Ұмыт қалған ұлттық құндылықтар

Дәстүр мен діннің ұлттық құндылықтарды сақтаудағы рөлі өте жоғары екені белгілі. Дін – адамдық ізгі қасиеттерімізді асқақтатса, салт-дәстүр – ұлттық болмысыңнан айнымау үшін қажет. Әр халықтың өзіне тән, ерекшеліктері болады. Мәселен, бабаларымыздың ұлан-байтақ жерімізді жат қолына бермеуі халықтың батырлық, ерлік дәстүрін тудырған. Қазақ – ұлттық дәстүрге ерекше мән беретін халық. Ұлтымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениеті салт-дәстүрлерімізден көрініс табуда. Ата-бабаларымыз салт-дәстүрді берік ұстанып, әдет-ғұрыптан аспай, ырым-тыйымдар арқылы өнегелі ұрпақ тәрбиеледі. Салт-дәстүрлеріміздің өміршеңдігі сонда, мәселен, беташар, сыңсу, құйрық-бауыр асату, сырға салу, сүндет той т.б. салттарымыз әлі күнге дейін өз жалғасын тауып келеді. Өкінішке қарай, бүгінгі жастарымыздың көпшілігі салт-дәстүрлерімізді жетік біле бермейді. Ал, дәстүріңді білмеу деген сөз өз ұлтыңды танымау деген сөз. Дәстүрі жоқ ел – тамыры жоқ ел. Сондықтан бұл мәселеге жеңіл-желпі қарауға болмайды.

Қазақ қандай халық? 

Расында кез-келген ұлттың өзіндік салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, өзіне ғана тән ұлттық бояу-нақышы болады. Мәселен, қытай елін белін жазбай еңбектенетін, әрі қылмысқа барғандарға аяушылық танытпайтын ел десек, жапондарды темірдей тәртіпті ұстанатын ұлт деп жатамыз. Неміс десек, айтқан уақытынан бір минут кешікпейтін соншалықты пунктуальды ұлт көз алдыңызға келе қалады. Ал, қазақтар ше? Осы қазақтар қандай дегенде, алдымен қонақжайлылығымыз арқылы мақтанатынымыз бар. Шынында, қазақ – туғаннан кеңпейіл, қонағын Құдайындай сыйлайтын халық. Одан бөлек, ата-бабамыздан қалған ырым-тыйымдарымыз да жетіп артылады. Олардың біршамасы ұмыт болса, кейбірі өзгеріске ұшырап, заманға лайықтандырылды. Біз сол ұмыт болған құндылықтарымызды қайта еске түсіруге  тырыстық. Міне, бүгінгі әңгіме осы жайында болмақ. 
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың «Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты 2020 жылы қазақстандықтарға арналған Жолдауындағы «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады. Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек» деген сөзі көп нәрсеге көзіңізді жеткізе түседі.

«Дәметкен»

Қазақтың ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлері мен ырым-тиымдары аз емес. Айталық, дәмету деген ырымды білесіз бе? Білмесеңіз айтайық. «Дәметкен сары майдан кеудең құрысын» деп келетін халық әнін естіген шығарсыз? Сол өлең жолында айтылғандай, дәметудің де көптеген түрі бар. Әсіресе, жас келіншектердің дәметуінің орны бір бөлек. Жас балалар мен келіндер ата-енелері қонақтан келсе, олардан тәтті дәмететін әдеті бар. Әсіресе, балалы жас келіндер дәметсе, оның меселін қайтармау керек деп саналған. Мұны үлкен кісілер жақсы біледі. Содан болар, аналар, әжелер, жас келіндері бар үйге дәметіп қалар деп қашан да қалтасына тәтті-пәттісін салып жүрген.

«Күйеу аяқ»

Енді бір ғұрып «күйеу аяқ» деп аталады. Бұл ғұрып бойынша жігіт қалыңдығын алғаннан кейін енесін қошеметпен өз үйіне апарып салады. Ата-енесі күйеу баласына ірі мал атайтын болған. Түйемұрындықты да көпшілік біле бермейді. Ұзатылып жатқан келіншек көшінің жолында отырған ауылдың адамдары керуен атының ноқтасынан, не түйесінің бұйдасынан ұстап тұрып сұрайтын кәдесі. Қыз анасы оларға кәдесін жасайды, кәде алғандар риза болып, бақыт тілеп, батасын беріп, жол болсын айтып қалады. Ал, қыз қашар дәстүрін бүгінгі күні білетін адам жоққа тән десек, өтірікші болмаспыз. Ертеректе, қыз қашар дәстүрін өткізетін үйді «болыс үй» дейтін болған. Күйеудің келуін «ұрын келу» десе, қыздың атастырылған күйеуін көруі «қыз қашар» дейді. Бұл «ұрын тойы» өтетін күні болады. «Ұрын той» – жастар үшін көңілді, думанды тойлардың бірі. Бұған жас жеңгелер мен жастар қатысатын болған. Күйеуден алынатын «қол ұстатар», «шаш сипатар», «қыз құшақтар», «арқа жатар», «көрпе қимылдатар» сияқты кәделері осы жиында жасалатын болған. Екі жастың бірін-бірі көріп, тілдесуі де осы тойда жүзеге асады. Екеуі де бірін-бірі ұнатып, қалыңдық жігітке қыз белгісі орамалын және оның іні-қарындастарына да түрлі сыйлықтар береді. Күйеу ұрын барғаннан кейін құдалық бұзылатын болса, ол сол заманда өте ауыр іс болған.
Балдыз қалың ғұрыпын да естен шығарып алдық. Кейде ұзатылатын қыз қайтыс болған болса, сол үйдің екінші қызын алуға рұқсат етілген. Егер ер жігіт қалыңдығына ұрын барып, ол үйдің басқа қызы болмаса, төлеген малдың жартысы қайтарылатын болған. Егер бұрынғы қалыңдығына ұрын барған күйеу енді балдызын алатын болса, онда бұрынғының үстіне «балдыз қалың» төлеуге тиіс болған. Оған түйе немесе бір тоғыз қосылып отырған. Балдыз қалың деген осыдан қалған.

