Ауғанстандағы қазақтар... Олардың бәрі қазақ па?

Қазір әлемдегі ең өткір тақырып – Ауғанстан тақырыбы болып тұр. «Билік ауысып, тәліптердің қолына өтіпті. Президенті қашыпты» деген әңгімелер бүгінде ескірген. Ел қазір Панджшер шатқалына назар тігіп отыр. Алайда, бізді «басынан соры кетпеген елдегі қандастарымыздың жайы не болады?» деген сауал көбірек мазалайды.

Кабулға жету екіталай

Ауғанстан туралы бәріміз сөз етіп жүргнімізбен, ол жақтың жайын бізден гөрі сол жақтан көшіп келген қандастардан артық білетін ешкім жоқ. Нәби Мұхаммедаминұлы Шымкентке сонау тоқсаныншы жылдардың соңында келген. Ол Ауғанстанда қалған туған ағасы Ахмед Мұхаммедаминұлының жағдайына алаңдаулы. Ауғанстанда тұратын қазақтар елге келу үшін Кабулдағы елшілікке баруы керек. Содан кейін ғана Қазақстанға қайта алады. Көпшілік үйден шыға алмай жатқанда Нәби ағаның бауыры Шыбырғаннан жүздеген шақырымда әрі орналасқан Кабулға жетіпті. Әйелі, 4 қызымен нағашысының үйін паналап отыр. Нәби аға Кабулдан басқа қалаларда тұратын қазақтардың Ауғанстанның астанасына жетуі екіталай екенін жасырмайды.

– Кабулға барған күннің өзінде елшіліктегілердің оларды Қазақстанға қашан әкелетіні белгісіз. Қолдарындағы құжаттарын алып қалып, «өзіміз хабарласамыз» деген екен. Басым бөлігінің жағдайы өте төмен, оның үстіне сауаты да жоқ. Ал, тұрмысы жақсылар әлдеқашан елден қашып шығып кетті, – дейді ол.

Нәби аға ата-анасымен және екі ағасымен Қазақстанға 1999 жылы келіпті. Сол кезде де тәліптер Ауғанстан билігін соғыспен тартып алып, елдің үрейін ұшырған еді. Ағасы Ахмедті үйінің есігінің алдынан тәліптер «бұл әскери адам» деп тұтқындап алып кеткен. Бірақ, ол әскери адам емес. Қарапайым, жалдамалы жұмыс істейтін болған. Біреу солай көрсетіп жіберген болуы керек. Осы оқиғадан кейін Нәби ағаның ата-анасы автобус жалдап, отбасымен Кабулға жол тартады. Елшіліктің нұсқауымен Кабулдан Пәкістанға барып, ұшақпен Қазақстанға жетіпті.

– Ауғанстанда Кабулда, Мазари-Шарифте, Шыбырғанда өмір сүрдік. Тәліптер шабуыл жасағанға дейін бұл аталған аймақтар тыныш болатын. Қазақстанға келгенде, алғашқыда Қостанайда тұрдық. Ол жердің ауа райы бізге қолайсыз, суық болғандықтан, көп ұзамай Шымкентке қарай бет алдық.

Құдай өмір беріп, Ахмед ағам тірі болып шықты. Кабулда нағашыларым бар. Солардан ағамның аман екенін естідік. Сенесіз бе, ол уақытта бүгінгідей байланысып, халдерін сұрайтын телефон да жоқ. Анда-санда Ауғанстаннан Қазақстанға туған-туыстарының той-томалағына қатысуға келетін қандастарымыздан сұрастырып жүріп, әйтеуір, бір хабарын алдық қой. Жағдайы нашарлап, мүсәпір күйге түскен екен. Талибандар үкіметіне қарсылық білдіргені үшін 4 жыл бас бостандығынан айырылыпты. Талибандар үкіметі құлағаннан кейін жаңа үкіметтің шешімімен қамаудан босатылыпты.

Шақырту қағазын жіберіп, 2004 жылы Қазақстанға алдырған едік. Небәрі бір ай ғана біздің жанымызда болды. Визасының уақыты бітіп, Ауғанстанға қайта кетуіне тура келді. Қанша әрекеттенсек те, мұнда алып қала алмадық. Құжатында ұлты «қазақ» деп көрсетілмеген соң тіркеуге қабылдамады. Әйтпесе, Ауғанстаннан келген оралман бауырларымыз оның қазақ екеніне куәлік беруге дайын-тұғын. Менің де, екі ағамның да сауаты жоқ. Тұрмысымыз төмен. Қолдан келмеді. Етікшінің қайбір табысы болады дейсіз, – дейді Нәби аға.

Иә, Нәби ағамен әңгімелесіп отырғанымызда «неге осы уақытқа дейін Қазақстанға көшіріп алмаған?» деген сұрақ ойымызға оралып еді. Оның өзіндік себептері де бар екен. Шетелден келген қандастарымыздың азаматтық алуы қиындап кеткен. Ұлтының «қазақ» екенін анықтау да бүгінде үлкен проблемаға айналып отырғаны көрініс бере бастады.

