Жұмбақ хат ```Әңгіме

Сәуірбек Бақбергенов
Керуен жолының бойында жүргіншілер тағы да көбейе түсті. Шоқан әрбір қимылды, қарсы келген, басып озғандардың бәрін жіті бақылап, сергек келеді. Ақ патша әскерінің соңынан азық-түлік, оқ-дәрі тасыған түйелі керуендердің екі-үш қосын тізбегі артта қалды. Керуен тартушылардың көбі жергілікті халықтың адамдары. Мылтық асынған күзетшілер, селтиіп алдан, арттан төрт-бестен көрінеді. Ал қарсы келе жатқандар – аурулар, жүгін босатып, кері қайтқандар.
Меркеге отыз шақырымдай қалды деген кезде Шоқан көзіне жолдан бұрыс, тау бөктерінде отырған ақ боз үйлі шоғырлы топ ауыл көрінді. Ол өзінің суреткер, алымды өткір көзімен ауыл келбетіне ұзақ қарады. Кемінде отыз-қырық үйден тұратын үлкен ауыл. Төрт-бес қатар тігілген үйлердің көбі ақ боз, шаңқан. Бір қарағанда ол бұл ауылды өзі бұдан екі апта бұрын шыққан Тезек ауылына ұқсатты. Одан өзгешелігін де бірден көрді. Келім-кетімі көп, оның үстіне кілең шабарман, хабаршы, жаушы жігіттер ұстайтын Тезек ауылында тыным болмайды. Ол ауыл кілең көші-қонда жүргендей, сапырылысып жатады. Ал, мына ауыл ұйықтап жатқандай тып-тыныш. Келіп-кетіп жатқан ешкім көрінбейді. Шапқыншылық кезінде иелері тастап кеткен иесіз ауыл тәрізді қаңқайып, сағымданып тұр. Жұт, аштық болған жылдарда осындай қаңырап, иесіз қалған ауылдар жайында Шоқан әжесі Айғанымнан, әкесі Шыңғыстан талай-талай ертегі-аңыз тәрізді сұмдық әңгімелерді көп естіген. Оның есіне осындай жайлар түскенде ауыл сырын шын ниетімен-ақ білгісі келді.
– Таубай, аттарды доғар! Мен салт атқа мініп, бой сергітіп қайтайын! – деді ол.
Ол жетекте ойнақшып келе жатқан, Осман берген күрең қасқа атқа мінді де, қасына Нұғытжанды алып, жолдан бұрылды.
– Осы жерде күтіңдер! Аттарды босатып, жайып алыңдар. Өздерің тамақтанып, дем аласыңдар, – деп Таубай мен Қамшыбайды тарантастың қасында, жол жиегінде қалдырды.
– Асықпай, жайлап жүреміз. Ауыл иесіз болғанның өзінде есі дұрыс адамдар ауылға қарай шаппайды. Оны сен, Нұғытжан, менен гөрі жақсы білетін боларсың.
– Біздің Тезек төренің шабармандарынан басқаға ауылға қарай ат қойып, шабу айып қой, – деп Шоқанға қарады. Ондағысы – осы жерге Тезекті бекер қосқаным жоқ па, мына кісі оған қалай қарайды дегендей, сыр тарту.
Шоқан жайлап күлді.
– Шабарман деген атаудың өзі шабады деп тұрған жоқ па? Олар тығыз шаруамен, асығыс хабар алып жүреді. Ал олардан кейін ауылға қаралы адамдар, өлімге көңіл айтушылар шабады. Біз екеуміздің қазірге жағамыз бүтін, мал-жанымыз түгел ғой, – деп атшы жігітке бұл да сынай қарады. Денесі мығым, көзі қарақты, қара торы жігіттің өңі, атқа отырысы ұнады. – Қамшыбай бұл жолмен көп жүрген сияқты. Сен қалай едің, бұл жол саған таныс па?
– Таныс болғанда қандай. Тезекті Мерке мен Әулиеатаға, Созаққа алып келген қырық жігіттің бірі болдым. Ол, анау, әлгі елуінші жылдары ғой. Онда мен он тоғызда едім. Одан соң екі рет осы елдің игі жақсыларына Тезектің хатын алып келген төрт жігіттің бірі болдым.
