Онлайн сауда – заман талабы «Gosauda» компаниясы сол талап үдесінен шығуды көздейді

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Ońtústik Qazaqstan».
«Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» бүгінгі жаңа технология біздің тұрмыс-тіршілігімізге де дендеп енді десек артық емес. Тіпті, үйде отырып-ақ сауда жасай беретін жағдайға жеттік. Әсіресе, кешегі карантиндік кезеңдерде бұл сауда түріне сұраныс артты. Көшеге шығуға мүмкіндік болмай қалған кезде көбіміз смартфонның көмегімен керек-жарағымызды тауып, үйге алдырып жаттық. Бірақ, байқасаңыз, бізге қызмет еткен онлайн сауда компанияларының барлығы дерлік негізін өркениетті елдерде қалаған. Яғни бұл сала бойынша да көрші мемлекеттерге кіріптар екендігіміз білініп қалды. Заман талабын түсінген жастар осы олқылықтың орнын толтырып, өзіміздің елде негізі қаланған «Gosauda» компаниясын құрған екен, таяуда бүгінгі аяқ алыс жайлы олардың өздерімен әңгімелесудің сәті түсті.
– Қазір ел арасында электронды сауда күшейіп келеді. Бұл сатушы мен тұтынушы арасында өте қолайлы. Оған арнайы орынға барудың қажеті жоқ. Үйден шықпай-ақ компьютер немесе ұялы телефон арқылы барлық шаруаны тындыруға болады. Жаһандық желі бетін аша қалсаңыз, мұндай онлайн сауда алаңдары толып тұр. Бірақ, олардың барлығы өзге елдерде құрастырылған. Тек қазақша домен алған. Осыдан кейін қаншама қаржының шетке кетіп жатқанын аңғару қиынға соға қоймас, – дейді аталған компанияның Маңғыстау облыстық филиалының директоры Болат Сәдуақасұлы.
Жалпы, отандық онлайн сауда платформасы бәсекеге қаншалықты қабілетті? Біз бұл сұрақты өз жұмыстарын жандандыру мақсатында Шымкент қаласына арнайы келген аталған компанияның Орал, Маңғыстау облыстық филиалдарының директорлары Бекзат Сәбитұлы мен Болат Сәдуақасұлына қойдық.
– Әрине, бәсекеге төтеп беру үшін ол заман талабына сай болуы керек. Талапқа сай болу қомақты қаржыны қажет етеді. Елімізде оны жасайтын мықты мамандар да бар. Міне, осыған көз жеткізген қарағандылық Думан Игенұлы, Айбек Жартыбайұлы, Жандос Ерланұлы «Gosauda» компаниясының негізін қалап, іске қосты. Қазір жаһандық желіде «Gosauda» доменімен алғашқы отандық сауда алаңы жұмысын бастады. Аталған платформа елімізбен бірге Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркия секілді түркітілдес мемлекеттердің де аумағын қамтиды. Оған қоса ТМД елдері тұрғындарының сұранысын қамтамасыз етуге мүмкіндік алды. Жоба біздің ойымыздан шыққан соң, оны әрі қарай дамыту мақсатында еліміздің барлық өңірінен филиалдарын ашып, жан-жақты жұмыс істеп жатырмыз.
– Неге орталығы Қарағанды қаласында? Мәселен, Алматы нағыз сауданың орталығы емес пе? Әлде, Астанадан ашқанда дұрыс болар ма еді?..
– Түсіндім. Біріншіден, территориялық орналасуы жағынан Қарағанды еліміздің орталығы саналады. Екіншіден, бұл жобаның негізін қалаған әріптестеріміздің үшеуі де қарағандылық. Меніңше, онлайн жұмыс істегендіктен орталығы қай қалада болғаны онша маңызды емес, ең бастысы, жұмысты үйлестіре білсеңіз болғаны.
Осы тұста әңгімеге компанияның Орал облыстық филиалының директоры Бекзат Сәбитұлы араласты. Оның айтуынша, бұл жоба осыдан бес жыл бұрын, яғни 2017 жылы қолға алынған. «Идея авторлары бұған дейін Қарағандыда ет сатумен айналысқан. Сауданың тілін біліп, тәжірибе жинақтағаннан кейін бұл бағытта арнайы платформа ашу мәселесін ойластырады. Алайда, ол маусымдық шара екенін түсініп, кейіннен барлық саладағы сауда-саттықты қамтитын электронды жүйе қажет екеніне көз жеткізеді. Осылайша жаңа идея қанатын кеңге жая бастайды. Осы мақсатта олар жандарына IT саласы мамандары мен сауда платформасынан хабардар жігіттерді топтастырады. Нәтижесінде жаңа жобаның тұсауы кесіледі. Әрине, алғашқыда кем дегенде 250 мың АҚШ доллары қажет болады. Бұл бағытта қаржылы компаниялар мен инвесторлар іздестіреді. Жобаға Ресей мен Сингапурдан қызығушылық танытқандар болды. Алайда, олар түскен табыстың тең жартысын алғысы келді. Ондай жағдайда идеяны отандық деп бағалаудың реті жоқ болатын. Ақылдаса келе «Gosauda» компаниясының 40 проценттік үлесін қазақстандық нарыққа саудаға шығарды. Оған қызығушылық білдірген әрбір азамат қол жеткізе алады» дейді ол.
