Ағам мен жеңешем

– Жеңеше, амансыздар ма, көкемді тіркемеге алып, қайда бара жатырсыздар?

– Шардараға, ағайындардың амандығын біліп қайтсақ па деп едік. Көкеңнің жағдайын білесің ғой, қайным, үйге сыймай кетеді.

– Жөн екен, жолдарыңыз болсын, жеңеше!

Тағы бірде «Жетісайға, құдамыздың мерейтойы еді, қуанышын бөлісуге бара жатырмыз. Қайтарда Шұбарсуда 1-2 күн болып, немерелеріміздің маңдайынан иіскеп қайтамыз»  деп кетіп бара жатады қос қария.

Бұл көрініс айына бірнеше рет қайталанып жатады. Қыдырбай көкем зағип жан, I топтағы мүгедек. Бұл кесел оның өмірінің соңғы кездерінде жабысқан. Қаншама білімді, атақты дәрігерлерге емделгенімен, көру қабілеті күннен-күнге нашарлап, осындай жағдайға жетті. Соған қарамастан үйде бүк түсіп жатқан көкем жоқ, өмір үшін арпалысып, күресіп келеді. Үйде болған кездерінде «Шалқар» радио торабының жаңалықтарын тыңдап, ел жаңалықтарынан құлағдар болып отырады.

Қыдырбай Айдаров пен оның өмірлік жары Нарша Айдарова – қажырлы, адал еңбектерімен, өнегелі өмірлерімен, байсалды жүріс-тұрыстарымен, бата-тілектерімен көзге түсіп, елдің сауабына, ризашылығына бөленіп жүрген жандар.

Қыдырбай көкем кезінде атағы Одаққа кеткен «Шымқорған» кеңшарында 30 жылдан аса уақыт белді механизатор болып жұмыс істеді. Еңбегі еленіп, бірнеше медаль мен марапаттарға ие болды. 1960 жылдың басында Нарша жеңгемізбен шаңырақ құрды. Содан бері 61 жыл өтіпті. Нарша жеңешем «Алтын алқа» медалімен марапатталған. Қыдырбай көкем екеуінің 12 перзенттен көрген немерелері 54-ке, шөберелері 86-ға жетіпті. Еліміздің өркендеуіне үлесін қосып жүрген ұрпағына көкем «Құдайға шүкір!» деп дән риза. Әуелі Жаратқанға және осындай мамыражай заманды орнатқан ел басшыларына алғыс айтып отырады. «Он екі баланы дүниеге алып келген Нарша жеңгелеріңді Үкімет «Алтын алқа» медалімен марапаттады. Біздің де еңбегімізді ескеріп, ең болмағанда «Отец – молодец» деген бір жапырақ қағазын беріп қойса, төбеміз көкке бір елі жетпей қалар еді-ау» деп қуақыланып отыратыны бар. 84 жастағы қарияның әзілі де жарасымды.

Бүгін тағы да қосақтасып жол жүріп бара жатқан көкем мен жеңешемді алыстан көріп қалдым. Тағы да үйге сыймай кеткен-ау шамасы деп ойладым.

Жолдарыңыз болсын, Қыдырбай көке, Нарша жеңеше! 

Махамбет АЙЫНОВ.Түлкібас ауданы.

Пікір қалдырыңыз