– Өзің де шабарман, хабаршы бопсың ғой. Дұрыс-ақ. Сонда кімге келдіңдер?
– Хабаршының басшысы болады. Ол бізге кімге келе жатқанын, қоржынында, қойнында қандай хат, қандай сыр барын айта бермейді. Біздің міндетіміз – бас жаушыны күзету, кездейсоқ пәле-жаладан қорғау. Одан басқасы бізге беймәлім. Ал, жолды содан бері жақсы білем. Мені сізге жол білетін болғансын қосты.
– Жолды Қамшыбай да жақсы біледі екен. Екеуің де аса керек адамсыңдар. Тағы нендей шаруа бітіресіңдер, Тезек оны айтты ма?
– Айтқанда қандай! Әбден пысықтады. Күзетесіңдер, күтесіңдер деді. Ұрыс болып жатқан өңірде не болмайды, анау-мынау пәле-жаладан қорғайсыңдар, мұның өміріне жауап бересіңдер деді. Содан да сіз біздің кейбір сөзімізді жерге тастамай, тыңдауға тиіссіз.
– Ал, егер тыңдамай қойсам ше?!
– Өзіңізге пайдалы нәрсе айтсақ неге тыңдамайсыз?
– Жақсы сөзді тыңдау керек. Оның дұрыс-ақ.
Бұлар әңгіме үстінде ауылға тез жетті.
Шоқан ат басын тежеп, қайда, қайсы үйге бұрылуды ойлаған. Бастан-аяқ шолып өткенде белгілі бола кетті, бүтін ауылда ортада тұрған аса зор ақ боз үйдің ғана түндігі ашық екен. Ауылдың бала-шаға, кемпір-шалы үйлерін тастап, бас сауғалап тауға кеткен. Тек бір үйде ғана тірі жан бар.
Ол – түндігі ашық, есігі түрілген ақ үй. Бұлар ат тізгінін осы үйге қарай бұрды.
Сырттан дыбыс бергенмен, іштен жауап қатқан ешкім болмады. Сонда да болса бұлар аттан түсіп, түрулі есік, ашулы ағаш босағаға жақындады. Шоқан көзіне төр алдында асатаяққа сүйеніп үнсіз отырған қарт кісі бірден шалынды. Басын көтермеген бойы бұған ол да қарады.
– Ассалаумалейкум! – деді Шоқан.
– Уағалейкүмәссалам! – деді қарт.
Бұл жолы үсті-басы сап-сары ала, оқалап, алтындап тастаған орыс офицеріне ол шынымен-ақ аң-таң боп қарады. Шоқан сәлемді таза қазақша айтты. Бұл не ғажап дегендей қарт бетіне қайта қарады. Орыстың шен-шекпенін киген шығыс жұртының нәсілі екенін айтпай-ақ ұқты.
– Ауылды көріп әдейі бұрылдым, ақсақал, айып көрмессіз! – деді Шоқан.
Бұл жолы ол көз алдында отырған кісіге тінтіп, анықтай қарады. Буырыл сақалы белуарына түскен, қапсағай, қара кісі екен. Басы сопақша, жағы солғын, көнтек ерінді, қоңқақ мұрынды ірі адам екен. Осы тұлғасына лайық, мұны елеп, селт еткен жоқ. Кімсің деп сұрамады. Шоқан алғашқы сөзін қайталап айтты.
– Ауылды көріп, әдейі бұрылдым, ақсақал, айып көрмеңіз!
– Айып көргенде атымды алып қалар деп қорқасың ба? Қорықпа! Сескенбе! Біз бұл күнде алмаймыз, береміз.
Зілі бар сөз. Тау бөктеріне тастан қашап қондырған балбал тас сынды мынау адамның тегін емесін ұқты да, әңгімені өзін таныстырудан бастады.
– Ақсақал, мен Шыңғыстың баласы, Уәлиханның немересі болам!
– Иә, дұрыс. Осы, мынау орыс әскері санатында Уәлидің екі-үш немересі бар екен деп Садық Кенесары баласы айтып еді, иә, сен соның бірі екенсің ғой.
