Көшедегі көрнекілік көз жұмып қарайтын мәселе емес!

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Қоғам өзгеру үшін әуелі адамдар өзгеру керек. Соңғы кездері адамдардың белсенділігі арта бастағаны байқалады. Бұрынғыдай «жеке басыма қатысы болмаса болды, қалғаны пұл болмаса күл болсын» деп арқаны кеңге салып жайбарақат жүретіндер азайды. Бұл – жақсылықтың нышаны. Мемлекет басшысы айтқан «Жаңа Қазақстанды» құру үшін, міне, осылайша әрбір адам қоғамның жақсы жағына қарай өзгеруіне атсалысуы керек. Бір жақсысы, бүгінде баспасөз бетінде көтерілген мәселелер көп ұзамай назарға алынып, оңтайлы шешіліп жатыр. Яғни халық өз үніне құлақ асатын мемлекетті тани бастады. 

Осыдан біраз уақыт бұрын редакцияға қоңырау шалып, әзіл-шынын араластырып біраз нәрсені айтқан оқырманның дауыс ырғағы құлақтан әлі кетер емес. Шынын айтқанда, күніне мың-сан адам хабарласып жататындықтан оның бәрін тыңдап, талап-тілегін мәселе етіп көтеріп, газет бетінен орын беруге мүмкіндік бола бермейді. Бірақ, неге екенін, әзіл сөздің түбін түсіретін «жұмбақ» жанның айтқаны арбап алды ма, дегеніне ден қойып, қалам тербеуімізге тура келді. «Жетісайдың «жұмыртқадан жүн қырқатын» пысық (пасық емес деп қояды) басшылары әлдеқашан өліп, сүйегі қурап қалған адамдарының да «күшін» кәдеге жаратып жүр. Қалай дейтіні бар ма, қаласаңыз бұл сөзімді сізге дәлелдеп берейін» дейді жұмбақтап сөйлеудің хас шеберіне айналған ол. Алғашқыда әзілдеп тұрған шығар дедік. Бірақ, әңгімесін әрмен қарай жалғап, мысал келтіре бастағанда кәдімгідей иланып қалдық.
Сөйтсек, телефонның арғы жағынан сөйлеп тұрған шағымданушы «көше бойына кім көрінгеннің портретін іліп қою қаншалықты қисынды? Әркім өз ата-бабасының жансыз бейнесін көпшілік орынға, көше бойына іле берсе, не болғаны? Әрине, елге еткен еңбегі бар шығар, олай болса, оның кім болғаны, қандай қызмет атқарғаны неге насихатталмайды? Тек «жаман шалдай жарбитып» көшеге тізіп қойғаннан не ұтамыз?» дегенді тұспалдап тұрған екен. 
Иә, кей-кейде редакцияға қоңырау шалып, осындай ой-пікірлерін айтып жататын көкірегі ояу оқырман қарап жүрмей бізге тақырып тауып беріп тұрады. 
Шынында да, әркімнің әке-көкесі өзіне әулие шығар, бірақ, оны қоғамдық орындарға, көше бойына қаздитып қоя беруіне болмайды ғой. Бұл, біріншіден, сол ауданның ішкі саясатының «іші түскенін» көрсетсе, екіншіден, «ақшаң болса бәрін де істей беруге болады» дегенді ишаралайды. 
Содан Жетісайдан қоңырау шалып тұрған оқырманның өтінішімен жолға шықтық. Ойымызға қозғау салған оқырманның «Көшеге кім көрінгеннің суретін жарбитып іліп қойғаны қаншалықты дұрыс?» деген сауалы санаға сіңіп қалса керек, аталған ауданға жеткенше жол жиегіндегі көрнекі құралдарға көз салып бардық. Елдің идеологиялық жағдайын қалыптастыруда көз түсетін жерлердегі лозунг, панно, билбордтардың маңызы зор екенін әр суретке көз түскен сайын сезініп келеміз. Сонадайдан көз тартатын гүлдің, табиғаттың, жеміс-жидектің, жасыл-желектің, тіпті төрт түлік малдың төресі түйенің, жайылып жүрген қозы-лақтың суретін көргенде өз еліңнің осынау байлығына еріксіз сүйсінесің. Ал, керісінше әбден көнеріп, түсі де сұрғылт тартқан, бояуы өңіп кеткен «көрнекіліктердің» мүшкіл көрінісі көңілді құлазытады. 
