Эпидемиологиялық жағдай алаңдаушылық туғызады

Ысқақ САДЫҚ, «Ońtústik Qazaqstan».


Басқарма басшысының айтуынша, облыста 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдерге,  16-36 апта мерзімдегі жүкті әйелдерге және лактация кезеңіндегі аналарға коронавирусқа қарсы «Комирнати» вакцинасы егілуде. Жасөспірімдерді вакцинациялау – тек ата-анасының немесе заңды өкілінің келісімімен жүзеге асырылуда. І компонентпен – 92 826 адам, 2 – компонентпен – 39 570  адам екпе алып үлгерген. 

Брифинг барысында Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Н.Нышанов  елдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақсыз екендігін, жаңа  штамның таралу жылдамдығы «дельтамен» салыстырғанда 5 есе жоғары екендігін айтты. «Омикрон» штамы коронавирустық инфекцияның басқа түрлерімен салыстырғанда, 20-30 жас аралығындағылар жиірек ауыруда. «Омикрон» штамының ерекше клиникалық белгілері – адам тез шаршайды, басы  ауырады, дене қызуы көтеріледі. Әзірге Түркістан облысында «Омикронға» шалдығу жағдайы тіркелмеді. 

«Облыста 2022 жылдың басынан  Сovid-19 расталған 406 жағдай тіркелді. Соңғы тәулікте КВИ-дің 129 жағдайы тіркелді. Күні кеше ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен ел аумағында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияда «жасыл» мәртебесі бар тұлғаларға ғана сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері мен караокеге кіруге рұқсат беру туралы норманы ұзарту қаралды. Онда «омикрон» штамын ескере отырып, СПА-ға, спорттық-сауықтыру орындарына және фитнес- орталықтарына тек «жасыл» мәртебесі бар адамдарға рұқсат берілді» деді Бас санитар дәрігер. 

Сондай-ақ Н.Нышанов Түркістан өңірі эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес «жасыл» аймақта тұрғандығын атап өтіп, сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырды.

Пікір қалдырыңыз