Шоқан жүрегінде Уәли ұрпақтарының бұл әскерде жүргені жайында кімнің айтқаны дық ете түскенмен, онысын сездірген жоқ.
– Иә, соның бірімін. Есімім – Шоқан.
– О, сен әлгі Қашғарға барып, мынау біздің көрші бауырымыз қырғыз жұртын аралаған Уәлиханов екенсің ғой. Көп естігем. Көргеніме қуанам десем, бәрібір иланбайсың. Нанбас сөзді айтып, нандырам, иландырам деп зорлана алмаймын. Бірақ, сен сияқты атын көп естіген адамды көзбен көрген ғанибет. Аман-сау жүрсің бе? Мен Байзақ деген кісімін.
– Сізді мен де өте көп естіген едім. Маған сізді қырғыз жақсылары сырттай әбден таныстырған. Осы келісте Тезек төре ауылынан шықтым. Ол кісі сізбен сан рет дәмдес-тұздас болған екен. Сіз жайында көптеген жақсы сөздер айтты. Көрсең сәлем бер, сәлем айт деп еді. Ниетім дұрыс екен, әдейі іздеп келгендей, ауылыңыздың үстінен шықтым.
– Ауылдың кімдікі екенін білмей келдің-ау, шамасы! Бұл менің жайлауым емес.
– Сұрайтын бір жан кездеспеді. Білмей келдім.
– Білмей келсең, айтайын, ауыл менікі емес. Мен қонақпын. Бірақ, бұрынғы сиқы жоқ. Жұттан, шапқыншылықтан қалған ауыл сияқты. Сенен несін жасырамын. Өзің Уәлиханның немересі екенсің. Абылайға шөбере боласың. Мұның үстіне ақ патшаға қызмет етеді екенсің. Біз сонау жылы, 1854 жылы ақ патша әскерінің басшыларына, Қапалға арнайы хат жазып, Тезек төрені соны тапсыруға өкіл еттік. Мен, Байтерек, Сұраншы, Әлішер, Жауғашты қол қойған хатта олардан бізді мынау Қоқан хандарының қорлығынан қорғаңдар, бізді қолтықтарыңа алыңдар дедік. Шын, адал ойымызды айттық. Сенен несін жасырамын деп, бұлданып отырғаным сол – біз адал ниетіміздің арты осындай болады екен деп ойламадық. Өз қолыңмен істеген істің салмағын өз мойныңмен көтересің. Қабырғаң қайысады екен. Бірақ, құламай, қалқайып тұра бересің. Жан сырыңды дабыра етіп, айқай салсаң: «Ә, солай ма екен?» деп күлетін дос та, қас та табылады. Қанша дегенмен, тектіден шыққан ғой. Анау күні осында болған Садық менің бетіме түкірген жоқ, бірақ, қатты айтты, жанға батыра айтты. Біздің сол қылығымызды бетке салық қып, мысқылдап күле айтты. Ол менің баламнан кіші, немереммен құрдас. Мен сексен асып, тоқсанға кеттім. Ол әлі отызға жеткен жоқ. Соның өзінде: «Ал, Байзақ аға, Құдайдан қол жайып сұрап алған қуанышыңызға ортақпын. Азия әйелдерінде жұқпалы ауру бар деп солдаттарын қорқытып қойғаны болмаса, қан төгуге келгенде Қоқаннан кем түспесіне көзіңіз жетті ме? Мен ақымақ емеспін. Әкем жеңе алмаған күшті мен жеңемін деп жүрген жоқпын. Бірақ, келер ұрпақ алдында қызармай, арым таза болсын деймін. Мұндай қорлықты жалбарынып, аспанға қол жайып сұрап алғанша, ат жалында жүріп өлген артық. Әкемнің әкесін, ағаларымды бірінен соң бірін өлтірген Қоқан мен Бұхардың хандарын Садық жақсы көреді екен дегенді сізге кім айтты? Ол бекер, Байзақ аға, мен дүниенің төрт құбыласының төрт жағынан да жақсылық күтетін аңқау емеспін» деді. Байқасаң мұнда мысқыл да, мазақтау да бар, келеке етіп күлу де бар. Бәрінен бұрын табалау басым.
