Тапқанын мектебіне тасыған

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Олай болатыны, мұғалімдер барлық мамандық иелерін тәрбиелейді, білімге баулиды. Адамзаттың болашағына бағыт-бағдар беретін де, алдағы өміріне шамшырақ болатын да сол ұстаздар. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында сөйлеген сөзінде мұғалімдер мәселесіне ерекше тоқталды. Онда Мемлекет басшысы «мықты мұғалімдер тобын қалыптастыруымыз керек» деген ой тастады. Президент сондай-ақ білім сапасын көтеру мәселесіне ерекше назар аударды. 
Мықты мұғалім...
Мықты мұғалімге деген сұраныс бүгін ғана пайда болды десек, қателесеміз. Қазақ мықты мұғалімді ешқашан босағаға қалдырмаған, оның орны әрдайым төрде болған. Елдің ойын онға бөлетін мәселелер шықса, «бұл туралы мұғалім не дейді екен?» деп соңғы сөзді мұғалімге қалдырған. Олар осылайша ел арасындағы мәртебелерін ешқандай заңмен емес, өздерінің терең білімімен, ақыл-парасатымен көтерген. Мәртебелі мұғалімдер кеше де болған, бүгін де бар, ел аман болса ертең де болады. Тек оларды тани білу керек. Мықты мұғалім сол – көпшілік мойындаған мұғалім. «Оңтүстік Қазақстан» газеті кешегі, бүгінгі сондай мықты мұғалімдерді елге етене таныстыру үшін «Ол – мықты мұғалім» деген жаңа айдар ашып отыр. Өздеріңіз білетін мықты мұғалімдер туралы жазыңыз, біз жариялаймыз. Жаңа айдардың беташар мақаласы отырарлық ардагер ұстаз Шарапат Құрманбекова жайлы сыр шертеді.

Шарапат апай Түркістан қаласында ұстаздардың отбасында дүниеге келген. Әкесі Қожахмет педагог болғанымен, зейнеткерлікке заң саласында қызмет етіп шыққан екен. Ал, анасы Хадиша өмір бойы бала тәрбиелеумен айналысқан ардақты ұстаз.
– Отбасында 4 ұл, 4 қыз едік. Бір қызығы, 4 қыздың бәрі де ұстаздық жолды таңдады, ал, 4 ұл тек мұғалім қыздарға үйленді. Өзім тұрмысқа шыққан жерімде атам да, енем де ұстаз болған жандар. Немерелердің де арасында педагогика саласын таңдағандар бар. Бір сөзбен айтқанда, бізді «ұстаздар династиясы» деп айтуға болады. Ата-анамның, бауырларымның, ұл-қыздарымыз бен келіндеріміздің ұстаздық еткен жылын бәрін қосып есептесек, 600 жылдан асады екен, – дейді Шарапат апай.
Кейіпкеріміз 1969 жылы мектеп бітіріп, институтқа құжат тапсырғанымен, ол сапар түсе алмай қалады. Алайда, сырттай бөлімге тапсырып, өзінің армандаған мамандығына бәрібір түсіпті. Жоғары оқу орнындағы алғашқы емтихандарын үздік бағаға тапсырып, Шымкент педагогика институтына күндізгі бөлімге ауысқан.
– Ол кезде институт қабырғасында жүріп-ақ жұмыс істеуге рұқсат беретін. Өзім Түркістан қаласының тумасы болғандықтан, сондағы В.И.Ленин атындағы (қазіргі А.Байтұрсынұлы атындағы) қазақ-орыс мектебіне жұмысқа қабылдандым. Ұстаздық жолымның алғашқы қадамдары сол мектепте басталды. Ол жерде алғашында мектеп құжаттарын, тарихи мұрағаттарды жинаумен айналыстым. Содан бір күні Саттар Ерубаев атындағы мұражай ашылатын болды. Маған Саттар Ерубаев туралы естеліктерді жинақтап, жазып шығуды тапсырды. Жақында сол мұражайға бас сұққанымда осыдан 50 жылдай бұрын жазған қолжазбам мұражайда сақтаулы тұрғанын көрдім. Көзіме оттай басылды. Мен мектепке қабылданған уақытта мақта теру науқаны қызып тұрған. Социалистік Еңбек Ері Майшай Әбенова апамызбен келісіп, мақта алқабына өнерлі, талантты оқушыларды апаратын болдық. Таңғы және түскі ауысымның ортасында өнерлі оқушыларды егістікке апарып, мақта терушілерге арнап концерт қойып беретінбіз, – дейді Шарапат апай.