Жол-жөнекей Қазығұрт, Сарыағаш, Келес аудандарын кесіп өттік. Обалы не керек, басы артық билборд та, панно да, лозунг та кездестірмедік. Есесіне, елді, әлемді әбігерге салған індеттен сақтандыратын «Бетперде тағыңыз!», «Ковидке қарсы күрес – көпшіліктің ісі» деген сияқты, одан қалса, қолында билігі бар басшыларды жемқорлықтан сақтандыратын, ең құрығанда пара алу қылмыс екенін есіне салатын сөздер жазулы тұр. Саялы Сарыағаш пен киелі Келестің елжанды халқы бір-екі жерде өз өнімдерін жарнамалайтын «Сарыағаш жемісі», «Келес өнімі» деген сияқты көкөністің көрікті суреті безбенделген билборд ілуге де көңіл бөліпті. Ал, Жетісайға жақындағаннан қаққан қазықтай қаздиып тұрған адамдары бар «көрнекіліктерге» кезіге бастадық. Он шақты адамның сап түзеп тұрған суретіне дұрыстап түсінік те жазбаған. Бір жерінен «Ардагерлер» дегенін аңғарып қалдық. Әсілі, ардагер, ақсақал дегендер байыпты болушы еді, отырып мәміле шешетін сияқты еді, біз көрген суреттегі ардагерлер бала сияқты сап түзеп, түрегеліп тұр. Сонда қалай, Жетісайдың идеологтары елдің көңіліне қалай әсер етуді білмегені ме? Адам өзі қолға алған жұмысқа шығармашылықпен қараса, онша-мұнша келеңсіздіктерге жол бермейді. Ауданда осы салаға жауап беретін басшылар бәлкім «бұл суретті біз ілген жоқпыз, оны өздері демеуші тауып жасатты» деп ақталатын шығар. Бірақ, елдің басшысы, идеологиялық жағдайын қалыптастырушысы, соған қарап болашақ ұрпағымызға ненің не екенін ұғындырушы сайып келгенде солар емес пе?
Сонымен, мәселені көтерген кім? Бұл аса маңызды емес, маңыздысы – оның айтып тұрғаны қаншалықты рас? Жұмбақ жанның тұспалдаған тұсы –  Жетісай ауданындағы бұрынғы Тельман, бүгінгі Жаңа ауылға барғанымызда орталық көшеде он шақты адамның суреті ілулі тұрғанын көрдік. Тұрғындармен тілдесіп едік, олар да әлдеқашан о дүниелік болып кеткен жандардың бұлай ауыл күзетіп тұрғанына қарсы екенін білдірді. Тіпті, жарығы жоқ көшеде түнделетіп жалғыз-жарым жүруге қорқатындарын да жасырмады. Бір қызығы, көпшіліктің көңілінен шықпай, қайта наразылығын тудыратын бұл көріністі жергілікті билік өкілдері де құптамады. Содан не керек, көп ұзамай әлгі «көрнекіліктердің» көзі жойылды. Міне, осылайша оқырман тарапынан айтылған ұсыныс оңтайлы шешілді. Бірақ, бізде бір ой қалды. Және бұл мәселе Жетісайдан басқа жерлерде де орын алуы мүмкін ғой. Алдағы уақытта, мейлі қандай аудан болмасын, мұндай олқылықтарға жол бермесе екен деген ниетпен бұл тақырыпты жауып қоя салғымыз келмеді. Сонда қалай, қоғамдық ортаға, көпшілік жүретін жерге әркім-ақ көкелерінің суретін іліп қоя бере ме? Оның да өзіндік тәртібі, жөн-жоралғысы болуы керек емес пе? Әрине, әркім өз ауылының, өз көшесінің, өз ауласының көрікті болғанын қалайды-ақ. Бірақ, бұл – әркім өз ата-бабасының, ет жақынының суретін көрінген жерге іліп қоя берсін деген сөз емес. Көпшіліктің көзі түсетін әрбір әріп пен суреттің өскелең жастарға берер тәрбиелік мәні бар. Осы тұрғыдан алғанда көшедегі көрнекіліктер де мемлекет тарапынан қадағалануы тиіс. Тиісті қаржы қаралып, елді ынтымақ-бірлікке, отансүйгіштікке шақыратын жалынды сөздер жазылып тұрса, тіпті керемет!
Қаржы демекші, біз сөз етіп отырған ауданда бұл мәселеге өткен жылы бақандай 13 000 000 теңге бөлінген екен. Бірақ, бұл ақша қалай игерілгені қайдам, басқасын айтпағанда, мемлекеттік маңызы бар (Медицина күніне, БАҚ өкілдерінің мерекесіне) арнап жасатқан көрнекіліктерін көрсетіп бере алмады. Есесіне, Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Омар Есенбеков кейбір көрнекіліктерді жекелеген адамдар, үкіметтік емес ұйымдар орнатқанын жоққа шығармады. Бәлкім жоғарыда айтылған ардагерлердің қаз-қатар тізіліп тұрған суретін жекелеген адамдар мен үкіметтік емес ұйымдар өз қаражатына жасатқан болар. Сонда мемлекеттен бөлінген миллиондаған ақша қайда жұмсалған? 

Пікір қалдырыңыз