Баланың тісі ауырмасын...

Бала дегенде біз оның тәрбиесімен бірге денсаулығына да ерекше көңіл бөлуіміз керек. Бүгінде балалар мен жасөспірімдер арасында тіс ауруы жиі кездеседі. Ал, балаларға ерекше назар аудару керектігін ескерткен Мемлекет  басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды  «Балалар жылы» деп  жариялады.  
Балалар  стоматологиясында  негізгі проблема  қандай? Қазір стоматологияның  құрылымы  өзгеріп, жекешеленді, өз алдына жеке салаға,  бизнеске  айналып  кетті.  Осының салдарынан балаларға  жан-жақты көңіл аударылмай қалды, тісжегісі  кеңінен  таралып  кетті. Тісжегінің  кең таралуына  әлеуметтік, экологиялық  және экономикалық факторлар да әсер етеді.  Қарапайым   мысал, күнкерісі төмен отбасының  балалары үнемі тіс  дәрігеріне  бара  бермейді. Сонымен  қатар  барлық ата-аналар  баланы тіс  дәрігеріне  уақытында  әкелмейді. Әбден  тісі ауырып, шыдатпағанда ғана тіс дәрігеріне апарамыз. Қазір  балалардың  арасында  тісжегісінің  таралу көрсеткіші 90%-дан жоғары. 
Соңғы  жылдары  балаларға  арналған  тіс емдеу  кабинеттерінің   көптеп ашылуы қуантады. Осындай  кабинеттердің бірі Келес ауданы, Абай ауылында  ашылып, бүгінде ел  игілігі жолында қызмет жасап келеді.
«Бүгінде  балалар  газдалған  сусын ішіп, қытырлақ  нан, картоп, чупа-чупсты жиі тұтынады. Бұл өте зиянды. Осыдан  балалардың тістері өспей қалуы мүмкін. Осы тағамдардың кесірінен 15 жасқа дейінгі балалардың  90%-ның  тісіне  құрт  түскен.  Дер  кезінде  емделмесе, буыны бекімеген  баланың  жақ сүйегіне дейін  қисайып, тісі  өспей  қалуы мүмкін. Бұрынғы  уақытпен салыстырғанда  қазір  тісжегі  өте көп кездеседі. Бес бала келсе, соның бесеуінде де  тісжегі бар» дейді  балалар  тіс дәрігері  Нұрдәулет  Әбдірахманов.  
Ал, осындағы  тіс дәрігері  Әбдіманап  Ұлық «баланың басы ауырып, тісі солқылдағанын  күтпей, дәрігерге  жүгіну  керек.  Сүт  тістері түсіп, тұрақты  тіс  шыққанша  жылына  екі  мәрте  дәрігерге  қаралғаны абзал»  дейді.  Балаларды  заманауи  рентген  аппаратына  түсіріп  отырған  Бибінұр  Майлыбаева  келушілерді  жылы  сөзімен де емдейді.  Айта кетерлігі,  алтын алқалы  аналарға  және 18 жасқа  дейінгі балаларға  тегін қызмет көрсетіледі.  Ауған  соғысы мен Чернобыль апатына  қатысушыларға да  жеңілдіктер  бар. 
Келестіктердің келелі ісіне бүгінде ауыл тұрғындары дән риза. Балаларға қуаныш пен шаттық сыйлап жүрген тіс дәрігеріне біз де риза болып қайттық.

Бауыржан  СЕЙДЕЛХАНОВ. 
Келес ауданы.

Пікір қалдырыңыз