«Қазақтар бір-бірінен ру, жүз сұрасады»

Ауғанстандағы қазақтардың тарихы, тілі мен діні, жалпы, тыныс-тіршілігі осы күнге дейін түбегейлі зерттелмеген. Дегенмен, аталған мәселеге етене араласып жүрген ақын Ауыт Мұқибек Ауғанстандағы қазақтардың ұлтын анықтау соншалықты қиын емес екенін айтады. Оның мәлімдеуінше, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанға Елбасының тапсырмасымен Пәкістан, Иран, Сауд Арабиясынан 13 мыңға жуық қазақ көшіріліп әкелінген. Оның басым бөлігі – соғыс салдарынан тентіреп кеткен Ауғанстанның қазақтары. Солардан Ауғанстанда қалған жақын туыстарының аты-жөнін, тұрып жатқан жерін сұрап, жазып алу керек. Сол мәліметке сүйене отырып, олардың қазақ екенін анықтауға болады. Бұл мәлімет бауырларымызды Отанына оралтуға жәрдемдеседі деп есептейді. Мұны бір – деңіз.

Сосын «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көш-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын тездетіп қайта қарап, Заңға шетелден оралған қандастарымыздың ұлтын жергілікті жақын туыстарының мәліметі мен кепілдігіне сүйене отырып, комиссия арқылы анықтайтын жаңа норма енгізу керек.

Ауғандағы қазақтарды тіл мәселесі де алаңдатып отыр. Ересектер ана тілін аздап білгенімен, жастар жағы қазақ тілінде әзер сөйлейді. Содан ба елде «Ауғанстандағы қазақ бауырларымыздың тілдері бұрмаланған. Тіпті, қазақша білмейтіндер де өздерін «қазақпыз» деп жүр» деген қауесет тарады. Біз әңгімелескен Нәби ағаның да тілі бұрмаланған. «Неге?» десек, ол өзінің Пәкістан, Иран, Ауғанстан, Ресейде тұрып, өз бетінше 8-9 тілде сөйлеуді үйренгенін алға тартады. Қазақстанға 25-26 жасында келген. Сол уақытқа дейін Ауғанстанда өмір сүрген. Қазақ мектебінде оқымаған. Қазақша сауат ашпаған. Тіпті, онда қандастарымыздың басын қосатын ұйым да жоқ. Олар бір жерде шоғырланып, қоныстанбаған. Кейіпкеріміз ауған қазақтарының ана тілінде таза сөйлей алмауына мұның да әсері бар шығар деген ойда.  

– Ауғанстанда балаларды тәжік, пуштун, дари және ағылшын тілінде оқытады. Ауғандарды ру, жүз деген нәрсе қызықтырмайды. Оларға адам болса болды. Бірақ, Ауғанстанда өмір сүріп жатқан қазақтар бір-бірінен ру сұрасады, жүз сұрасады. Жеті атаға жетпей қыз алыспау керек деген салтты берік ұстанады. Ақсақалдар жағы, әсіресе, осыны қатты қадағалап отырады. 

Менің руым – Шөмекей. Шөмекейдің ішіндегі қара сарғасқа. Кіші жүзбіз. Айта кетер тағы бір жәйт, қазақ қыздары тек қазақ жігіттеріне тұрмысқа шығады. Өз басым осы күнге дейін өзге ұлтқа қызын берген қазақты кездестірмеппін. Дегенмен, қазақ жігіттері қалыңдығын тәжік, ауған, өзбектен іздей береді.

Ауғанстанда өзбектер мен тәжіктер көп. Қазақтар солармен құдандалы болады, алыс-беріс жасайды. Ассимиляцияға түседі. Міне, бұдан да тіл бұзылады. Мәселен, қазақ жігіті тәжіктен қыз алды делік. Әкесі жұмыста кезде балалар анасымен үйде қалып, олармен тәжік тілінде сөйлеседі. Егер де менің әйелім орыс болса, перзенттерім орысша шүлдірлеп жүрер еді, – дейді Нәби.

Бірақ, Нәби ағаның әйелінің ұлты – қазақ. Түркияның қазағы. Қазақстанға 1993 жылы келген. Руы – алтын. Реті келгенде айта кетейік, Нәби ағаның әкесінің әкесі имам болған екен. Репрессия уақытында Қызылордадан Өзбекстан арқылы Ауғанстанға қоныс аударыпты. Нәби ағаның өзі де, әкесі де Ауғанстанда дүниеге келген. 

– Біздің Ауғанстанға өкпеміз жоқ. Біреудің қойын бағып, үйінің жұмысын істесек те өз нанымызды адал тауып жедік, – дейді ол. 

