Жыл соңына дейін 45 ауыл кең жолақты интернетпен қамтылады

Түркістан облысы аумағында 838 елді мекен бар болса, аудан, қала әкімдіктерінің талдау нәтижелері бойынша 481 ауыл  3G және 4G мобильді желісімен қамтамасыз етілген. Ал қалған 206 ауыл 2G мобильді  желісіне қосылған. Қалған 151 ауылда ұялы байланыс атымен жоқ. Бұл туралы Түркістан өңірлік коммуникация қызметінде өткен Түркістан облыстық Цифрландыру, мемлекеттік қызмет көрсету және архивтер басқармасының басшысы Елнұр Өтебаев мәлімдеді.

 

«Тұрғын саны 250-ден жоғары болатын елді мекендерді жоғары жылдамдықты мобильді интернет желісімен қамту мақсатында  ынтымақтастық туралы қол қойылған меморандум жобасы бекітілді. Аталған,  меморандумға сәйкес, Түркістан облысы бойынша 80 ауылдың тізімі жасалып, 58 ауыл мобильді кең жолақты қолжетімділікпен қамтылған. Қалған, 22 елді мекенде интернет  жылдамдығы өте төмен, яғни сапасы сын көтермейді. Меморандумға сәйкес Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі тарапынан комиссия құрылып, аталған 22 елді мекеннің интернет сапасына бақылау жүргізілді. Нәтижиесінде шын мәнінде интернет сапасы төмен екені анықталған», – деді басқарма басшысы.

Брифинг барысында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өңірлік байланыс инспекциясының басшысы Ержан Тоқтағұлов 2021 жылдың соңына дейін ұялы байланыс операторларының Түркістан облысы аумағында ауылдарды ұялы байланыс арнасымен қамту және интернет желісінің сапасын жақсарту мақсатында 45 ауылды жоспарға енгізгенін айтып өтті. Жоспарға сәйкес, 16 елді мекен мобильді кең жолақты интернет желісімен қамтылып, 29 ауылда жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Ауыл тұрғындарын мобильдік интернеттен бөлек жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету мақсатында «Қазақтелеком» және «Транстелеком» АҚ тарапынан «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы» шеңберінде талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтылған 81 ауылдық елді мекен осы операторлардың дилерлерімен ауа арқылы радиомост технологиясы арқылы үй жағдайында жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтылған. Ол дегеніміз -- 6000-ға жуық абонент жоғары жылдамдықты интернетті пайдалануда», –деді инспекция басшысы.

Осы ретте 304 ауылдың тұрғындарын осы технология арқылы үй жағдайында жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтамасыз ету мүмкіндігі бар.

        

                                               Ысқақ САДЫҚ,

                                               «Оңтүстік Қазақстан»

Пікір қалдырыңыз