Давронның дәреметі мен кереметі

Леңгір қаласында тұратын Сулеймановтар – әулетімен дәрігер. Білікті хирург, кезінде Леңгір қалалық ауруханасында бас дәрігердің орынбасары қызметін атқарған Юлдаш Cулеймановтың 4 қыз, 2 ұлы да әке жолын жалғастырып, медицина саласында қызмет етіп жүр. 

Бүгінде бұл отбасының өздеріне тиесілі жемекеншік медициналық орталығы бар. Юлдаш Сулеймановтың ұлы Даврон алғашқыда әкесіне ассистент болып, тәжірибе жинады. Кейіннен Леңгір қалалық перзентханасы жанынан жекеменшік УДЗ орталығын ашып алды. 
Даврон Юлдашұлы есінен кетпейтін бір оқиғаны баяндап берді. 
– Түнгі сағат екілер шамасында Нұралы есімді ер азаматты шұғыл түрде ауруханаға жеткізді. Басы жарылып, ми қақпақшасы ашылған. Бұл жағдайды бас дәрігерге баяндап, науқастың өлім мен өмірдің арасында жатқанын, оған шұғыл түрде ота жасау қажеттігін жеткіздім. Науқастың тамыр соғысы баяу, қан тоқтар емес. Көп қан жоғалтқан. Жарық жоқ, дәрі-дәрмек тапшы кез еді. Абдырап, абыржып тұрған туған-туыстарының бар үміті менде. «Аман алып қалудың барлық амалын жасаймын. Бірақ, сіздер маған қан тауып берулеріңіз қажет» дедім. 
Науқасқа қараудың өзі қорқынышты еді. Ота кезінде мидың біраз бөлігін ашуға тура келді. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де шындығы сол, мидың ішіне құм, шөп-шалам түскен. Мидың езіліп кеткен бөлігін кесіп алып, ол жерді тазалап, қанды тоқтаттық. Кейін бас терісін тартып, басқа бөлігімен қосып тігуге тура келді. Бас сүйегінің сынған бөлігін қажет болып қалар деген оймен алып қойдық. Егер ол бөлікті алып тастамағанда, науқастың өліп кетуі мүмкін еді. Сосын жақындары жеткізген қанды құйып, қан қысымын көтердік. Содан екі сағатқа созылған ота сәтті аяқталды. Хирургия бөлімінде пациенттің қағаздарын толтырып жатқанда жансақтау бөлімінің мейірбикесі хабарласып, шұғыл жетуімді өтінді. Барсам әлгі отадан шыққан науқас сап-сау күйде отыр. Аты-жөнін сұрадық. Ол ештеңе болмағандай «менің есімім – Нұралы» деп жауап берді. Аяқ-қолы сап-сау күйінде қимылдап тұр. Науқас қандай оқиғаға қалай тап болғанын жайбарақат баяндап берді. Көлікпен кетіп бара жатып ағаштың томарына соқтығысып, жүргізуші алдыңғы терезесінен ұшып кетіп, басымен түсіп, есінен танып қалған. Басы жарылып, мидың ішіне құм, шөп түскені содан екен. 
Бас дәрігер оны тірі қалмады деп ойласа керек, келе «мәйіт қайда?» деп бізді сұрақтың астына алды. 
– Ешқандай да мәйіт жоқ, – дедім. Бас дәрігеріміз алдында аман отырған науқасқа қарап таң-тамаша қалғаны бар. 
Кейін науқастың жағдайы түзеле бастағанда облыс орталығындағы аурухананың нейрохирургия бөлімшесіне ауыстырдық. Арада жарты жыл өткенде оның жарақаты жазылып, ісіктері қайтты. Сонда ғана мен алып қойған бас сүйегінің екінші жартысын қайта орнына салып бердік. Осы оқиға әлі күнге есімнен кетпейді. 
Қазір УДЗ хирургтардың жұмысын әлдеқайда жеңілдетті. Әйтпесе адам денесінде қалып қойған бөгде заттарды тауып, алып тастау өте қиын. Бірде өзімнің кішкентай ұлымның қолына ине кіріп кетіпті. Жартысы сынып түсіп, екінші бөлігі денеде қалып қойыпты. УДЗ аппаратының көмегімен денеде қалған инені тез анықтап, кішігірім ота жасауға тура келді» дейді Даврон оташы. 
Әулеттің үлкені, жасы сексеннен асқан Юлдаш Сулеймановтың өзі де саладан әлі қол үзген жоқ. Бүгінде олардың медициналық орталықтарына келушілердің қатары көп. Онда УДЗ, эндоскопия, стоматология, массаж, гинекология кабинеттері қызмет көрсетеді. Жуырда Жапониядан заманауи құрылғылар сатып әкелінді. Осы арқылы науқастың дертін дер кезінде анықтап, емдеуге, келушілердің уақытын барынша үнемдеуге қол жетеді деген  сенім бар. 
Даврон Сулейманов хирург қана емес, УДЗ және эндоскопия дәрігері. Даврон басшылық етіп отырған орталықта келген науқасты әр кабинетке сандалтпай, диагнозын дер кезінде анықтауға мүмкіндік зор. Медициналық орталықтарына тұрғындардың жан-жақтан көптеп келуінің басты себебі, көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігінде болса керек. Енді олар МРТ және компьютерлік томография кабинеттерін ашуға ниеттеніп отыр.
Пікір қалдырыңыз