Ол селтеткізер сезімдерді сүйеді

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».

Бәйдібек ауданындағы белгілі ағаш шебері Құрылысхан Аязбаевты жылдың он екі айында іздеушілер көп. Оның шеберханасына бір кірген адам шыға алмайды. Өйткені, Құрылысханның қолынан шыққан әшекейлі бұйымдар, кәдесыйлар көздің жауын алады, адамды өзіне магнитше тартады. Ойландырады әрі түрлі қиялға жетелейді. 
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында жас жігіттер бойжеткендерге «Ұйқыашар» дайындап, сақина, сырға, білезік, түрлі бұйымдарды ескерткіш ретінде сыйлап жатпай ма?! Мұндайда жігіттің жасырын ойын сезген сезімтал бұраңбелдер әрине, селк ете қалады. Ал, осы «Селтеткізер» бұйымдардың көпшілігі айтулы ағаш шебері Құрылысханның қолынан шығып жатса, неге оны көпшілік жыға танымасқа?!
Қолөнерші Құрылысханның шеберханасында қандай кәдесыйлар жасалмайды десеңші?! Қобыз, домбыра, ер-тұрман, келі-келсап, ағаш астаулар, кесе-керсең, тағы басқа да күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдардың сан алуан түрлерін таба аласыз. Осы бұйымдардың кәдесыйға арналған кішкентай түрлері де көп. Міне, осыларды аудан жұртшылығымен қатар облысымыздың түкпір-түкпірінен адамдар келіп, сатып әкетіп жатады.
Негізі Аязбаевтар шаңырағын «Шеберлер отбасы» десе жарасады. Өйткені, Құрылысханның жұбайы Марина Мәлікова да қолөнер шебері. Ол – Жамбыл атындағы орта мектептің мұғалімі. Құрылысханның ұлы Нұрбол мен немерелері Нұрай, Мұхадас, Дархан да сабақтан қолдары қалт еткенде шеберханадан табылады. 
Бүгінде Аязбаевтар отбасы дайындаған кәдесыйлар, түрлі әшекейлер, суреттер жергілікті мектеп музейінің сәнін келтіріп тұр. Жоғарыда аты аталған оқушылар еңбек сабағында қолдарының ұсынықтылығымен, ептілігімен көзге түсіп, мектеп басшылары тарапынан алғыс алып жүр.
Құрылысхан өзге де қолөнер шеберлері сияқты темірден, теріден, жүннен, ағаштан түрлі сюжеттік, образдық кескіндемелер жасайды. Және ол дүниелері мазмұнға бай болып келеді.
– Табиғат шебер ғой. Қураған ағаштарды, томарларды қарап жүрсем, адам ойына кіріп-шықпайтын бейнелер қылаң береді. Мен сол ағашты не томарды үйге ерінбей арқалап әкеліп, өңдеймін. Дап-дайын бейнеге әр беремін. Мұндай сюжеттік, образдық кескіндемелерді көрермендер қызыға тамашалайды. Мәселен, тоғай ішіндегі мына бір бұтақ жылқыны еске түсіреді. Ал, мына бұтақтан адалбақан жасауға болады. Міне, осылай алдағы жұмыстарымды табиғаттың өзінен табамын, – дейді Құрылысхан бізбен әңгімесінде.
Ол көп жылдан бері түрлі байқауларға қатысып, лайықты бағасын да алып жүр. Айталық, «Қазақстанның үздік тауарлары» аумақтық жәрмеңке-көрмесінде Алғыс хатпен, «Өңірлік өнімдер» үздік тауарлар жәрмеңке-көрмесінде «Үздік ағаш шебері» номинациясымен, «Халық мұраты – халық қазынасы» атты облыстық қолөнер шеберлерінің жәрмеңке-көрмесінде дипломмен, «Оңтүстік көркі» қолөнер шеберлері мен қолданбалы заттарды жасаушылардың байқауында Алғыс хат пен сертификатпен әспеттелуі осы сөзіміздің дәлелі. Оның мұнан да басқа марапаттары бір төбе. Талай рет қаржылай сыйлықтарға да ие болды.
Адамның көңіл жайлауы қашан да сырлы сезімдерге толы. Құрылысхан да көктем келсе-ақ болды, шабыттана еңбек етеді. Оған аудан тұрғындарының «Селтеткізер» сұрап келетіні ұнайды. 
Бүгінде ол Бала Бөген, Боралдай, Шаян өзендерінің бойын аралап, қолданбалы заттар мен бейнелі образды кескіндемелер жасау үшін түрлі томарлар мен бұтақтар іздеп жүр. Адам қиялы асқақ. Ол жаңа туындылар жасауды армандайды.

Бәйдібек ауданы.
Пікір қалдырыңыз