Асқазан неге ауырады?

Ілгеріде Тибет медицинасының емшілері «Барлық аурудың қақпасы – ауыз» депті. Демек,  күнделікті асты уақытылы ішудің,  құнарлы тамақтанудың денсаулық үшін пайдасы зор. «Ауру – астан» десек те, көпшілігіміз қалай жүйелі тамақтануды біле бермейміз. Ал, ас қорыту жүйесінің бұзылуы түрлі ауруға шалдықтыратыны анық. Академик Төрегелді Шармановтың айтуынша, ауру-сырқаудың 70 пайызы, өлім-жітім көрсеткішінің 60 пайызы тамақтануға байланысты екен.  Жалпы, деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда еліміздегі әрбір екінші тұрғын асқазан ауруынан зардап шегеді. Сонымен…

Яғни ауру, біріншіден, жүйелі әрі құнарлы дұрыс тамақтанбаудың салдарынан пайда болады.Сондай-ақ, күйзеліс пен жүйкеге шектен тыс салмақ түсіру де ауруға шалдықтырады екен. Дәрігердің нұсқауынсыз өз бетімен дәрі-дәрмек қабылдау ас қорыту жүйесін бұзса, шылым шегу мен арақ-шарап ішудің соңы да асқазан жарасына әкеліп соқтыруы мүмкін. Кез келген дәрінің асқазан арқылы сіңетінін ескерсек, бұған үнемі дәрі қабылдауға мәжбүр, мәселен, жүрек ауруымен ауыратын адамдар аса сақтықпен қарағаны жөн. Адамдардың көпшілігі дәрігерге ауруы асқынып кеткен соң ғана келеді. Мәселен, гастрит ауруы кезінде асқазан қабынып, іші эрозияға ұшырайды. Егер гастритті дер кезегінде емдемесе, ол асқазан жарасының пайда болуына әкеледі. Мұндай кезде  адамның жүрегі айнып, құсқысы келеді. Асқазаны қыжылдап, кекіреді, төс асты, жауырынның орта тұсы ауырады.  Адам мазасызданып, ұйқысы қашады. Ауыруды сезіну асқазандағы жараның орналасуына да байланысты. Егер жара асқазанның жоғары бөлігінде болса, тамақ ішер алдында, орта тұсында болса, ас ішкеннен кейін екі-үш сағаттан соң ауырады. Ауру асқынған кезде қан құсып, асқазан тесіледі, үлкен дәреттің түсі қарайып, адам әлсірейді.  Мұндай жағдайда науқасты ауруханаға жатқызып, жараны ота жасау әдісі арқылы алып тастайды.

Ал, емханаға келген науқастар қан мен зәр тапсырғаннан кейін, оларға фиброгастродуоденоскопия (ФГДС) әдісі арқылы тексеру жүргізіледі. Яғни жараның бар немесе жоқ екенін, болса қай жерде орналасқанын анықтайды. Бұған қоса ультрадыбысты зерттеу аппараты арқылы бауыр, ұйқы безі мен өт жолы тексеріледі. Өйткені, асқазан аталған ағзалармен тікелей байланыста болғандықтан, барлығын жіті қарау қажет. Мәселен, кейде адамдар асқазаны ауырып тұрғанын айтады. Бірақ, тексере келгенде асқазаны емес, жүрегі болып шығады. Өйткені, жүрек ауруының кейбір белгілері асқазан ауруына ұқсас. Әрі екеуі жақын орналасқандықтан адам қай жерінің ауырып тұрғанын айыра алмайды. Уақытында тамақтанудың маңызы өте зор.  Дұрыс тамақтанбаған кезде адамның жүйкесі де сыр береді. Қарны ашқан адам ашулануға бейім келеді. Себебі, жүйке жасушалары да асқазанмен байланысты. Сондықтан аш жүрмеген абзал. Және ауқаттанар кезде есте ұстайтын бір нәрсе, ас алдында кисель немесе айран секілді сусындар ішу керек. Бұл астың дұрыс қорытылуына жақсы әсер етеді. Асқазаныңда ақаудың бар екенін білгеннен кейін майлы, ащы, қуырылған тағамдардан бас тартқан жөн. Тамақты суға қайнатып жегеннің пайдасы өте көп. Бірақ, көпшілік осыған мән бермейді. Мәселен, шұжық, кириешки, чипсы, гриль, кәуап секілді қуырылған әрі құрамында жасанды қоспалары бар тағамдарды сау адамның өзі шектеп аз-аздан ғана жеу керек. Сонымен бірге асты асығыс жеп, дұрыс шайнамағандықтан, асқазан бүрлері тітіркеніп, күйзеліске түседі. Өйткені, сөл асты қорытып үлгере алмайды. Қарын және ішек жолдарындағы шырышты қабық жарақаттанады.

Үздіксіз сағыз шайнау да ас қорыту жүйесіне зиян. Себебі, ауыз қуысында мөлшерден тыс көп бөлінетін сілекей асқазан түгіне зиянын тигізеді.

Тельман АЛИЕВ,

Түлкібас аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары.

1 пікір

  • Медетбекова Айнұр
    Медетбекова Айнұр

    Жақсы айтылған екен

Пікір қалдырыңыз