Сейіткамалдай ұстаздың алдын көрген

Шардара аудандық орталық ауруханасының хирургия бөлімінде жұмыс қашан да қарбалас. Кейде пациенттер болжағаннан да көп түседі. Мұндай кезде бөлім дәрігерлері мен медбикерлер мұрындарынан шаншылып жатады. Бір орында жиырма жылдан аса қызмет атқарып, соңғы он жылдан бері осы бөлімге басшылық жасап келе жатқан жоғары дәрежелі хирург, «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісінің иегері Қайрат Әзтаев хирургия бөлімінің нәтижелі жұмысы бірінші кезекте тәжірибесі мол мамандарға, сосын заманауи аппараттарға тәуелді деп есептейді. Алайда, бәрін дәрігердің білімі мен білігі шешеді.

Қайрат Әзтаев бұл мамандықты бала кезден-ақ таңдаған. Жастайынан аты аймаққа белгілі дәрігер Сейіткамал Кенжебаевқа еліктеп өсті. Қызылқұмды игеру науқаны қайнап жатқан тұста орталық ауруханада бас дәрігер қызметін атқарып, денсаулық сақтау саласына лайықты үлес қосқан Сейіткамал Кенжебаев Қайраттың әкесі Саттар ағамен сырлас болыпты. Досының шаңырағында жиі болып, жанына жақын тартып сөйлеседі екен. Дәрігерді Саттар аға да құрмет тұтып, ұл-қыздарына үнемі үлгі етіп отырыпты. Кішкентай сары бала «мен де Сейіткамал көкемдей дәрігер боламын» деп алдына мақсат қойыпты. Семей мемлекеттік медицина институтын бітіргеннен кейін Қайрат өзі туып-өскен Шардара қаласына келіп, еңбек жолын осындағы аудандық ауруханада бастады. Марқұм Кеңес Әбуов, бүгінде зейнеткер атанған Сталбек Мырзадинов, Әзірет Ерназаров, Болат Дәуренов, қазіргі әріптесі Талғат Әбуовпен қызметтес болды. Білігі мен іс-тәжірибесі мол, жұртшылықтың алғысына бөленген ағаларынан көп нәрсе үйренді. «Дәрігер үнемі ізденісте, ұдайы білімін жетілдіріп отыру керек» дейтін Қайрат Саттарұлы ауданда қызмет атқара жүріп, әр жылдары Алматы, Ақтөбе, Ресейдің Новосібір қалаларында білімін жетілдіріп, хирургия, нейрохиругия салалары бойынша тереңдеп оқып, шеберлігін шыңдады.  
– Дәрігердің басты мақсаты да, жетістігі де – науқасты емдеп, аяққа тұрғызу ғой. Бөлім қызметкерлері алдымен түскен науқастарға жедел медициналық көмек көрсетеді. Тек уақыт жоғалтпау керек. Дер кезінде қажетті ем-дом жасалғанда ғана науқас жылдам аяққа тұрады, – дейді хирургия бөлімінің меңгерушісі Қайрат Әзтаев. – Сапалы медициналық қызмет көрсету мақсатында емдеу мекемесі мемлекет тарапынан тиісті деңгейде құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мәселен, бұрнағы жылы ауруханаға компьютерлік томография алуға қол жеткізді. Бұл диагностикалық аппарат адамның басынан бастап түгел ішкі құрылысының, яғни бүкіл ағзасының қалай зақымдалғанын дәл көрсетіп бере алады. Мұндай құрылғы жоқ кезде облысқа немесе аппараты бар көрші аудандарға науқастарды апарып, кеселдерін дәл анықтап жататын едік. Компьютерлік томография алған кезде де екі ай Алматыға арнайы барып оқыдым. Тағы бір жетістігіміз – лапароскопиялық қондырғы  алдық.  Мұны жалпақ тілмен «лазерный аппарат» десек түсінікті болады. Оның мүмкіндігі зор. Ота жасаудың ашық түріне қарағанда, жаңа қондырғы науқастың денесінде мейлінше аз тілік жасайды. Арнайы түтік  жіберу арқылы экранға қарап жасалатын отада тілінген жер жылдам жазылады. Науқас та дертінен тез айығады. Дәрігерлерді осы аппаратты жетік меңгеру үшін облыстан маман шақыртып, бір жыл бойы үйреттік. Компьютерлік томография мен лапароскопиялық аппарат арқылы жұмыс істеу деңгейі көтеріліп келеді. Бір сөзбен айтқанда, науқастың тез айығуы үшін бізде барлық жағдай жасалып отыр, – дейді Қайрат Саттарұлы.
