Тұрғындар өз үйлерін өздері басқарады

Енді пәтер иелері кооперативі (КСК) болмайды. Ол сенімді ақтамады. Тұрғындардың қызмет сапасына көңілі толмады. Оның орнына мүлік иелері бірлестігі (МИБ) немесе жай серіктестік (ЖС) құрылады. 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін тұрғындар өз мүлік иелерінің нысанын таңдауы керек. Көп қабатты тұрғын үйлерді басқару саласындағы жаңа реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылуда. Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Бақтыбек Убайдин Түркістан өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осы мәселеге жан-жақты тоқталды.

 

Түркістан облысында барлығы 1517 көппәтерлі тұрғын үй бар. Жыл басынан бері тұрғындар арасында жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде  34 мүлік иелерінің бірлестігі, 1295 жай серіктестік құрылды. Қалған 188 тұрғын үй  – коммуналдық меншікте. Бұларға бірлестік не серіктестік құру талап етілмейді.

 

 – Мүлік иелерінің бірлестігі не жай серіктестікке өтуді тұрғындардың өзі шешеді. Мүлік иелері бірлестігі заңды тұлға болса, жай серіктестіктер заңды тұлға емес. Сондықтан бірлескен қызмет туралы келісімшарт негізінде жұмыс істейді. Пәтер иелері жай серіктестіктің сенімді өкіліне – өздерінің арасынан бір тұрғынға сенімхат беруі керек. Жаңа реформаның тиімділігі сол - әр үйдің өз есепшоты болады, үйге қатысты қандай жұмыс істелгені, қандай сервистік мекемелердің қызметін тұтынғаны ашық көрінеді. Ал ПИК-тің құрамында бірнеше үй болады, барлық тұрғыннан жиналған қаржы бір үйге ғана жұмсалуы мүмкін.  Осы бойынша көптеген келеңсіздіктер орын алып жататын. МИБ құрылса, ауладағы қоқысты тазарту, қар тазалау секілді жұмыстардың қалай атқарылып жатқанына басқарушы есеп беріп отырды. Облыста 21 ПИК болған. Олар мүлік иелерінің серіктестіктерімен тікелей келісім шартқа отырып, көрсетіліп жатқан сервистік жұмыстарды жалғастыра берсе болады, – деді Б.Тоқбергенұлы.


Бұл «Бір үй – бір  бірлестік – бір есепшот» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Яғни, әр бірлестіктің банкте ашылған екі шоты болады – ағымдағы шот және жинақтау шоты. Ағымдағы шоттағы қаржы күнделікті жұмыстарға жұмсалса, жинақтау шотындағы қаржы арқылы екінші деңгейлі банктерден  төмен пайызда  несие алып, үйді толық жөндеу, шатырын ауыстыру секілді күрделі жөндеуге жұмсауға болады. Тұрғындар өз үйлерін өздері басқарады. Яғни, үйді күрделі жөндеуге қаражатты өздері жинайды, кем-кетікті өздері келісіп отырып түгендейді. Және сол қаражаттың түсуін және ақшаның мақсатты жұмсалуын өздері бақылайды.


Пәтер иелерінің кооперативтері бірден таратылмайды. 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін басқарушы немесе сервистік компания болып қайта құрылуы тиіс. Жаңа мәртебеде олар үйлерге қызмет көрсету бойынша жұмысын жалғастырады. Тек құрылған мүлік иелері бірлестігі ол ПИК-пен (КСК) әрі қарай келісім шарт жасай ма, жоқ па - өздері шешеді.


Көпқабатты үйдің барлығы республикалық «Easy Project» жүйесіне жүктелген. Түркістан облысы бойынша «Easy Project» ақпараттық жүйесін толтыру жұмыстарын жобаларды басқарудың ақпараттық жүйесі  сүйемелдейді. Бүгінде бұл жүйеге ақпаратты толтыру бойынша жұмыстар аяқталды. Алайда, облыс ауамағында жаңа тұрғын үйлердің құрылысы аяқталуына байланысты  жаңа үйлер енгізілетін болады.


Ұлас ҮСЕНБАЙ,

«Оңтүстік Қазақстан».

Пікір қалдырыңыз