«Ұлыс» сөзі қандай мағына білдіреді?

Ұлас ҮСЕНБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».
Наурыз мейрамында адамдар бір-біріне «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!», «Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы қуанышқа толы болсын!» деген ақжарма тілектерін айтып, ізгі лебіздерін білдіріп жатады. Осы айтылып жүрген «Ұлыс» сөзінің не мағына беретінін білеміз бе?
«Ұлыс» – ежелгі түркі сөзі. Түрік-моңғол тілдес елдерде «Ұлыс» деп мемлекетті айтады екен. Яғни бұл сөз тіркесі «22 наурыз» мемлекеттің ең басты мерекесі» дегенді білдірсе керек. Сонда «Ұлыстың ұлы күні – мемлекеттің ұлы мерекесі дегенді білдіріп тұр» дейді ОҚМПУ-дің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Амангелді Мамыт.
– «Ұлыс» сөзінің қазақ халқы үшін мағынасы өте кең, қасиетті. «Ұлыс» біздің қазақы ұғымда да халық, ел дегенді білдіреді. Наурыз мерекесінде айтылу себебі, еліміздің ең айтулы күні деген түсінікте қалыптасқан. Ұлыстың ұлы күні – тек мейрам ғана емес, тіршіліктің бастауы. Біз көшпелі өмір сүрген халықпыз. Сол себепті, ата-бабаларымыз қыстан аман шығуды, мал-жанның аман болуын тілеген, – дейді ғалым.
«Ұлыс» сөзінің «ұлы іс» дегендей тағы бір мағынасы бар. Яғни ұлыстың ұлы күні дегеніміз – ұлы істердің бастау алатын сәті. Сол себепті ұлыс сөзі тек Наурыз мерекесімен байланысты қолданылады. Деректерде «Ұлыс» сөзінің екінші мағынасы «бірігу» дегенді білдіреді. Ұлыстың ұлы күні қазақ даласында екі рет тойланады. Мұның себебі, бұл айдың күнтізбесі бойынша жыл басындағы ілкі айдың 14-де ай толып, жаңасы басталады. Міне, дәл осы күні аспан денелері өзінің бастапқы нүктесіне келіп, бір цикл аяқталып, жаңасы басталады. Қазақстанның батыс өлкесіндегі қазақтар Ұлыстың ұлы күнін наурыз айының 14-нен бастап мерекелеп келеді. Бұл әлі күнге дейін дәстүрден қалған жоқ. Екінші «Күн» күнтізбесі бойынша Ұлыстың ұлы күнін, яғни жаңа жылды тойлау осы айдың 22-не сәйкес келеді. Наурыз – біздің тілімізге орта ғасырдың ішінде енген кірме сөз. «Ұлыс» сөзінің ежелгі мағынасы көп мәнге, мифтік болмысқа ие екендігіне көз жетті.
Ұлыстың ұлы күні бабалардан жеткен мұрамыздың мәйегі, өткеннен жеткен болмысымыздың жалғасы, болашаққа деген ұлы мұратымыздың жолы. Ұлыстың ұлы күнінің мерейі мен шапағаты барша жұртқа қуаныш сыйлап, жақсылыққа ниет еткен күн. Сондықтан «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!», «Ұлыс береке әкелсін!» деген сөздер халық арасында осы күнге дейін қолданылады.
Ешенқұл Зере
Керемет,мен осы мәліметтерді басқа сайттардан таппай осы сайттан таптым
Ешенқұл Зере
Бізге қ/тарихтан осы тақырып жайлы берді. Ол біздің кітапта жоқ. Мен көп сайттардан іздеп таппаған жауабымды осы сайттан таптым
Сұлтан Темірбайұлы
Дұрыс. Наурыз құтты болсын!