Емдеу мекемесінің жұмысының нәтижелі болуы ұжымның ұйымшылдығына байланысты. Дәрігерлер Жаңабай Оразбаев, Сапарғали Әбілдаев, Ержан Мәуленов, Данияр Тасболатов, аға мейірбикелер Бота Ибраимова, Ләззат Мұсаева, мейірбикелер Роза Байларова, Нағима Байтілесова, Күлайхан Үсенова, Гүлжанар Шахарбаева, Алмагүл Шадыбекова, Гүлназ Дәубақова, Жанар Өтемұратова, Диля Керімқұлова, Сара Дәулетова, кіші мейірбикелер Бота Әбдірайымова, Кәрима Әбдірайымова, Мәрия Беркімбаева, Айткүл Құлқаева өз міндеттерін адал атқарып, көптің құрметіне бөленіп жүр. Науқастардың жататын төсек-орны, тамақтанатын жері таза болуы керек. Бұл мәселе де басты назарда. Сондықтан кіші медициналық қызметкерлерге қойылатын талап та күшті.
Тәуліктің кез келген сәтінде  хирургиялық бөлім өзге әріптестерімен қоян-қолтық бірге жұмыс істеуі тиіс. Мұндай жауапты кезеңдерде жан сақтау бөлімінің меңгерушісі Мұхаббат Сымайылова, инсульт бөлімінің меңгерушісі Татьяна Ким, реаниматолог Бекзат Тұтқабаев әрдайым көмек қолын созуға дайын.  
Аудандағы медицина саласының бір проблемасы – білікті мамандардың тапшылығы. Қайрат Әзтаевтің айтуынша, жоғары білім алған жас мамандар Шардараға келіп жұмыс істегенімен де, біраз жылдан соң кетіп қалады. Сондықтан жергілікті кадрларға басымдық беріп, соларды тәрбиелемесе маман тапшылығы шешілмейді. Оларды осында түпкілікті қалдыру үшін шардаралық жас мамандардың білімін жетілдіруге ден қойып отыр. Мысалы, дәрігер-травматолог Құрманбек Құлбаба Алматыда, одан Ресейдің Қорған қаласында білімін жетілдіріп келді. Ал, Ержан Мәуленов пен Данияр Тасболатовты өзінің ізбасары санайды.  
Бұдан бірнеше жыл болған бір оқиға әлі есінен кетпейді. Алатау батыр ауылынан шұғыл шақырту түсті. Дәрігер Нұржан Нөсеров екеуі жедел аталмыш елді мекендегі ауруханаға жетті. Небәрі екі жастан асқан сәби екі дүниенің ортасында жатыр. Куәлардың айтуынша, аң аулап қайтқан әкесінің мылтығымен ойнап отырып, шүріппесін басып қалған. Дәл басынан атылған оқ баланың сол жақ көзі мен шекесін опырып жіберген. Кеудесінде жаны бар демесең қан-жоса боп өлім аузында жатқан бүлдіршіннен жұрт күдерін әлдеқашан үзіп қойыпты. Қайрат ағып түскен көздің тамырларын байлап, шашылып кеткен бас сүйектерді жинап, тігіп тастады. Содан соң сәбиді аудандық ауруханаға алдырып, лайықты ем-домын жасады. Құдайдың құдіретімен бір көзден айрылса да әлгі сәби аман-есен жазылып шықты. Қайрекеңнің өзі мұны менің еңбегім емес, сәбиді періште қақты деп отыр.
Мамандығын жанындай жақсы көретін дәрігер тәуліктің басым бөлігін ауруханада өткізеді. Қызметтен қолы қалт етсе, теңіз жағасына барып, балық аулағанды жақсы көреді. Көлігінің жүк салғышында үнемі қармақ жатады. Демалысы – сол.
Өмірлік жары Жанар Сартбаева Шардара мектеп-лицейінде физика пәнінен дәріс береді. Ол аудандағы үздік педагогтардың қатарында. Әулетте 2 қыз, 3 ұл өсіп-өніп келеді. Қыздың алды тұрмысқа шықты.
Кім біледі, елдің айтып жүрген бақытты өмір дегені осы шығар.

Әділ ӘБДІРАМАНОВ. Шардара ауданы.

1 пікір

  • Сейіткамал
    Сейіткамал

    меніңде атым Сейіткамал маған есім қоярда ажеме аян беріп қойғызған бұл есімнің сыры неде мағынасы қандай әлі білмей жүрмін)

Пікір қалдырыңыз