2016 жыл: Шежіреге толы ширек ғасыр

2016 жылдың ең басты жаңалығы – Алаш көсемі, қоғам және мемлекет қайраткері, журналист, ғалым, халқымыздың ардақты ұлы Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті. 2011 жылы Мәскеудегі Дон зиратында Әлихан Бөкейхан жерленген қабірге ескерткіш тас қойылған еді.

Сонымен қатар, мемлекетіміз бен халқымыз үшін мәні мен маңызы зор атаулы күннің бірі – Бөкей Ордасының құрылғанына 2016 жылы 215 жыл толды. Ішкі Қазақ Ордасы (Бөкей Ордасы) – 1801 жылы Еділ мен Жайық аралығында дүниеге келген саяси құрылым.
2016 жылы Желтоқсан көтерілісіне 30 жыл толды. 1986 жылы 17-18 желтоқсан күндері КОКП Орталық Комитетінің шешіміне қарсы шыққан қазақ жастары бейбіт ереуіл жасап, Алматы қаласындағы Орталық алаңға жиналып, наразылықтарын білдіргені белгілі. Мұндай қарсылықты күтпеген отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйе бостандыққа, тәуелсіздікке ұмтылған қазақ жастарын аяусыз жазалау операциясын жүзеге асырды. Бұл кеңестік империяға қарсы ашық бой көрсетулердің бастауы болды. Желтоқсан көтерілісінен кейін өзге республикаларда да осындай наразылық білдірген оқиғалар орын алды. 1991 жылы КСРО күйреп, оның құрамында болып келген республикалар ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздіктеріне қол жеткізді. Соның бірі – Қазақ Елі! 1991 жылы 
16 желтоқсанда Қазақстан өз тәуелсіздігін алды. Алматыда болған Желтоқсан көтерілісіне байланысты 17 желтоқсан Қазақстан Республикасының Демократиялық жаңару күні болып белгіленген. 
Бұдан 25 жыл бұрын 1991 жылы 2 қазанда қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңестер Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Тоқтар 
Әубәкіров ғарышқа сапар шекті. Сондай-ақ, Семей сынақ аймағының біржола жабылғанына 25 жыл толды. 1991 жылы 29 тамызда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» тарихи Жарлыққа қол қойды. Осы орайда, 29 тамыз Қазақстанның бастамасымен бүгінгі таңда ядролық сынақтарға қарсы әрекеттердің халықаралық күні болып белгіленді. Бұл туралы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарары қабылданды. 
2016 жыл Қазақстан үшін маңызды мерейтойлар мен мерекелік даталарға толы жыл болды.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясының құрылғанына – 70 жыл, М.Әуезов атындағы Қазақ драма театрының құрылғанына – 90 жыл. «Лениншіл жас», қазір «Жас Алаш» газетінің бірінші нөмірі шыққанына – 95 жыл, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне 100 жыл толды. Сондай-ақ, публицист Баубек Бұлқышевтің туғанына – 100 жыл, ақын Қасым Аманжоловтың туғанына 105 жыл толды.
Шопан, екі мәрте Социалистік Еңбек ері Жазылбек Қуанышбаевтың туғанына 115 жыл толды.
Қазақ композиторы, Қазақ КСР халық әртісі, дирижер Ахмет Жұбановтың туғанына 110 жыл.
Ақ күріштің атасы, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың 125 жылдығы да 2016 жылғы маңызды іс-шаралардың қатарында тұрды.
Сондай-ақ, 2016 жылы аты аңызға айналған қазақ балуаны Қажымұқан Мұнайпасовтың туғанына – 145 жыл, Қаз КСР халық әртісі, композитор Дина Нұрпейісованың туғанына 155 жыл толды.
2016 жылы жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 170 жылдық мерейтойы аталып өтті.
Қазаққа оқу-білімнің нұрын шашқан аса көрнекті ағартушы-педагог, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің 175 жылдығы да кең көлемде тойланды.
2016 жылы Исатай мен Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтеріліске (1836 жыл) 180 жыл толды. Мұнан бөлек белгілі абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың, Қазақстанның халық әртісі, әнші, режиссер Кәукен Кенжетаевтың, дәуірдің эпик ақыны Хамит Ерғалиевтің, Қазақстан опера өнерінің негізін салушы сахна жұлдыздары Мүсілім мен Ришат Абдуллиндердің 100 жылдық мерейтойлары кеңінен аталып өтті.
2016 жылы 12 ақпанда Астанадағы медициналық әлеуметтік оңалту орталығы жаңа ғимаратқа көшті. 
8 наурызда әлемге әйгілі «McDonald’s» мейрамхана желісі Астана қаласында да ашылды. 
27 сәуірде Елбасы Н.Назарбаевтың төрағалығымен Астана қаласының экономикалық дамуы және ЭКСПО көрмесін өткізуге арналған кеңес өтіп, Елбасы осы салаға қатысты құрылым басшыларына тапсырмалар берді.
19 мамырда Астанада бокстан әйелдер арасында әлем чемпионаты өтті. Қазақстандық қыздар байрақты бәсекеден 4 алтын, 2 қола медаль олжалап, командалық есепте бірінші орынды иеленді.
31 тамызда Астана қаласында Орталық Азия бойынша баламасы жоқ оқу ордасы – Қазақ ұлттық хореография академиясы ашылды.  
19 қазанда елорда төрінде Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың ескерткіші ашылды.
21 қазанда бас қалада «ForteBank Kulanshi Artspace» өнер галереясы ашылды. 
31 қазан – ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысатын мемлекеттердің алғашқы бестігі – Венгрия, Германия, Қытай, Түркия, Франция павильондарына сертификат тапсырылды.
16 желтоқсан – Мемлекет басшысы Н.Назарбаев ЭКСПО-2017 көрмесi аумағында орнатылған «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» монументін ашты. Нысанның 25 қыры ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық датасына орайластырылған.

Саясат бөлімі.
Пікір қалдырыңыз