Мамандық таңдау – маңызды іс

Бүгінде мектеп бітіруіне бірер ай қалған түлектердің басым бөлігін мамандық таңдау мәселесі мазалап жүр десек қателеспейміз. Әрине, мамандықтың жаманы жоқ, бірақ жақсы маман болуға екінің бірінің қабілет-қарымы жете бермейді. Сол үшін қандай мамандық сені жалықтырмайды және ол мамандықты оңай меңгеру үшін бойыңда қандай қабілет болуы керек деген мәселелерді білу маңызды.

Иә, жастарды еңбекке баулу және мамандықтарын дұрыс таңдауға бағыт беру – маңызды істердің бірі. Болашақтағы кәсіби мақсатына дұрыс бағыт алған оқушы бойындағы қабілетін шығармашылықпен ұштастыра білсе, одан мықты мамандық иесі шығады. Ал, өз ісінің білгір маманы біздің қоғамның байлығы болып есептеледі. Сол себепті қазіргі таңда мектеп бітіруші түлектерге кәсіби бағдар ұсынып, кеңес айту үлкен маңызға ие. Қазіргі заман талабына сай мамандықтарды меңгерген жастарға сұраныс көп. Ал, заман талабына сай мамандықты қалай таңдаймыз? Бұл да бүгінгі түлектер үшін маңызды мәселе. Міне, осы мәселелердің мән-жайын түсіндіріп, дұрыс бағыт-бағдар алу үшін кімнің ақыл-кеңесіне жүгінгеніміз жөн?
Таяуда біздің мектеп басшылығының ұйымдастыруымен (ол үшін мектеп директоры Сапаркүл Шәулиеваға ерекше алғыс айтамыз) жоғары сынып оқушылары арасында «Қандай мамандықты таңдаймын?» немесе «Таңдаған мамандығыма қалай қол жеткіземін?» деген тақырып аясында дебат өтті. Одан кейін көп ұзамай «Дұрыс мамандық таңдау – кемелді болашақ» тақырыбында психолог, магистр, коуч тренер Гүлжан Бижановамен кездесу өткізілді. Гүлжан Серікқызы кездесу барысында оқушыларды ашық пікір алмасуға шақырып, өзінің тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ, жас түлектерден болашақта кім болғысы келетінін, ол үшін қандай әрекет жасап жүргендерін сұрады. Жай ғана хоббидің өзін үлкен мамандыққа ұштастыруға болатынын әсерлі әңгімелерімен жеткізе білді. Адам баласы уақыт өте келе барлық нәрседен жалығады. Тіпті, бала кезден армандап жүрген мамандығының өзі кейде адам баласын жалықтыратыны жасырын емес. Ондайда қосымша кәсіп үйреніп, бірер уақыт сонымен айналысқан дұрыс екен. Яғни бір ғана мамандықпен шектелмей, мүмкін болса бірнеше кәсіпті үйренгеннің зияны жоқ.
Түлектердің басым бөлігі құқық қорғау саласын, мемлекеттік қызметті таңдағысы келетінін айтады. Бірақ, ол үшін не істеу керек екенін біле бермейді. Өкінішке қарай, бүгінгі заман талабына сай мамандықтарды таңдауға танымдық білімдері жете бермейді. Егер мектеп бітірушілерге дер кезінде нені білуі керек екенін айтып, дұрыс жол таңдауларына көмектессек, біз осы әрекетіміз арқылы бір жастың жарқын болашағын қалыптастырып қана қоймай, еліміздегі маман тапшылығының да алдын алған болар едік. Осы тұрғыдан алғанда біздің көкейіміздегі сауалды танып, оның жауабын алу үшін Гүлжан Бижанова сынды мамандарды мектепке шақырып, келелі кездесу өткізгені үшін мектеп басшылығына тағы да ризашылығымызды білдіреміз.

Эленора АМАНҚЫЗЫ,
І.Жансүгіров атындағы жалпы орта мектебін бітіруші.
Жетісай ауданы.

Пікір қалдырыңыз