Қазақстан көппартиялық жүйеден өтті

Баян Дарғожина, «Ońtústik Qazaqstan».

Саяси партиялар — бұл белгілі бір қоғамдық топтардың саяси мүдделері мен қажеттіліктері үшін бірлесіп, өз мақсаттарын жүзеге асыруды көздейтін ұйым. Бүгінде Қазақстанда алты саяси партия тіркелген. Атап айтқанда, олар: «Nur Otan» партиясы, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы, Қазақстан халықтық коммунистік партиясы, «Ауыл» ұлттық-демократиялық партиясы, «Бiрлік» саяси партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП).

Әрине, осылардың арасында «Nur Otan» партиясының салмағы басым. Партияның төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев кеше ғана партияның саяси кеңесі отырысында өкілеттігін қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсыруды ұйғарды. «Халықтың сеніміне ие болу, беделі мен саяси салмағы бар, толыққанды, нағыз саяси партия болу оңай шаруа емес: күшті саяси ерік-жігер, қажырлы қайраткерлік, тынымсыз еңбектену керек, ел үшін еңіреп, ұлт мүддесін қорғап, мемлекеттің жоғын жоқтап, халықтың қамын жеп, Отанымыздың мұң-мұқтажы үшін күресе білу қажет» дейді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ саясаттану кафедрасының профессоры Сейілбек Мұсатаев. Сөзінің жаны бар. Шындығында тек сайлау науқаны кезінде ғана халық партиялардың атын естиді. Тіпті, олардың төрағаларын да жыға танымайды. Себебі, былайғы уақытта олар белсенді емес. 
Қазақстан көппартиялық жүйеден әлдеқашан өтіп кетті. Еліміздегі саяси партиялардың қалыптасу үрдісіне тоқталсақ, қазақстандық ғалымдар еліміздегі партиялық жүйенің қалыптасуын бірнеше кезеңдерге бөліп көрсетеді. Саясаттанушы ғалым Г.Нұрымбетова ҚР заңдары негізінде партиялық жүйенің қалыптасуын үш кезеңге бөлген. Бірінші кезең 1990-1998 жылдар аралығы. Елiмiздегi көппартиялық жүйенiң қалыптасуы жолындағы алғашқы қадам 1990 жылғы КСРО Жоғарғы Кеңесi қабылдаған «Қоғамдық ұйымдар туралы» Заң болды. 1991 жылдың қыркүйегiнде Қазақстан Коммунистiк партиясының мүшелерi оны Социалистiк партия ретiнде қайта құру туралы шешiм қабылдады. 1993 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы саяси партиялардың құқықтық мәртебесiн түбiрiмен өзгертті. Енді саяси партиялар қоғамдық ұйымдардың бiр түрi ретiнде ғана қарастырылды. Бұл идеологиялық және саяси пiкiр сан-алуандылығының мойындалуы әртүрлi саяси партиялардың құрылуына және олардың қызметiне құқықтық тұрғыдан негiз болды.
1992 жылы маусым айында «Қазақстанның халық конгресi» партиясы құрылса, 1993 жылдың ақпанында «Қазақстан халықтарының бiрлiгi», кейiннен партияға айналған одағы құрылды. 1995 жылы Қазақстанның Демократиялық партиясы есік ашты.
Көппартиялық жүйенiң қалыптасуындағы заңнамалық негiздiң әрi қарай жаңартылуы, жетiлдiрiлуi 1996 жылы қабылданған «Қоғамдық ұйымдар туралы» және «Саяси партиялар туралы» заңдардан көрiнiс тапты. Екінші кезең 1998-2001 жылдар аралығы, оны саяси партиялардың саяси жүйедегі рөлінің күшеюі кезеңі деп айтуға болады. Саяси партиялардың қоғамдағы рөлін арттыруда 1998 жылғы «Сайлау туралы» Заңға енгізілген толықтырулар ықпал етті. Осыған орай Парламент Мәжiлiсiнiң құрамы он депутаттық мандатқа кеңейтiлді. 1999 жылғы президенттiк және парламенттiк сайлауларда саяси партиялардың қызметi жанданды. 
1999 жылы 10 қаңтарда өткен Президенттік сайлауда «Қазақстан Республикасының Президентіне кандидат Н.Ә.Назарбаевты қолдау қоғамдық штабы» деп аталған қоғамдық бірлестік 1999 жылғы 19 қаңтардағы жалпы жиналысының шешімімен «Отан» республикалық партиясы болып қайта құрылды. Сөйтіп, партиялық алаңда биліктік күштердің бірігуі негізінде құрылған саяси құрылым дүниеге келді. Парламент Мәжiлiсi депутаттарының құрамындағы партия мүшелерiнiң саны да дәл осы 1999 жылғы сайлаудан кейiн түбірімен өзгердi.     
Үшінші кезең 2002 жылдан қазіргі кезеңге дейінгі аралықты қамтиды. 2002 жылы 15 шілдеде «Саяси партиялар туралы» жаңа заң қабылданды. Бұл заңда саяси партияларды құруға және оны мемлекеттiк тiркеуден өткiзу талаптарын күшейтуге байланысты партиялар саны 2004 жылы 15-тен 12-ге кемiді. Бұрынғы заң бойынша саяси партияны құру үшiн елiмiздiң қандай да бiр жерiнде тұратын он адамның бастамасы жеткiлiктi болса, ендi жаңа заң бойынша саяси партияны бiр мың адамнан кем емес, саяси партияның құрылтай съезiн шақыратын және облыстардың, республикалық маңызы бар қала мен астананың үштен екiсiнiң атынан өкiлдiк ететiн Қазақстан Республикасы азаматтары тобының бастамасы бойынша құру талап етілді.
