Аз қамтылған отбасылар назардан тыс қалмайды

Қазіргі кезде аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік жағынан қолдау өте өзекті мәселе болып тұр. Өйткені, өңірімізде мұндай санаттағы жандар көп. Сондықтан редакцияға газет оқырмандарынан атаулы әлеуметтік көмек, оны тағайындау, жәрдемақының мөлшері, отбасы мүшелерінің жиынтық табысын есептеу, әлеуметтік пакет туралы сұрақтар аз түспейді. Бұл жолы оқырмандарымыздың сұрақтарына облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Құралқызы ТЕМІРБАЕВА жауап береді.


 1. Атаулы әлеуметтік көмек кімдерге беріледі?

Гүләйім ЖҰМАНАЗАРОВА. Келес ауданы.
– Жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын Қазақстан Республикасы азаматтарының, қандастардың, босқындардың, шетелдіктердің және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдардың атаулы әлеуметтік көмек алуына құқығы бар.
Кедейлік шегінің шамасы тоқсан сайын өзгеріп отырады, ол газеттерде үнемі жарияланады, 2022 жылғы 2 тоқсанда кедейлік шегі 26 922 теңгені құрады.
Мысалы, егер құрамы 5 адамнан тұратын барлық отбасы мүшелерінің табысы айына 100 мың теңгені құраса, онда жан басына шаққандағы орташа табыс 20 мың теңге болады (100 т.тг. /5 адам), бұл 2 тоқсанға белгіленген 26 922 теңге кедейлік шегінен 6 922 теңгеге кем. Аталған отбасы тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығына немесе ауылдық округ әкіміне атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге өтінішпен жүгіне алады.

2. Атаулы әлеуметтік көмек қандай мөлшерде төленеді?

Сәндігүл ОРЫНБАСАРОВА, көп балалы ана. Қазығұрт ауданы.
– Атаулы әлеуметтік көмек отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы жиынтық табыс пен кедейлік шегі арасындағы айырма мөлшерінде тағайындалады. Отбасының табысы неғұрлым көп болса, атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері де соғұрлым аз болады.
Бұрын көрсетілген 5 адамнан тұратын отбасы үлгісінде атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері отбасының әрбір мүшесіне айына 6 922 теңгені, отбасына айына
34 610 теңгені (6 922 тг. х 5 адам), тоқсанына отбасына 103 830 теңгені (6 922 тг. х 5 адам х 3 ай) құрайды.

3. Еңбекке қабілетті адамдары бар отбасылар қандай көмекке жүгіне алады?              

Сажида ТӨЛЕГЕНОВА.  Мақтаарал ауданы.
– Еңбекке қабілетті мүшелері бар отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек шеңберінде шартты ақшалай көмек көрсетілетін болады.
Шартты ақшалай көмек – жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына міндетті түрде қатысқан жағдайда ғана аз қамтылған отбасыларға ай сайынғы немесе біржолғы ақшалай төлем нысанында көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек түрі. Яғни отбасының әрбір еңбекке қабілетті жұмыссыз мүшесі жұмыспен қамту орталығымен әлеуметтік келісімшарт жасасып, ұсынылған жұмыспен қамту шараларына қатысуға міндетті.
Әлеуметтік келісімшарт талаптары бұзылған, жұмысы өз бетінше тоқтатылған жағдайда атаулы әлеуметтік көмекті төлеу тоқтатылады, заңсыз төленген қаражат ерікті немесе сот тәртібімен қайтарылуға жатады.
Жұмыспен қамту шараларына қатысуы жұмыс берушінің МЗЖ аударуымен расталады.

4. Қандай жағдайларда атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудан бас тартылады?                                                                  

Пістегүл ӨСКЕНБАЕВА. Түлкібас ауданы.
– Атаулы әлеуметтік көмек төмендегі жағдайларда тағайындалмайды:
1) табысы аз болып табылмайтын отбасыларға (отбасының табысы кедейлік шегінен асып кетсе);
2) еңбекке қабілетті мүшесі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысудан бас тартқан отбасына;
3) алушының кінәсінен бұрын жасалған әлеуметтік келісімшарт бұзылған немесе әлеуметтік келісімшартта көзделген міндеттемелер орындалмаған жағдайларда;
4) атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін көрінеу жалған мәліметтер немесе анық емес құжаттар ұсынған отбасыларға;
5) учаскелік комиссияның материалдық жағдайын тексеру нәтижелері бойынша дайындалған қорытындысына сәйкес атаулы әлеуметтік көмек көрсетуді қажет етпейтін отбасыларға.
Әлеуметтік келісімшарт міндеттемелері бұзылған немесе дұрыс емес мәліметтер мен құжаттар ұсынылған кезде атаулы әлеуметтік көмек 6 ай ішінде төленбейді.

5. Отбасының жан басына шаққандағы жиынтық табысы қалай анықталады?
 
 Шахноз ГАНИЕВА. Сайрам ауданы.
– Атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер отбасының жиынтық табысын айқындау атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасалған кезде ұсынылған өтініштің және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынған мәліметтердің негізінде жүргізіледі. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде өткен тоқсанда алынған табыс ескеріледі.
Жан басына шаққандағы орташа табыс атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтініш білдірген тоқсанның алдындағы тоқсанда алынған жиынтық табысты отбасы мүшелерінің санына және үш айға бөлу арқылы есептеледі.
Отбасының жиынтық табысын есептеу тәртібі Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 28 шілдедегі №237 бұйрығымен бекітілген.

6. Кепілдендірілген әлеуметтік пакет дегеніміз не және оны кім ала алады?                                                                                    

Роза БАЙҒАБЫЛОВА. Кентау қаласы.
– Кепілдендірілген әлеуметтік пакет бір жастан он сегіз жасқа дейінгі балалары бар аз қамтылған отбасыларға беріледі. Кепілдендірілген әлеуметтік пакетте
1-6 жастағы балаларға:
- әр балаға айына бір рет берілетін азық-түлік жиынтығы;
- тоқсанына бір рет берілетін гигиеналық құралдар жиынтығы.
6-18 жастағы балаларға:
- оқу кезеңінде білім беру мекемелерінде бір реттік ыстық тамақтандыру;
- мектеп немесе спорт формасы жылына бір рет;
- мектеп құралдары жылына бір рет;
- қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру көзделген.
Атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы 1-6 жастағы балаларға кепілдік берілген әлеуметтік пакетті аудандар мен қалалардың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері береді, ал,  6-18 жастағы балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакетті білім беру органдары береді.
 
Жазып алған Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ, «Ońtústik Qazaqstan».


Пікір қалдырыңыз