Дала заңдарының заңды жалғасы

2009 жылы Семей қаласында патриоттар форумы өтті. Оңтүстік Қазақстан облысынан қатысқан делегация мүшелерінің арасында мен де болдым. Пойыздан түсе сала Абай мен Шәкәрім аталарымызға зиярат ету үшін Жидебайға тарттық. Қазіргідей жол тегіс емес, біраз уақыт ойдым-ойдым жолдардың талай шақырымын артқа тастап, ой үстінде келеміз. Жол-жөнекей қасымызға ерген семейлік жігіттен Абай туралы сұраймыз. Жол бастаушымыз Абайды Абай еткен тек шығармашылығы ғана емес, ел арасында әділ, ірі де іргелі би болғаны туралы көсіліп сыр шертті. Абай билік жорасына байланысты біраз құнды дүниелер қалдырған. «Абай және мал дауы», «Абай және жесір дауы», «Абай және жер дауы» деген құнды мұраны абайтанушылар ғана емес, көзіқарақты жұрттың бәрі біледі. Академик-жазушы Мұхтар Әуезов те «Билікке келгенде Абайдан әділ, таза, күшті биді тобықты іші бұрынғы заманда да көрген жоқ деп айта аламын» депті. Осы деректер белгілі қоғам қайраткері, академик Салық Зимановтың еңбектерінде де айтылады. Оның тереңнен сыр толғайтын «Билер соты – қазақ құқығының белгісі» еңбегінде биліктің әділдік сипаты айтылады. 
Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін ашық әрі демократиялық қоғам орнатудың негізгі принциптерін іске асыра алатын бас құжат қажет болды. 1993 жылы алғашқы Ата Заңымыз жарық көрді. Алайда, бұл Конституция еліміздегі нарықтық өзгерістерге толық жауап бере алмады. Тұңғыш Президент бұл жөнінде «Қазақстан жолы» кітабында мемлекеттік билікті басқарудың барлық жүйесін нығайту, экономикалық реформаны жүргізе отырып сол уақыттағы дағдарыстан шығару, мемлекеттің сыртқы саясатын қалыптастыру, ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін баптардың алғашқы Конституция жобасында толығырақ қамтылмағанын айтады. Заман ағымына толық жауап беру үшін қазақстандықтардың мүддесін толық қорғайтын бас құжат қабылдау қажет болды. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен сарапшылар тобы құрылып, Конституция жобасы талқылауға салынды. Жобаны зерделеуге, сараптауға мықты заңгерлер, Францияның Конституциялық кеңесінің өкілдері, Ресей зерттеу орталығының заңгерлері қатысты. Ізденіс географиясы кеңейді. Бұл туралы Елбасы еңбектерінде өзі бас болып Еуропа мен Азияның, Солтүстік Американың, Латын Америкасының, бас-аяғы жиырмадан аса елдің конституцияларын зерттеп, зерделегені жөнінде жазады. Дәл осы Ата заңымызды талқылаған тұста қазақстандықтардан 31 мың 886 ұсыныс түсіп, соның 1100-і соңғы сараптауға енгізілген. Елбасы «Қазақстан жолы», «Ғасырлар тоғысы» кітаптарында Ата Заңның әр тарауына атсалысқан заң ғылымының докторы Нағашыбай Шәйкенов, профессор Бауыржан Мұхамеджанов, Константин Колпаковтың тындырымды еңбектері туралы ерекше ризашылықпен айтады. Барлық зерттеулерді, сарапшылардың ұсыныстарын, пікірлерін ой елегінен өткізген Ата Заңымыздың әр парағына, әр бабына тоқтаған Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты Ата Заңның негізгі авторы десек қателеспейміз. Өткен тарихтағы «Қасым ханның қасқа жолы» атанған құқықтық жүйе ауыз әдебиетінің арқасында ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, өз заманының сұранысын орындаған.
Әз Тәукенің «Жеті жарғысы», «Есім ханның ескі жолы» бір-біріне үйлесіп, қазіргі қолданыстағы Конституциямыздың арқауын құрады. Дала заңдары дәстүрге, әдет-ғұрыпқа негізделген. Қазақтың әдет-ғұрып нормалары ұлттық мәдениеттің түп тамыры. Қолданылатын жазалар барынша ізгілендірілгенін өлім жазасының орнына құн төлеу институтының ендірілгенінен-ақ көруге болады.
Ұлы даламыздың даналары әлем таныған ғұламалар Аристотель, Конфуцийлардан бірде-бір кем емес. Бүгінгі Конституциямыз – кешегі дана бабалар дүниеге әкелген дала заңдарының заңды жалғасы. Бүкілхалықтық референдум арқылы 98 баптан тұратын 1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Ата Заңымыз сол дала заңымен нәрленген, ел сұранысына жауап беретін көпұлтты, көпконфессиялы қоғамдағы ең басты қазына – адамның құқығы мен бостандығын, мүддесін қорғайтын, керегесі кең қоғам мен мемлекеттің өсіп-өркендеуіне, адам құқығының сақталуына, бірлік пен тұрақтылыққа жол ашатын басты құжатқа айналды. Иә, Ата Заңымызға уақыт талабына сай толықтырулар енгізілуде. Қазақстанның Ата Заңы – 
ең жас Конституциялардың бірі болғанына қарамастан әлемдегі адам құндылықтарын дәріптейтін ең үздік 50 конституцияның бірі.
Ата Заң – мемлекеттік құндылық, оның талаптарын бұлжытпай орындау, қастерлеу – баршамызға парыз. Сондай-ақ, Конституция – тәуелсіз Қазақстанның өсу, өркендеу жолындағы бас тірегі. Тірегі мықты мемлекет – мәңгілік мемлекет.

Қ.ЖАНТӨРЕЕВА,
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, 
облыстық мәслихаттың депутаты.
Пікір қалдырыңыз