Азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша рейд жүргізіледі

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларының өсуінің алдын алу шаралары мен тұрақтандыру туралы баяндалды. Соңғы екі айда баға динамикасы 0,5 пайызға төмендеген. Маңызды мәселе облыс басшысының тікелей бақылауында. Бағаны тұрақтандыру мақсатында жақын күндері барлық базарларда рейдтік, мониторингтік іс-шара жұмыстары күшейтіледі. Сауда үстемелерін 10%-дан жоғары көтеруге жол бермеу бойынша және келген тауарлардың заңдылығын тексеру жұмыстары жүргізіледі.

 Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуінің алдын алу мақсатында, ірі сауда орындары мен дүкендер және әмбебап базарлармен облыс көлемінде 1098 меморандум түзілген. 
 Аппарат отырысында Түркістан облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысы Нұрбахыт Иманқұловтың мәлімдеуінше, облыс әкімдігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мақсатында «Айналым схемасы» шеңберінде жалпы 570 млн.теңге таратылған. Оның ішінде «Magnum Cash&Carry» ЖШС, «Али Сауда» ЖШС, «Ғажайып-П» мекемелеріне қарыз берілді. Аталған сауда орындары тауарларды нарықтағы бағадан 10-15 %-ға төмен бағамен сатуда. Бүгінгі таңда тұрақтандыру қорында құны 573,7 млн.теңгенің 5865,2 тонна азық-түлік тауарлары (ұн, күріш, рожки, қартоп, пияз, сәбіз, тұз, құнбағыс майы) бар.
Сондай-ақ, басқосуда диқандардың өз өнімдерін арадағы делдалдар арқылы тым арзан бағамен сататыны жайлы айтылды. Ал, сатып алушылар азық-түлік бағасын жасанды көтеруде. Осыған орай, Түркістан қаласында бой көтерген көтерме тарату орталығы бағаны тұрақтандыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жағдай жасайды. Жаңа сауда орталығы Түркістан облысының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандырудың пәрменді тетігі болып, көтерме-сату орталығының қызметін атқарды. 
Түркістан қаласында 13 әлеуметтік дүкен бар. Тамыз айынан бастап облыс орталығының бес сауда орындарында әлеуметтік бұрыштар ашылып, әлеуметтік маңызы бар тауарлар белгіленген бағада нарықтағы бағадан төмен сатылуда. Облыс әкімдігі тарапынан ӘМАТ шекті бөлшек сауда бағаларын негізсіз өсірмеу үшін сауда бағалары бойынша заңнама талаптарын бұзуды жою жөнінде Түркістан қаласындағы сауда орындарына 45 нұсқама беріліп, қазіргі таңда 3 субъектіге айыппұл салынды. Жұмыстар жалғасуда.
Пікір қалдырыңыз