Кімнің кім екенін ақсақалдардан сұрау керек

ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, Ауғанстанда бүгінде 15 отбасы, 200-ге тарта этникалық қазақ тұрады. Онда қазақ диаспорасы өкілдерінің негізгі бөлігі өткен ғасырдың отызыншы жылдарында барған. Дені елдің солтүстік аймағын мекендеген. Жалпы, Ауғанстандағы этникалық қазақтардың көпшілігі Құндыз провинциясына қоныстанған. Сонымен қатар, Балх пен Бағланда – 7, Тахарда – 1, Фарабта 1 отбасы бар. Айтайын дегеніміз, өзбек және тәжік ұлттарының өкілдері де солтүстік аймақта тұрады. Олардың белгілі бір бөлігі өздерін қазақпыз деп айтып жүр. Себебі, репатриант (өз еліне қайтушы) есебінде Қазақстанға көшіп келіп, жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан азаматтығын алғысы келеді.

«Ауған қазағымыз» деп өтірік айтып, өздерін құжатқа «қазақ» деп жазғызып алған басқа ұлт өкілдерін қалай анықтауға болады?» деген сауалымызға Нәби аға былай жауап берді:  

– Ауғанстандағы қазақ ақсақалдары және Ауғанстаннан Қазақстанға ертеректе келген үлкен кісілер кімнің қазақ, кімнің қазақ емес екенін беске біледі. Мұны солардан сұрау керек. Әкесінің кім екенін білсе болды, оның үрім-бұтағының бәрін айтып береді. Шымкентте Ауғанстаннан келгендер көп. «Сәуле», «Самал» және «Қатынкөпір» шағынаудандарында тұрады. Әртүрлі жұмыстар істейді.

Біз, әйтеуір, елге бұрынырақта келіп қалдық қой. Соған қазір қатты қуанамын. Ауғанстандағы қазақтар ақшасының жоқтығынан атамекендеріне жете алмай отыр. Олардың бар үміті – елшілікте. Менің ағам да елшіліктің есігін тоздырып жүр. Рамазан айында барып келгенімде, біраз ақша берген едім. Оның өзі дәрісіне толық жетпеді. Жеке басын куәландыратын құжаты бар. Онда тегіміздің бір екенін де айта кетейінші. Бірақ, ол жерде ұлты жазылмаған. Ауғанстан азаматтарының жеке басын куәландыратын құжаттарында ұлты жазылмайды. Қазір ол жақтан негізінен қалтасында азын-аулақ қаражаты барлар босып жатыр ғой. Ал, ақшасы жоқтар сонда өмір сүруге үйреніп қалған. Ағамның да жолы болып, елге ертерек оралса екен. 

Қазір екі ағамның бірі «Сәуле» шағынауданынан үй сатып алды. Екінші ағамның 6 баласы бар, өзі мүгедек. Оған мемлекеттің қолдауымен «Шым-Ситиден» баспана берілді. Менің үйленгеніме 10 жылдай уақыт болды. Пәтер жалдап тұрамын. Етікші болып жұмыс істеп, отбасымды асыраймын. Әйелім үй шаруасымен айналысады, -- дейді. 

Ауғанстанда аз ұлттарға көмек көрсетілмейді. Олардың әлеуметтік жағдайы түзеліп, ел қатарлы өмір сүруі үшін ешқандай бағдарлама қарастырылмаған. Жергілікті қазақтардың тұрмысы төмен. 80-85 пайызы хат танымайды. Жері, малы және сауда-саттық жасайтын ұсақ дүкендері бар 2-3 дәулетті отбасын есепке алмағанда, басым көпшілігі диқаншылықпен, жүк тасымалдаумен, басқа да түрлі жұмыстармен айналысады екен. 

Рас, Ауғанстандағы қандастарға дәл қазіргідей алаңдаған жоқпыз. Атамекенге келемін деген ағайынға құшағымызды айқара аштық. 1500 ауыр жүк көлігімен Моңғолиядағы қазақтарды көшіріп алдық. 1992 жылы бес құрлықтағы қазақтың басын қосып, Алматыда дүниежүзі қазақтарының құрылтайын өткіздік. 1993 жылы Пәкістан, Иран, Сауд Арабиясындағы қазақтарды ұшақпен әкелдік. Әзірбайжан мен Түркіменстандағы бауырларымызды Каспий теңізі арқылы елімізге жеткіздік. Ал, енді Ауғанстандағы қазақтарымызды елге әкелуге не кедергі?..  

Дәл қазір Ауғанстандағы қандастардың ажал оғының астында күн кешіп жатқаны біздің де жанымызды түршіктіріп отыр. Оқ ысқырып, бомбаның жарылған даусынан ұрпағын, отбасын аман алып шығамын деп шырылдаған қандастарымыздың тілегі орындалса екен дейміз. ҚР Сыртқы істер министрлігі осы мәселеде нақты бір шешімге келеді деген үмітіміз бар.  

Дилара БИМЕНОВА.


Пікір қалдырыңыз