Қапқа салар, атбайлар

Енді бір ескіден жеткен құндылығымыз – қапқа салар. Қалыңдығын алып кетуге келген күйеу жігіт барлық жөн-жоралғыларымен, кәделерімен, үлкендерге арналған сый-сияпатымен, той малымен келеді. Қыз өз үйінен аттанар алдында оның әкесі барлық құдаларға кит кигізеді. Күйеу баласына да сыйлық береді. Бірақ, ол кит емес «қапқа салар» деп аталған. Ол бағалы киім, қымбат ер-тоқым, жігіт жарақтары немесе мал болуы мүмкін. Әрине, бұл қайын атаның дәулеті мен жомарттығына, мырзалығына, абырой-беделіне сай жасалатын дәстүр.
Енді бір салт – атбайлар. Мұның екі түрі бар. Жас отаудың шаңырағы көтерілген соң ағайын-туыс оған шашу шашып, «керегесі кең болсын», «босағасы берік болсын» деген жүрекжарды тілектерін айтады, байғазы береді. Ет жақыны босағаға жылқы байлайды. Мұның аты – «атбайлар». «Атбайлардың» екінші түрі – кәде. Құда-құдағилар келгенде немесе күйеу қалыңдығын алып кетуге келгенде олардың жеңгелері алдарынан шығып түсіріп алып, атын байлайды. Бұл – «атбайлар» деп аталатын жоралғы. Оған арнайы кәде беріледі. Ол кәдеден тағы бір әйел тәбәрік сұрайтын болған. Күйеу жігіт келіншегін алып, үйлену тойы өткен соң келісілген уақытта өзі қатарлас жас жігіттермен қайын жұртына келеді. Мұны күйеудің есік аша келуі дейді. Демек, бұл жауапкершілігі мол, бұрын ел-жұрт көрмеген күйеуді сынайтын келіс. Күйеу бұл жолы да кәде-жорасымен келеді. Әзілқой жеңгелердің сын-мініне де шыдайды. Ретін тауып жауап та бере алады. Ойын-тойсыз, әзіл-қалжыңсыз отырмайтын қазақ ауылы үшін күйеудің есік аша келуі де көңілді мерекеден бір кем болмайды. Мұнда да үлкен-кіші бір жасап қалады. Келесі кәде – «жігіт түйе». Құдалық, отау көтеру дәстүрінде қыз өсірген ата-ана еңбегі де елеусіз қалмаған. Той үстінде күйеу жігіт енесіне «сүт ақы» сыйын ұсынса, атасына «жігіт түйе» деген сый әкеледі. Бұған міндетті түрде түйе, жағалы киім немесе қымбат бұйымдар, ер-тұрман әкеледі. 

«Өлі-тірі»

Бағзыдан жеткен тағы бір дәстүр – «өлі-тірі» деп аталады. Бұл екі жақ келісімі нығайған соң, күйеу жағынан құдаларына бір білікті адамды бас етіп «өлі-тірі», яғни кәделі мал – жылқы жіберіледі. «Өлі-тірі» деген «өлі мен тірі арасында адалмыз, Құдай қосқан құдалығымыз ақиқат» дегенге саяды. Бұл – үлкен кәделі, әрі маңызды жөн-жоралғы, құдалық бекіді деген сөз.

«Жарысқазан»

Жас келіндердің «жарысқазанға» түсетін әдемі бір ырымы да қолданыстан шығып барады. Мұны көбіне әйелдер босанар сәтте жасайтын болған. Яғни аяғы ауыр келіншекпен бірге өзге келіншектер қазанға жеңіл-желпі тамақ істеп, оны босанатын келіншектен бұрын пісірмек болып жарысады. Халық ұғымы бойынша туатын бала «жарысқазанға» қатысып, одан бұрын өмірге келуге тырысады деген түсінік бар.
Қорытындылай келе, қазақтың бұдан басқа да салт-дәстүрі, ырымдары жетіп артылады. Өкінішке қарай, бұлардың көпшілігін ұмытып барамыз. Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпсыз ел әдепсіздік пен берекетсіздікке ұрынады. Сондықтан ел абыройын бір сүйемге жоғарылататын, дәуірін мейіріне қандыратын, барлық дерттен тазартатын шипалы ем секілді пайдалы, озық салт-дәстүрлерді сақтауда кім болса да енжарлық танытпауы тиіс. 

А.ЖӘЛЕЛ,
Облыстық дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ «Ақпараттық- түсіндіру  жұмыстарын ұйымдастыру және үйлестіру бөлімінің» дінтанушы маманы.
Пікір қалдырыңыз