Қазіргі таңда компанияның үлесін алуға ықылас білдірген адамдар саны көбейіп келеді. Осылайша онлайн сауда алаңы тиімділігін және табыс табуға болатынын дәлелдеді. Жобаның тағы бір ерекшелігі – тұтынушы мен сатушы арасында ешқандай делдал болмайды. Мәселен, сатып алушы 50 мың теңгеге компьютер алғысы келді дейік, кәсіпкердің қолында ол 70 мың теңге тұрады, екеуі аталған платформа арқылы бір-бірімен байланысып, тауарға ортақ баға белгілей алады. Ол тауардың жылдам сатылып кетуіне оң әсерін тигізеді. Ал, тауар жөнінде көбірек мәлімет алғыңыз келсе, тікелей сілтеме арқылы сатушының жарнамасы орналастырылған «Instagram» парақшасы мен «YouTube» арнасын қарап шығуыңызға болады. «Біздің сауда алаңына жаңадан тіркелген адам 200 бірлік виртуалды ақшаға қол жеткізе алады. Оны қолма-қол ақшаға айналдыра алмайсыз. Десе де, оны платформа ішінде төлем ретінде пайдалануға жол ашық. Мәселен, алғашқы 100 бірлікпен жарнаманы тегін жариялай аласыз. Қазір аталған платформаны Түркияда іске қосуға бекініп отырмыз. Сол арқылы бір елде арзан тұратын тауарды екіншісіне жеткізуге мүмкіндік бар. Шымкент немесе Түркістан қаласында тұрып-ақ түрік кәсіпкерлерімен хабарласып, сапалы және арзан тауарларды алуыңызға болады. Бұл үшін плафтормада арнайы онлайн аударма жүйесі іске қосылған. Сондай-ақ, оны онлайн сауда алаңы тарайтын өзге елдерде де кәдеге жаратуға болады. Оған қоса қазақстандық кәсіпкерлер өз өнімін өзгелерге сата алады» дейді Бекзат Сәбитұлы.
Аталған платформаны «ІOS» және «Android» мобильдік операция жүйесіндегі «App Store» және «Play Маrкеt» қосымшаларынан жүктеуге болады. Сервистен әртүрлі санаттағы іздеген дүниені таба аласыз. Атап айтқанда, жылжымайтын мүлік, құрылыс, сән, транспорт, балалар әлемі, электроника, тұрғын үй мен кеңсе тауарлары, қызмет көрсету саласы, жануарлар әлемі, денсаулық және өзге де тақырыптар бар.
«Сөз басында айтқанымыздай, өзге мемлекеттерде жасалған сауда платформасының барлығы тұтынушылар сұранысын толық қанағаттандырып отыр. Мәселен, қазір елімізде екінің бірі пайдаланып жүрген «OLX» компаниясының штаб-пәтері Аргентина астанасы – Буэнос-Айрес қаласында тіркелген. Ал, әлемдік «AliExpress» сауда алаңы мен «Uber» жүйесінің негізгі мекені – Қытайда. Қазақстандық такси жүргізушілер жиі пайдаланатын «Yandex taxi» мен «inDriver» жүйелері Ресейдікі екені белгілі. Алдағы уақытта біздің онлайн-платформа осындай іргелі компаниялар қатарына көтеріледі деп ойлаймыз» дейді жас кәсіпкерлер.
Иә, жер-жаһандағы жаңалықтардан біздің еліміз де шет қалмауы тиіс. Әлем жұртшылығы онлайн сауданың өрісі кеңейе түскенін көріп отыр. Бұл алдымен әрбір адамның уақытын үнемдеуге жол ашса, екіншіден, заман талабына сай таңдау мүмкіндігін де арттырады. Кешегі пандемияның «пайдасы» – елімізде онлайн саудаға сұраныс артты. Қазіргі уақытта жұртшылық тамақ пен киімге онлайн тапсырыс беру әдісін шебер меңгеріп алды. Қысқа уақыт ішінде оның қыр-сырын меңгеріп алған көпшілік енді бұл тәсілді одан әрі жетілдіре түседі. Демек, онлайн сауданың көрігі алдағы уақытта бұдан да қыза бастайды. Сондайда әлемдік деңгейдегі әйгілі компаниялармен бірге біздің елде негізі қаланған компанияның да жалауы желбіреп, бәсекеге қабілетті бола түссе несі жаман?! Ендеше, осы жағын ойластырып, қолға алған қазақстандық компания өкілдерінің талабына нұр жаусын деген тілек айтамыз.