Байзақ жерге қарап, аса таяғымен ошақ басын түрткілеп көп отырды. Шоқан осы кезде барып, оған нағыз суретшінің көзімен қарады. Қолының саусақтары ұзын, қамшының өріміндей білеу-білеу, сыртын қатқан көңмен, әлде түйе мойнақшанашпен қаптап тастағандай қара қоңыр. Білегі жуан, сүйекті, жауырыны төңкерген қара қазандай, иығы кең, басы үлкен адам екен. Бұл оның бейнесін көз алдында қалдырып, суретін кейін оңаша отырып салғысы келді-ау, оған ұзақ қарады және жіті қарады. Нақ қазір «сіздің суретіңізді салам» деп қалам мен қағазға жармасу артық еді. Содан да оның сөзін тыңдай отырып, алып тұлғасынан көз алмады. Осы кезде оның бойынан өзгелерде кездесе бермейтін бір өрендік тапты. Өткір көзі тым тереңде, шұңғыл да шыңырау біткен екен. Мұның үстіне қабағы да биік, жарқабақ. Отырған жерінен тұрмаса да көрініп тұр, іші тартыңқы, қарны шықпаған. Бұдан ол өмір бойы ат үстінде өткен батырдың шын тұлғасын өз көзімен көріп отыр. Өз елінің қисса-дастандарында көп айтылатын батырларды көз алдына елестетіп, солармен салыстырды. Ұқсастық көп. Әсіресе батырға тән сабыр мол. Осы ауылдан небары отыз-қырық шақырым жерде қантөгіс, қырғын боп жатқанына қарамай, бүтін ауыл адамдары үйлерін тастап, тауға қашып кеткеніне қарамай, мынау адам жан-жағында ештеңе боп жатпағандай жайма-жай. Не болса да іште қайнап жатқанын тек шұңғылға біткен отты көздің жанарындағы мұң басқан кіреукеден байқауға болар еді.
Қайдан, қашан, қайсы үйден келгені белгісіз, мынау үйге екі салт аттының түсуі-ақ мұң екен, жас жігіт, жас әйел пайда бола кетті. Байзақ бұларға қарап, иегін көтеріп қалып еді, жігіт босағада тұрған үлкен сары самаурынды қос құлақтан қос қолдай көтеріп сыртқа, есік алдына ала жөнелді. Самаурын түтіндей бастады.
– Кемпірегін кигіз, балам, от тартпай жатыр, – деді Байзақ самаурын жанында көкпеңбек көк түтіннің арасында тұрған жас жігітке дауыстап. – Берекесі қашып, шай қайнатуды да ұмытқан ба мына жұрт.
Байзақ өзімен-өзі сөйлескендей, жай айтты, Шоқан оны естімегендей болды.
– Сонымен, айтып-айтпай не керек, ол маған күліп кетті. Мен оны, Садықты жазғыра алмаймын. Өйткені, орыстардың алдынан шығамын, соғысамын дегенде, мен оған күліп едім. Ол маған қосыл деді. Біз қосылмадық. Оны қолдамадық. Біздің ақ патша өкілдеріне хат жазып, уәде бергенімізді ол білмейтін. «Босқа қан төкпе, обалы бар, бала», – дедім оған. Ондағы ойым Черняев мырза біздің хат жазып, келмей жатып қол көтергенімізді ескеретін шығар деген едік. Олай болмады.
– Енді қалай болды, Байзақ аға? – деп Шоқан ұйқыдан оянғандай елең ете қалды.
– Қарусыз халыққа оқ атылды. Мәміле жайына қалды. Халық арасында үрей туды. Қоқан кім, оған еріксіз бағынған қарапайым қазақ кім деп ажырата сұрап, білгісі келген ешкім жоқ. Қасқыр қойға шапқанда аузына жылы-жұмсақ тиген бойда көзі қанталап, ештеңе көрмей кетеді. Мынау Черняев мырзаның кейбір қылығы қойға шапқан көкжал арланның мінезіне ұқсайды. Біз – қой, ол – қасқыр. Ол шабады, біз қашамыз. Міне, ел басына түскен күн...
