Туған елдің бір бөлшегіміз

Қазақ халқында «Туған елдей ел болмас, туған жердей жер болмас» деген дана сөз бар. Менің жаным да, тәнім де Қазақстан елінде. Байтақ жеріміз шығыс пен батысты жалғастырған алтын көпір. Осы жерден Ұлы Жібек жолы өткен. Қазақстан пайдалы қазбалар қоймасы. Соңғы санақ бойынша Қазақстанда 20 миллионға жуық адам тұрады. 

«Бұтағы көп ағашқа құс қонар» деген сөз тура Қазақстанға қарап айтылғандай. Себебі, Қазақстан жерінде қаншама ұлт өкілдері бір-бірімен тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бұл жерді менің ата-бабаларым бастарына қандай қиындық туса да мойымай, қорғап қалуға атсалысқан.

Еліміздің қай жерін, қай тұсын, қандай өлкесін алсақ та көрген жанның көңілін марқайтып, көзін жадырататын табиғатымен ерекшеленеді. Менің кіндік қаным тамған ауылым – Бейнеткеш елді мекені. Ауылымыз біз үшін жанымызға жақын, ең ыстық, ең сұлу өлке. Оның жұпар атқан жусаны, кеудеңе құйылған мөлдір ауасы, жотаға өрмелеген жалғыз аяқ жолдары, осының бәрі – туған елдің бір бөлшегі.

Елдің, жердің тазалығын сақтайтын – біз. Қазақ халқы «Елдің даңқын ер шығарады, ердің даңқын ел шығарады» деп бекер айтпаған. Елдің елдігін, адамгершілік асыл қасиетін айтып, халқымыз айдай әлемге жар салуда. Жас буын біздер де тәуелсіздігімізді баянды ету үшін  оған өз үлесімізді қосуымыз керек. Қазір Бірінші Мамыр ауылында тұрамыз. Осындағы мектепте математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеймін. Білім ұясындағы 5-11-сыныптарға сабақ беремін. Алғаш мектепке орналасқанда тәлімгерім Ерікхан Салыбеков болды. Мектепте барлығы 222 педагог қызмет етеді. Бір мектепте Тәуелcіздікпен құрдас 10 шақты мұғалім жұмыс істейміз.    


Сымбат МЫРЗАЛИеВА,

«Бірінші Мамыр» ЖОМ мұғалімі.

Төлеби ауданы.

Пікір қалдырыңыз