Соғыс ардагерлері 1,1 млн. теңгеден алады

Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне берілетін бір реттік қаржы көлемі белгілі болды. Биыл майдангерлер 360 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 1 110 680 теңгеден көмек алады. Бұл туралы бізге облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты қызметкері Әбдішүкір Сапарбеков хабарлады.

Оның айтуынша, қаражат ардагерлердің есепшоттарына аударылған. Облыстық ардагерлер кеңесінің ұйытқы болуымен алдын-ала жасалған «Ұлы Жеңістің 77 жылдығына – 77 іс-шара» жоспары аясында түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Акция 9 мамыр мерекесі күні аяқталады. Ардагерлер кеңесі төрағаларының мұрындық болуымен барлық аудандар мен қалаларда соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетілмек. Түркістан өңірінде бұл күндері 22 майдангер және 4 838 тыл ардагері тұрады.  Тылда Жеңіске үлес қосқандардың әрқайсысына 30 мың теңгеден беріледі.
Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бөлім басшысы Ұлдана Бекбаудың сөзіне қарағанда, үшінші мегаполис майдангерлерінің есепшоттарына қаржы аударылады. Оны алу үшін ешқандай құжат жинаудың қажеті жоқ. Себебі, біз зейнетақы төлеу орталығынан арнайы тізім аламыз. Сондай-ақ, қалада соғыс ардагерлеріне теңестірілген азаматтар бар. Оларға 36 АЕК – 110 260 теңгеден төленеді. Бұдан бөлек 2500-ден астам тыл ардагеріне 12 АЕК беріледі, ол – 36 756 теңге. Бұл қаражаттар да бір реттік есепшоттарына түседі» дейді Ұлдана Бекбау.
Қаржылай көмектен бұрын аталған азаматтарға шипажайларға да жолдамалар беріледі. Сондай-ақ, жылына екі рет басылымдарға тегін жазылуға мүмкіндігі бар. Айта кетейік, қаладағы ардагерлер саны жыл санап азайып келеді. Қазір үшінші мегаполисте 7 соғыс ардагері тұрады. Олардың ең қарты биыл желтоқсан айында 100 жасқа толады. Ал, былтыр осы уақытта
21 соғыс ардагерінің көзі тірі еді.

С.МӘТҚАЛИҰЛЫ.

Пікір қалдырыңыз