Институттың небәрі бірінші курсында оқитын балғын Шарапат осындай істерімен елдің көзіне түседі. Жас студенттің тынымсыз еңбегін көріп, Мәншүк Мәметованың анасы Әмина Мәметованың өзі арнайы Алғыс хат тапсырған екен. 1970 жылы Отырар ауданының Отырар ауылына келін болып түсіп, сол ауылдағы орта мектепке орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып орналасады. Ауылдық жерде маман тапшылығы сезіліп жатқан кез, әлі институттың 2-курсында оқитын студентке 58 сағаттық жүктеме беріліпті! Кейіннен өмірлік жолдасы Жарылқасын Бимырзаев «Арыс» кеңшарына бөлімше меңгерушісі болып ауысып, Шарапат апайымыз да қызмет орнын ауыстырыпты. «Арыс» кеңшарындағы Темірбек Ибрагимов атындағы орта мектепке мұғалім болып орналасады. Ол жерде де Шарапат Құрманбекова тынымсыз еңбек етіп, тек жақсы жағынан көрінеді.
– Жазғы каникулдың кезі-тін. Оқушылар да, мұғалімдер де демалысқа кеткен. Мен үйді әктеп, сырлап жүргенмін. Сол уақытта бір жас жігіт кіріп келді. «Сізді аудандық білім бөліміне шақырып жатыр» дейді. Мен «қолым бос емес, бара алмаймын» дедім. Содан үш күн қатарынан әлгі жігіт келіп жүрді. Үшінші күні соған еріп, білім бөліміне бардым. Аудандық білім бөлімінің меңгерушісі Құтым Ордабаев «төрем» деп сөйлейтін кісі еді. «Төрем, сенің алғырлығыңды, жұмысқа ептілігіңді байқап жүрмін. Осыны ескеріп, сені «Көкмардан» орта мектебіне директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары етіп тағайындаймын» деді. Содан қатардағы жай мұғалімнен директордың орынбасары қызметіне ауыстым, – дейді Шарапат Құрманбекова сол кездерді еске алып.
Шарапат апайымыз мұнда да өзінің еңбекқорлығымен танылады. Мектеп директоры мен өзге орынбасарлары мақта теру науқанына кетіп қалған кезде де, басшыларын жоқтатпай, ұжымды «ұйыған айрандай» етіп басқарғанын сол жылдары бірге істеген әріптестері мақтанышпен айтады.
– Ол кездері оқушылар 1 мамыр күнін асыға күтетін. Көктемнің, еңбектің исі шығатын мерекелердің бірі еді ғой. Оқушыларды орталық алаңға мерекелік шеруге алып шығатынбыз. Шеруге дайындау маған тапсырылған. Жақсылап дайындалайын деп ойладым да, ата-аналардың бәрін жинап, «осы мерекені ерекше өткізейік, балаларыңыз қуансын десеңіздер, аз-маз ақшаларыңызды қиыңыздар, барлық оқушыны бірдей етіп киіндірейік» деп ой тастадым. Ата-ананың барлығы қолдай кетті. Содан «Темір» ауылындағы дүкенге бірдей ақ түсті гольфи, ақ бантик келгенін естіп алдым да, көлік жалдап сонда тарттым. Мерекелік шеруді ойдағыдай өткізіп, көңіл жайланды, оқушылардың да көңіл-күйі көтерілді. Ертесіне ауданға жиналысқа кеткен мектеп директоры түрі өрт сөндіргендей болып түтігіп оралды. Маған жақтырыңқырамай қарап, «сені шақырып жатыр» дейді. Мен ештеңені түсінбей тұрмын. Бюроға негізінен басшылар шақырылатын, «мені қайтпек?» деп ойлап қоямын.
Осылайша кілең басшы азаматтар, зиялы қауым өкілдері жиналған бюроға Шарапат апайымыз жүрексіне кіреді.