Саяси партияны мемлекеттiк тiркеу талабындағы тағы бiр өзгерiс оның құрамында болуға тиiс партия мүшелерiнiң санына байланысты болды: саяси партияның құрамында партияның барлық облыстардағы, республикалық маңызы бар қала мен астанадағы әрқайсысында кемiнде 700 партия мүшесi бар құрылымдық бөлiмшелерiнiң атынан өкiлдiк ететiн кем дегенде 50 000 (бұрын – 30 000) партия мүшесi болуы талап етілді.
Әрине, бұл бiр жағынан, партияларға деген талапты жоғарылату арқылы, оның қоғамдағы рөлi мен беделiн көтеруді көздесе, екiншi жағынан, бұқара халықтан саяси партияға тұрақты мүшелiкке өтуді талап ету керi нәтиже берерi сөзсiз еді. Сонымен, саяси партиялар туралы жаңа заң кейбiр партияларға өз позицияларын нығайтуға мүмкiндiк берсе, ал, кейбір партиялық ұйымдардың тiптен саяси аренадан кетуiне алып келдi.
Партиялық жүйедегі келесі өзгерістер 2006 жылы «Отан» партиясының ІХ съезінде «Асар» партиясымен бірігуі туралы қабылданған шешімге байланысты болды. Кейінірек қараша айында «Азаматтық» және аграрлық партиялары бірікті. Нәтижесінде партиялық алаңда ірі саяси күш – «Нұр Отан» партиясы қалыптасты.
2007 жылы жүзеге асырылған саяси реформа партиялар қызметіне тікелей әсер етті. Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес Парламент Мәжілісін қалыптастырудың жаңа тәртібі енгізілді: 107 депутаттың 98-і партиялық тізім бойынша жалпыұлттық сайлау округінен пропорционалдық негізде, ал, 9 депутат Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланады.Осы өзгерістерге сай өткізілген 2007 жылғы Парламент Мәжілісіне сайлау нәтижесінде «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы сайлаушылардың 88% даусына, Мәжілістегі 98 депутаттық мандатқа ие болды. Ал, сайлау науқанына қатысқан Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы, Қазақстан «Ауыл» социал-демократиялық партиясы, Қазақстан Коммунистік Халық партиясы, Қазақстанның Патриоттары партиясы, Руханият партиясы 7% кедергіден өте алмауына байланысты Парламентте бірде-бір орынға ие бола алмады.
Сонымен, қазақстандық парламент бірпартиялық негізде құрылды. Қазақстанда күштi екi партиялық немесе бес партиясы бар көппартиялық жүйенің қалыптасу мүмкiндігі азайып, басым партиясы бар бірпартиялық жүйе қалыптасып отырғаны тарихи шындық. Мұндай жағдай әлемдік тәжірибеде де кездеседі.
2009 жылы «Саяси партиялар туралы» заң мен «Сайлау туралы» Конституциялық заңға түзетулер енгізілді. Саяси партияны құру туралы 5 тармақшадан тұратын 6-бап құрамы 10 тармақшаға дейін кеңейтілді. Нақтылар болсақ, саяси партияны құру үшін құрамында кемінде он адам болатын ұйымдастыру комитетін құру, оны тіркеуден өткізу міндеттелді. Әрі саяси партияны ресми тіркеуден өткізу қатаң уақыттық шеңбермен нақтыланған.
Келесі өзгеріс партияны мемлекеттiк тiркеу үшiн қажетті 50 000 партия мүшесі 40 000-ға дейін кемітіліп, соған сәйкес талап етілетін партияның барлық облыстардағы, республикалық маңызы бар қала мен астанада кемiнде 700 партия мүшесiнің болуы 600 мүшеге дейін төмендетілді. 
Келесі маңызы бар толықтыру саяси партияларды қаржыландыру мәселесіне қатысты. 2007 жылы Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес саяси партияларды мемлекеттік қаржыландыруға тыйым салу туралы ереже алынып тасталған болатын. Міне, осыған орай, заң «Саяси партияларға бөлінетін бюджет қаражаты» атты 18–1-баппен толықтырылды. Бірақ, мемлекеттік қаржыландыру Парламент Мәжілісінде өкілдік ететін саяси партияларға ғана бөлінеді. Саяси партияларды мемлекеттік қаржыландыру партиялық жүйенің дамуына жаңа мүмкіндіктер берері сөзсіз. Тұрақты қаржылық көзі болған жағдайда саяси партиялар өздерінің басты қызметі – тұрғындармен жұмыс істеу, олардың мұң-мұқтажын билікке жеткізу, яғни билік пен қоғам арасындағы байланыс орнатушы механизм ретіндегі рөлін атқаруға мүмкіндік алады.
2019 жылы 20 желтоқсанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында нақты төрт ұсыныс жасады. Біріншісі – бейбіт митинг өткізуге рұқсат беру, екіншісі – саяси партия құру үшін тіркеу кедергілерін азайту, үшіншісі – партия тізімінде әйелдер мен жастарға 30% міндетті квота беру, төртіншісі – парламенттік оппозиция құру. «Саяси партиялар туралы» заңға енгізілген толықтырулар бойынша партияны тіркеу үшін мүшелердің саны екі есеге азайтылды. Бұрын саяси партияларды тіркеу үшін кем дегенде 40 мың мүшесі болуы керек еді. «Бұл – біздің елімізде саяси процестерге азаматтардың қатысуына жол ашатын құжат» деді Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, саясаттанушы Ерлан Саиров.
Пікір қалдырыңыз