«Менің Қазақстаным!» Оны тыңдаған сайын жан дүнием жаңғыра түседі

Тарихшылардың зерттеуінше, бабаларымыздың бағзы заманда тасқа ойып жазған таңбаларында ту белгілері байқалады екен. Біздің ұғымымызда Тудың жеңістерге жетелеуші, жігер беруші сипаты басым. Еліміздің туы көтеріліп жатқан тұстарда кім-кімнің де жүрегін мақтаныш сезімі билеп, мәртебеміз биіктей түседі.
Көк Туды әдетте бейбітшіліктің белгісі деп танимыз Ал, алтын сәулелі күн бейнесі – ашықтықтың, жарқындықтың символы. Қыран құс халқымыз үшін биіктікке ұмтылудың, мәрттіктің өлшемі десек, күн дегеніміз – жанды тіршіліктің, сәулелі ғұмырдың, өсіп-өркендеудің белгісі. Елтаңбадағы шаңырақ – халқымыз қадір тұтатын, өлшемі биік ұлттық құндылықтарымыздың бірі.
Шәкен Ниязбеков дүниеге әкелген Мемлекеттік ту мен Жандарбек Мәлібеков және Шота-Аман Уәлихановтың қолынан шыққан Елтаңба бүгінде бәріміздің жанымызға жақын. Біздің Әнұранымыз «Менің Қазақстаным» әні еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігін аңсаған жұртымыздың жүрегіндегі асыл арманы мен биік мұраттарына сай келетіндігімен де құнды. Тәуелсіздігіміз жария етілгеннен кейін 1992 жылы ҚР Мемлекеттік Гимні қабылданғаны көпшіліктің жадында болар. Уақыт талабына сай өмірге келген ол өзінің кезеңдік міндетін толық атқарды деп есептелді. Одан кейін бұл гимн халқымыздың мәдени мұрасына айналып, руханиятының алтын қорынан орын алды.
«Менің Қазақстаным!» бұл күндері мыңдаған жерлестеріміздің жүрек үнін, Отанға деген сүйіспеншілігі мен ыстық ықыласын, махаббатын білдіретін дүниеге айналды. Әнұран айтылып жатқанда кіндік қаның тамған киелі жер көз алдыңа келеді, асқақ тауларымыз айбарланып, мөлдір сулы өзен-көлдеріміз жанымызды сергітіп, кең-байтақ даламыз көңіл көкжиегімізді көтере түседі. «Менің Қазақстанымның» алғашқы нұсқасы осыдан алпыс жылдан астам уақыт бұрын жазылды. Композитор Шәмші Қалдаяқов пен ақын Жұмекен Нәжімеденовтің бұл туындысы атақты әнші Жамал Омарованың орындауымен Қазақ радиосына жазылып, халық арасына кеңінен тарады.
2006 жылдың 6 қаңтарында Парламент Сенаты мен Мәжілісінің бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Заң күші бар Жарлығына өзгерістер енгізу туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңының жобасы қаралып, Үкіметтің ұсынысы бойынша Мемлекеттік Әнұранның әуені мен мәтінін жаңарту мәселесі көтерілді. Осылайша, «Менің Қазақстаным» 2006 жылы 6 қаңтарда ресми түрде Парламентте талқыланып, Мемлекет Гимні болып бекітілді. Оның мәтініне Тұңғыш Президент тарапынан қосымша өзгерістер енгізілгенін көпшілік жақсы біледі.
Мемлекеттік Гимнді айтқанда жұртшылық орындарынан тұрып, оң қолын жүрегінің тұсына қояды. Бұл Әнұранды мен мазмұны терең, ішкі иірімі бай қазақ музыкасының биік шыңы деп атар едім. Оны тыңдаған сайын жүрегімізге ерекше қуат еніп, жан дүниеміз жаңғырығады, жігеріміз тасиды.
Осы орайда рәміздер тарихын қаншалықты терең білеміз деген сауал туындайды. Бұл сауалды, әсіресе, өсіп келе жатқан жас буынға қойғымыз келеді. Бүгінгі оқушы – ертеңгі маман, мемлекеттік қызметші, бәлкім, еліміздің тұтқасы. Олар үшін осының бәрін білу міндетті деп есептейміз. Осы бағыттағы шаралар мектебімізде тұрақты өткізіліп келеді. Оқушылар алдында лекциялар оқимыз, түсінік береміз, әңгімелер айтамыз. Бірақ, бұл аз. Ең алдымен, әрбір адам осы мәселені қамтуға, бойына сіңіруге өзі ұмтылуы тиіс.
Бүгінгі күні көп айтылып жүрген рухани жаңғырудың мәні де елдігімізді танытудан, өзімізді көрсетуден басталады. Ендеше, қазақстандық патриотизмді кеңінен қалыптастыру, жастардың бойында отансүйгіштік, мемлекетшілдік қасиеттерін дамыту күн тәртібінен түспеуі тиіс. Бұл ретте мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеу де айрықша орын алатыны айқын.
Арман ОРЫНБЕКОВ,
Абай атындағы дарынды балаларға арналған
№90 мектеп-гимназиясының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы.
Шымкент қаласы.