– Кірсем, төрде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ұланбек Арғынбеков отыр екен. «Кешегі шеруде «Көкмардан» мектебін дайындаған сен бе?» деп сұрады. Не бүлдіріп қойғанымды ұқпастан, басымды изедім. Сонда ол кісі орнынан тұрды да, «міне, бір жапырақ қыз, қандай керемет шаруа атқарған. Осы қыздан үлгі алыңыздар» деп өзінің жанындағы бос орынға жайғастырды. Жиналыс біткенше не қуанарымды, не қуанбасымды білмей, түсініксіз күйде отырдым, – дейді апайымыз. Сол жиында апайға аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы «Горизонт» атты теледидар сыйлаған екен. Мектептің жетістігінің арқасында келген сыйды үйіне апаруға ары жібермеген Шарапат апай теледидарды тіке мектепке жеткізген. Мектептің алдында бұл уақытта директор Шарапат апайдың бюродан оралуын күтіп, жүрегі май ішкендей болып тұрған. «Ағай, бізді үлгілі мектеп деп марапаттады, мына теледидарды түсіріп алайық» дегенде, мектеп директоры «әттеген-ай, кеше жиналыста мерекелік шеруге оқушыларды мен дайындағанмын деп бекер айтпаған екенмін» деп өкініштен бармағын тістепті. Жиналыста «шеруге оқушыларды кім дайындады?» деп сұрағанда, директоры бір ағаттық жіберген екенбіз деп қорқып, «тәрбие ісі жөніндегі орынбасарым» деп айтып жіберген ғой.
Осындай біліктілігімен ерекше көзге түскен Шарапат Құрманбекованы 30 жасқа толар-толмасында Отырар ауданы, «Ақтөбе» кеңшарындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектепке директор етіп жібереді. 1990 жылы Жаңа Шілік ауылындағы қазіргі М.Шаханов атындағы орта мектепке директор болып тағайындалады.
– Ол бір қиын кезеңдер еді ғой. Ұлттық дәстүрімізден ажыраңқырап қалғанбыз. Наурыз мейр амын тойлауға бастамашы болдық. Әр жерден оқығанымыз, естігеніміз болмаса, ұлттық мейрамдарымыз ұмыт болып бара жатқан. Тіптен, жастары бізден үлкен кісілер киіз үйдің жасауларының атын ұмытып қалған. Облыс орталығына мұражайға келіп, бәрін іздеп тауып, қағазға түсіріп, балаларға үйреткенбіз. Ақын Қаныбек Сарыбаевтың есімі дүрілдеп тұрған кез-ді. Аудан орталығынан ақындар мектебін ашып, балаларды айтысқа дайындайтын. Содан біз де осы істі қолға алып, мектепте ақынжанды оқушылар арасында байқау ұйымдастырдық. Әріптесім Жұмагүл Нәлібаева екеуміз байқаудың басы-қасында болып, екі бірдей мықты ақын қызды таңдап алып, аудандық ақындар айтысына жібердік. Оның бірі – Маржан Есжанова, екіншісі – Айгүл Асанова. Екеуі де аудандық, облыстық, республикалық аламандардан тек бірінші орын алып келетін. Сонда Айгүл Асанованы Мәскеуде өткен ең соңғы комсомолдар съезіне делегат ретінде жібергенбіз, – дейді Шарапат Құрманбекова.
Кейіннен Шарапат апай «Біліктілікті жетілдіру институтына» ауысып, мұнда да жемісті еңбек етеді. Аудандағы бірқатар шағын жинақты мектептерді заман талабына сай жетілдірумен айналысады. Бірнеше мәрте республикалық, халықаралық педагог мамандардың байқауына қатысып жеңімпаз атанған. Жемісті еңбегінің нәтижесі шығар, былтыр Шарапат апайымыз «ҚР Тәуелсіздігіне – 30 жыл» мерекелік медалімен, сонымен қатар «Құрмет» орденімен марапатталды.
Бүгінде жас ұрпаққа тәрбие беру ісімен айналысып жүрген жас әріптестеріне айтар ақылы да, үйретер өнегесі де аз емес. «Мұғалім ең бірінші өз елінің шынайы патриоты болуы керек. Елін сүйген адам оған адал қызмет етеді» дейді апайымыз. Екіншіден, ұстаздың өз мамандығына деген сүйіспеншілігі ерекше болғанын қалайды. Сонда өзі де өзгелерге үлгі болып, тәлімді ұрпақ тәрбиелей алады дейді. Рас қой, мықты мұғалімнің бұл сөзіне не алып, қосқандайсың!.
Пікір қалдырыңыз