Шоқанның Байзақ батырды бұдан әрі қарай еркіне жібере бергісі келмеді. Өйткені, жағдай түсінікті еді. Басқаны былай қойғанда, біз сендерге бағынамыз, бізді Қоқаннан құтқара көріңдер деген хатқа қол қойған адамның бірі Әлішер болса, оның аяғына темір бұғау, қолына шынжыр кісен салынып, Березовкаға айдалып бара жатқанын Шоқанның өзі көрді.
– Сіздің неге налып отырғаныңызды онша ұқпадым. Басынан, сонау хаттан бастап айтыңызшы? – деді де, Шоқан еңсесін көтеріп, жайғаса отырды.
Артынша дастарқан жайылды, шай келді. Сары самаурын ысылдап, он керегелі ақ боз үйдің нақ ортасына қойылды.
Шай үстінде Байзақ бұдан он жылдай бұрын жазылған хаттың сырын былай баяндаған:
– Қоқан хандығына Іле мен Арал ортасы, Қаратаудың теріскей бетінен бастап қарайды. Енді сол жерді Қоқан қойған датқалар, билер, бектер басқарады.
Бұрын біз Қоқанға түтін салық, мал салық, жер салық, жан салық төлейтінбіз. Бұдан он жыл бұрын хан осы төрт түрлі салықты аз дегендей, әрбір датқалыққа жүз қыздан қыз салық сала бастады. Бұл біздің халқымыздың тарихында бұрын-соңды болмаған масқара, қорлық, зомбылық еді. Қыз болғанда анау-мынау емес, еркесі, сұлу қыздар керек бопты ханға.
Бұл кезде Шоқан зерттеушіге, ғалымға тән әдетімен етсіз, ұзын да салалы саусақтарын ашып-жұмып, ішінен санап отыр. Түтін салық – бұл әрбір түндіктен, шаңырақтан, өз алдына от жағып, түтін түтететіндерден алатын салық. Мал салық – малдың басына, аз-көбіне қарай салынатын салық. Жер салық – жайлап отырған жер-судан, жайлау мен қыстаудан алынатын салық. Жан салық – бұл да мал сияқты жан басына, оның санына қарай салынатын салық. Осыларды ойлап отырды да, ол енді Байзаққа қарап:
– Байзақ аға, қыз салықтың мәні неде? – деп қалды, Шерлі де болса, Байзақ өзіне керекті сөзді бостан-бос өткізе салған жоқ.
– Шоқан, сені мен Қашғар, Жетісу, Қырғыз тауларының құпиясын шешетін білгір деп жүрсем, сен әлі Құдиярбек пен Мәліктің құпиясын білмейді екенсің ғой. Мұның мәні мынау: хан мен оның інісі Мәлікбек бір-бірімен жарысып күн сайын төсек жаңартады. Бұл – бәсеке. Одан қалғанын араб, парсы, ауған, үнді саудагерлеріне алтынға айырбас жасайды. Баяғыдан келе жатқан құлдармен сауда жасауды місе тұтпай, енді арулардың тәнімен сауда жасауға көшті.
– Мынасы мүлде сорақы екен! – деді де, Шоқан Нұғытжанға қарап: – Сен барып Қамшыбай мен Таубайды осында алып кел. Тамақтансын, демалсын. Бүгін бәрібір бұл жерден кете алмаспыз.
– Сендерді жіберейін деп отырған мен де жоқ. Бір күн болса да әлдеқандай болады, орыстың сары ала шекпенді мырзасын алдыма қалқан етіп тұтпаймын ба.
Байзақ зорланғандай әрең ғана езу тартты.
Әрине, ақ патшаның білдей бір офицерін алақаныңызға салып, қолбала қаршығадай ойната білсеңіз, ол да сізге бірер күн қалқан болуға жарайтын шығар. ,
– Иә, оның үстіне, Шоқан, ол өзі Абылай сынды тектіден шықса...
– Иә, онысы тағы бар.
