Ұрпақтар сабақтастығы үзілмейді

Облыстық қоғамдық даму басқармасы Жастар ресурстық орталығының ұйытқы болуымен қоғам қайраткерлері мен жастар арасында «Жақсыдан тәлім» атты еркін форматтағы кездесу ұйымдастырылды.

Түркістан – жаңа идеялар мен игі бастамалардың ордасы. Оңтүстік жастарының басым көпшілігі осында білім алып, осында жұмыс істеп жатыр. Аталмыш шараға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Жеңісбек Мәуленқұлов, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Шәріпбек Жамалбекұлы, «Құрмет» орденінің иегері, облыстық мәслихат депутаты Өмірзақ Мелдеханов және облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Сариев қатысты. 
Жиында алғаш боп сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов жиналғандарды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтай отырып, жастарды тәуелсіздігіміздің қадірін біліп, еліміздің дамуына үлес қосуға шақырды. Қазақстан дамуының басты факторы егемендігіміз екендігіне ерекше тоқталды. Оңтүстік жастарының белсенділігі мен 30 жылдыққа қандай үлес қосатындықтары екшеліп, болашақта атқарылар жұмыс барысы сараланды.
Қонақтар жастар ресурстық орталығының және жас кәсіпкерлердің шығарған өнімдерімен танысып, орталық жанынан құрылған сурет үйірмесі көрмесін тамашалады. Ардагерлер болашақ жас кәсіпкерлерге ақыл-кеңестерін беріп, ел тәуелсіздігін қастерлеуге шақырды. Кездесуде қоғам қайраткерлері жастарға өздерінің жүріп өткен жолдарынан естеліктер айта отырып, ақ баталарын берді. 

«Оңтүстік»-ақпарат.
Пікір қалдырыңыз