Көмір қымбат па, өмір қымбат па?

Аман Жайымбетов, «Ońtústik Qazaqstan».

Ауа райын болжаушылар биылғы қыстың біршама суық болатынын айтады. Бұл болжам қыркүйек түспей жатып-ақ қыр көрсеткендей, қазірдің өзінде таң суыта бастады. Таразы туып таң суып, сүмбіле келіп су суитынын болжаған ежелгі халық, міне, осы мезеттен-ақ қыстың қыспағына қамдана бастаған. 

Иә, табиғи газды тұтынатындар болмаса біздің елдің басым бөлігі бұл мезгілде көмірдің жылуына жүгінеді. Ал, күн суытқан сайын көмірге деген сұраныс арта түсетіні белгілі. Биыл қатты отынның бағасы қандай болмақ? Бұл – тәтті өмірін қатты көмірсіз елестете алмайтын әлеумет үшін маңызды сұрақ. Қыр астынан қыстың құлағы қылтиып тұрған қысылтаяң шақта бағаның сан құбылып, сұраныс артқан сайын көмір тапшылығы орын алып жататыны да жасырын емес. Бірақ, бұл салаға жауапты министрліктің айтуынша, алаңдайтындай негіз жоқ. Өйткені, елімізде көмір қоры жеткілікті. Биылғы жылдың өзінде жетпіс миллион тоннаға жуық көмір өндірілген. Бұл туралы таяуда болған Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты. «Министрлік апта сайын халықты және коммуналдық-тұрмыстық секторды көмірмен қамтамасыз ету бойынша мониторинг жүргізіп отыр. Көмір өндіруші компаниялардың жедел деректері бойынша 2021 жылғы қаңтар-тамызда шамамен 68 миллион тонна көмір өндірілді. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 98,5 пайызды құрайды» деді министр. 
Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, «Богатырькөмір», «Шұбаркөлкөмір» және «Қаражыра» сынды ірі компаниялар көмір өндіру көлемін ұлғайтқан. Бүгінде барлық өңірлерде жеткілікті мөлшерде көмір қоры жинақталған. Теміржол көлігі паркі көмірді толық көлемде тасымалдауды қамтамасыз етіп жатыр. 
Ал, бағаға келетін болсақ, өткен жылмен салыстырғанда біршама құбылуы мүмкін. «Көмір бағасы нарықтық қатынаста қалыптасатынын және мемлекет тарапынан реттелмейтінін айта кету қажет. Әкімдіктердің ақпараты бойынша өңірлердегі көмірдің құны тоннасына 5 мың теңгеден 19 мың теңгеге дейін өзгереді. Бұл ең алдымен көмірдің маркасына, өндіру шығындары мен жеткізу қашықтығына байланысты» деді Б.Атамқұлов. 
Министрлік таратқан мәліметке қарағанда, алдағы жылыту маусымында коммуналдық-тұрмыстық және тұрғындар үшін қажетті көмір көлемі шамамен 9,2 миллион тоннаны құрайды. Оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық секторға – 2,8 миллион тонна, халыққа 6,4 миллион тонна көмір қажет. 
Міне, осылайша қыс жақындаған сайын қадірі артатын қатты отын биыл қат болады деп қорқудың қажеті жоқ. Өзіміздің жылыту базалары мен қоймаларда ашық саудаға шығарылған көмірдің бағасында да өткен жылмен салыстырғанда анау айтқандай айырмашылық жоқ, тоннасы жиырма мың теңгенің ар-жақ бер жағында босатылып жатыр. Дегенмен, қысқа ертерек қамданып, әркім өзіне керек қатты отынын даярлап қоймаса тағы болмайды. Қалай болғанда да жайбарақат отыратын заманның ауылы алыстап кеткенін бәріміз де білеміз ғой...
Пікір қалдырыңыз