– Міне, нақ сол шақта, мына мен бас болып, Тезек төреге Сұраншыны жібердік. Келсін, ақылдасатын шаруа бар дедік. Тезек келді. Мен, Бәйтерек, Әлішер, Сұраншы, Тезек бесеуміз тізе қосып, құпия кеңес өткіздік. Ең соңында Қапалда тұрған орыс әскерлерінің басшыларына Тезек біздің атымыздан өкіл боп жасырын хат апаратын болды. Хатты апарды. Тезек өзі бастап, Алматы жерін орыстарға бекініс жасауға берді де, өзі Іленің арғы бетіне шықты. Оның бұл еңбегін орыс өте дұрыс бағалады. Тезек хандығын аға сұлтандыққа айырбастап, Албан-суанға аға сұлтан боп шыға келді. Біз де осындай бір бейбіт күндерді күтіп едік. Онымыз бекер боп шықты. Әлде Тезек біздің көрсеткен, көрсетпек болған қызметімізді өзінің қарақан басына пайдаланып кетті, не патшаның саясаты өзгерді.
Шоқан да сезік тартты. Тезек қу адам. Ол мұндағы ел ағасы, атақты адамдардың тілегін өз тілегі, өз ісі етіп көрсетуі мүмкін. Хатты мен өзім барып, оларды үгіттеп, әрең жаздырдым деуі мүмкін бе? Қайткенде де Жетісу мен Әулиеатаның билері мен датқалары, батырлары мен ел ағалары жазған хат орыс әскерлерінің Қоқан хандығына қарайтын жерге баса-көктеп кіруіне бірден-бір себепші болды.
Осы кезде Шоқан есіне Тезек айтқан бір сөз түскен. Ол: «Ханға бағынатын хан болғанша, аға сұлтандығым артық» деген. Мансап пен атақты жек көрмейтін Тезек, Әлішер мен Байзақты, Сұраншы мен Жауғаштыны сыртынан саудалап, сатып кетуі де ғажап емес. Бірақ, ол өзінің бұл ойын батырға білдірген жоқ. Мұның шындығына жететін шығармын деген.
Ол осы кезде Тезек жайын ойлап отырды да:
– Сонымен, қыз салығы төленді ме? – деді.
Аса кешірілмес қате осында болды. Алғашқыда мән-мағынасына жетпей, әрбір датқалық жүз қыздан, ең жақсы аяулы қыздарын жіберді. Ол қыздар Құдиярбек пен Мәлікбектің ермегі боп кетті. Көбін Нұрмағамбет пен Әлімқұл араб, парсы, ауған, үнді елдерінен келген саудагерлерге алтынға, көкнәрге, нашаға айырбастап жіберген көрінеді.
– Ау, Байзақ аға, көшпелі болса да өзін еркін санаған, әйелінің бетін ашық ұстап, оларды ең қымбаттысы санаған, ана сыйлаған, әйелді құрметтеген қазақ елі үшін бұл масқара емес пе? – деп қалды Шоқан.
– Қателік кетті. Ел еліріп көтерілді. Біз сонда барып, ақылға келдік. Ел сапырылысып кетті. Наразылық көбейді. Біз осы күнде орыс патшасына хат жаздық. Оны, әрине, Қоқан ханы білмейді. Білсе, біздің басымыз кетіп жатыр. Әсіресе басқа-басқа, Байзақтың басы кетіп жатыр дей беріңіз!
– Есіме түсті. Ондай хаттың болғанын айтқан жігіттер.
Шоқан Байзақ батырдың осы бір аз әңгімесінен талай жайды ұқты да түйді. Сонымен бірге Байзақтың көңілі сынық екен. Қазіргі жайға разы емес. Сынық көңілді кәрі батыр сынған найза сияқты омырылып қалыпты. Бір жағы қарттығы, бір жағы заман, уақыт оны кемірген, мүжіген. Сынық көңілді кәрі батырдың әңгімесін Шоқан зерек тыңдады. Осы адамның суретін қағаз бетіне түсіріп алуды да көп ойлады. Бірақ, ретін келтіре алмады. Содан да ол батыр бейнесін көз алдында қалдырып, көңілде ұстауды мақсат еткендей, оған үнемі тіктеп, зерттей қарады.