраңыз бар?
– Бұрын 15 шақты еді. Қазір 5-6 домбыра қалды. Көпшілігін сыйға беріп жіберемін.
– Жаңа ең әуелі тыңдаушы мықты болуы керек деп қалдыңыз. Өкінішке қарай, арамызда эстрадалық әндерді тыңдаушылар басым.
– Сондықтан дәстүрлі әннің насихаты басқаларға қарағанда көбірек болуы керек. Ол жұмыстарды атқаруды мемлекет өз мойнына алуы тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларының бірінде «Біз бірліктің бастауы болған дала демократиясының дәстүрін жаңғыртуымыз керек» деді. Бірліктің бастауы болған дала демократиясы біздің қазақтың ұлттық мәдениетінде, салт-дәстүрінде, өнерінде жатыр. Оны алыстан іздеудің қажеті жоқ. Биліктегілер соған көбірек көңіл бөлсе жетіп жатыр.
– Өзіңіз эстрадалық әндерді орындайсыз ба?
– Эстрадалық мәнер – жалаң мәнер. Ол әншіге опа бермейді. Еуропадағы опера әншілері Вердидің арияларын айтатындары Бетховенді айтпайды. Бетховенді айтатындар Вердиді айтпайды. Сондай дүниені ескере жүру керек. Олар музыкалық сауаты бізден сан мыңдаған ғасыр бұрын жолға қойылған халық. Дегенмен, әлі күнге дейін осы қағиданы сақтайды. Халқы да соны талап етеді. Ал, бізде өзіңіз білесіз, олай емес.
Мен эстрадалық әндерді айтпаймын. Айтсам, түбін түсіремін. Елімізге белгілі әнші Тоқтар Серіковтің «Ерлан, сен эстрадаға келме, эстрадаға келсең, біз нан таба алмай қаламыз» деп мерейімді көтеріп қойғаны бар еді. Дәстүрлі әннен бағы жанбаған әншілер эстрадада жұлдыз болып кете алады. Себебі, эстрадалық әндерді айту анағұрлым жеңіл. Дәстүрлі әннің мектебінен өткен өнерпаздар кез келген жанрдағы әнді иіріп алып кетеді.
Ал, енді керісінше, эстрададан халықтық әнге келгендерден дәстүрлі әнші жасап шығару өте қиын. Ол үшін көп жыл еңбектену керек. Онда әр әннің өзіне тән мақамы мен мінезі болады. Мәселен, Ақан серінің әндерін орындайтын болсаң, оның өзіне тән иірімін меңгересің. Біржанның әндерін орындасаң бойыңа паңдықты, тәкаппарлықты сіңіресің.
Соңғы уақытта мені жан дүниелері дәстүрлі әннің табиғатымен үйлесім тапқан жастардың көбейе бастағаны қуантады. Бұрын оқу орындарында бір орынға 20 талапкер таласатын болса, қазір бұл көрсеткіш 40-қа жетіп қалды. Бұйыртса, осы өрендеріміз төл өнерімізді одан әрі өрлете түседі, әр өңірдің әнін өз қағысында дамытады деп сенемін.
Қазір дәстүрлі әндеріміз операда қайта шырқала бастады. Қазақ операсының іргесін қалаған Әміре Қашаубаев атамыз. Оның шәкірттері Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков және Ғарифолла Құрманғалиевтен кейін ұлттық нақышта ән айтатын дәстүрлі әншілер операға шықпаған. Қайрат Байбосынов, Жәнібек Кәрменов, Бекболат Тілеуханов, Рамазан Стамғазиев та операда өнер көрсетпеді. Араға 60-70 жыл салып мен опера сахнасына көтерілдім. Үзілген дүниені жалғадым. Бұл – үлкен бақыт.
Әттеген-ай, сол биігімді әкем көрмеді. Ол кезінде Мәдениет Ешекеев, Жәнібек Кәрменов сынды дүлдүлдермен қатар тұрған, елі құрметтеген, жұрты аялап, қадір тұтқан дара тұлға еді. Жүсіпбек Елебековтің шәкірттері әкемнің әнді айтқан сайын түрліше құлпыртатын, жаңа тыныс, тың серпіліс беретін үнін есту үшін Алматыдан әдейі іздеп келетін еді. Мен бар ғұмырын қазақтың әншілік өнерін дәріптеуге арнаған асылдың сынығы болғандығымды мақтаныш етемін. Ол қолыма ұстатқан қазақтың қара домбырасын өз биігінен түсірмеймін. Баба, әке аманатына қиянат жасамай, сызат түсірмей, ел көңілінен шығып дәріптеп жүруді өзіме парыз санаймын.
– Қазақтың әншілік дәстүрін жалғастырып, бүгінге жеткізушілердің бірі өзіңізсіз. Қазақтай талантты халқыңыздың құрметіне бөлене беріңіз! Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңыз үшін көп-көп рахмет!
Сұхбаттасқан
Дилара БИМЕНОВА, «Ońtústik Qazaqstan».