Ақ орамал – бақ орамал оның қадір-қасиетін сезінейік

Сәбит Қалдыбаев, «Ońtústik Qazaqstan».

Мақтаарал аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы М.Өтегенованың ұйымдастыруымен Мырзакент, Атакент кенттері мен Еңбекші ауылдық округіндегі қыз-келіншектердің басын қосқан іс-шара өтті. «Ақ орамал» акциясы аясында өткен жиында ақ жаулықты әжелер мен ақ сақалды аталар жас келіндерге ақ баталарын беріп, ізгі тілектерін айтты. 

Бүгінде ҚР Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толуына орай жер-жерде түрлі іс-шаралардың өтіп жатқаны көпке мәлім. Соның бір айғағы – тамыз айында ғана бастау алған «Ақ орамал» акциясы болатын. Бұл бастаманы ауданымыздың әжелер кеңесінің төрайымы Ш.Құрбанбаева мен Елбасымыздың сыныптасы Р.Төлемісова ұйымдастырып, жақсы бастаманың шымылдығын ашқан еді. Енді бұл шара Абай атындағы жалпы орта мектепте жалғасты. 
Жиында Роза Төлемісова, аудандық әжелер алқасының төрайымы Шахзода Құрбанбаева,  аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова, ішкі саясат бөлімінің басшысы Тамара Ташева, ардагер ұстаздар – Сәуле Ерманова, Шара Жүсіпбаева, Ұлбике Әшірбаева, Зейнура Жаманқараева, Бибажар Утеулиева, сондай-ақ, алтын құрсақты ана, 7 келіннің енесі Тойгүл Әкімқұлова сөз сөйледі.
«Ақ орамал» акциясының тәрбиелік мәні, жастарға үлгі боларлық қадыр-қасиеттері, орамал тартудың салт-дәстүрімізде алатын орны туралы тұщымды пікірлер айтылды. Аудандық әжелер алқасының төрайымы Ш.Құрбанбаева ханды да, қараны да, түзу жолға салатын ақ орамалдың баға жетпес құндылығы, қазіргі қыз-келіншектердің инабатты, ибалы болуы отбасындағы тәрбиеден бастау алатыны жайлы айтты. 
Жиын барысы келіндердің басына ақ орамал тарту рәсімімен жалғасты. Ауыл ішінде елге сыйлы, құрмет пен ізетке  бөленіп жүрген, отбасында ата-дәстүрімізден аттамай, өздерінің ибалы мінезі, жағымды қылық-қызметімен көзге түсіп жүрген 15 шақты жас келіндерге ақ жаулықты ардақты әжелер ақ орамалды сыйға тартып, орамал тарту үрдісін көрсетті. Өз кезегінде жас келіндер де ата-дәстүріміз бойынша бастарын иіп, үлкендерге сәлем салып ізеттілік танытты. Ардагер әжелерге, апаларға, келіндер де құрмет, ізеттілікпен ақ жаулық тарту етті. Міне, осылайша жас келіндер мен енелер арасындағы орамал тарту дәстүрі қайта жаңғырды. 
– Ақ орамалдың қадыр-қасиеті өте тереңде. Орамал қадірін білетін адам иығына салып жүреді, ал, қасиетін білген адам басына тартып жүреді. Ең болмаса иығына салатынды үйретейік, ары қарай бастарына тартуды да үйретеміз деген ниетіміз бар. Орамалдың ақ болғаны – пейілдің ақтығын, кеңдігін, келген келіннің тазалығын, «келінім өссе, өнсе» деген ниетпен салатын жаулық. Бүгінгі акцияның негізгі түйіні де жас келіндеріміз осы бір жақсы дәстүрді, әдемі көріністі естерінен шығармай, ақ орамалдарын бастарынан тастамай, ұлттық дәстүрімізді сақтап жүрсе деген мақсат, – деді мектеп директоры М.Өтегенова. 
Ақ орамал әрбір келіннің басына қонған бақ орамал болсын. Еліміздің ер азаматтарын қадірлейтін, ата-анаға адал қызмет жасайтын жас келіндеріміз, аналарымыз көбейе берсін. Еліміздің демографиялық санын көбейтетін біздің мейірімді, инабатты, ибалы ақ орамал тартқан келіндеріміз көп болса екен деген ой түйдік бұл жиыннан.
 
Мақтаарал ауданы.

Пікір қалдырыңыз