Қазақтың жері қазаққа ғана қымбат

Таяуда
қолыма жазушы-тарихшы Нұрғали Рахаевтың «Алмауыт» атты повесі түсті. Кешегі
кеңестік империя кезінде қарақан бастың қамынан қазақтың қамын жоғары қоя білген
Тұлғаларымыздың әрбір іс-әрекетіне сүйсінесің.
Қазақтың
қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы – Ұлы Отан соғысында көптеген ерлік жасап,
фашистермен қиян-кескі соғыстар жүргізіп, жау қоршауын бес рет бұзып шыққан
даңқты командир. Ол 28 жасында батальон
командирі болды, 30 жасында полкті басқарған, 33 жасында дивизия
командирі болып, әскери шені полковникке дейін көтерілген. Соғыста асқан
қаһармандық пен батылдықтың үлгісін көрсеткен қазақтың баһадүріне Кеңес
Одағының Батыры атағын беру жөнінде
Сталинге ұсыныс жіберіледі. Алайда, ұлтшыл шовинист генерал мен маршал іштарлық
танытып, Сталинді айнытқан екен.
Әлгі
пендешілік танытқан әскер басшыларына Бауыржан жауап ретінде мынадай өлең де
жазған:
Маған
деген атақты
Міндет
қылсаң өзің ал.
Әділдікке
бас ұрып
У
берсең де маған бал, – депті.
Бауыржан бір сөзінде: «Мен атақ үшін емес, қазақтың,
қала берсе өзімнің абыройым үшін, Отанды
қорғау үшін соғыстым» дейді.
Ал,
мына оқиға 1961 жылы Алматыда болған екен. Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің
Төрағасы Тәшенов Жұмабектің кабинетіне әйгілі қазақ батыры Бауыржан Момышұлы
кіріп келіп:
–
Менің саған келудегі мақсатым екеу ғана, біріншісі – кеше Ақмоладағы пленумда,
Орталық Комитеттің әпербақан хатшысы
Н.С.Хрущевке оңдыртпай соққы
бергенің бүкіл қазақ жұртының еңсесін көтеріп кетті. Еліміздің бес облысын Ресейге бермей аман алып қалғаның
үлкен ерлік, батылдық! Сол үшін мен Тәшеннің баласына алғысымды айтуға ғана
келдім, – деп Баукең сөзін әрі жалғастырады.
«Ханнан
бақ таярда дұшпаны сырттан көбейіп, жанашыр досы аз қалар, Биден бақ таярда
үлгілі сөзден айырылып, әркімнің мінін қазбалар» дегендей, кешегі Хрущев
Америкаға барып, Кеңес Одағының абыройын айрандай төкті, енді одақтас
республикалардың арасына сызат түсірмек. Мұндай пиғыл сонау Бірінші Петрден,
тіпті одан да әріден жалғасып келе жатқан Ресейдің ағайын арасына «от салу»
әдісі. Ондай отты тез арада сөндіріп тастағаның, қазақтың тарихында қалатын
үлкен ерлік деп бағалануы керек» депті батыр ағамыз.
–
Екінші айтайын дегенім, өнер адамдары
мен ақын-жазушыларға Алматының ортасынан үй алып беріпсің, бұл іс-әрекетің де
теңдесі жоқ ерліктеріңнің бірі екендігіне көзім жетті, бауырым, – депті Баукең.
Жұмабек
Тәшенов оның сөзін бөліп:
–
Әлгі 121 пәтер ме айтып отырғаныңыз? Ой, Бауке-ау, пәтермен қамтамасыз ету
біздің міндетіміз емес пе?!
–
Міндеттерің екендігін білем. Ал, осы уақытқа дейін берсе, есек тағалап жүрді ме
сенен бұрынғылар. Немесе қалада тентіреп
жүрген қазақ интеллигенциясын көрмей
қалды ма, олар, – дейді батыр қатқыл даусыменен.
–
Маған дейін де беріліп жатты ғой, – деп сөзін сыпайылаған Жұмекеңнің сөзін
бөліп тастайды да:
–
Жоқ, – деген Бауыржанның от алған ұшақтай гүр ете қалған зор үні көміп кетті
де, бөлмені жарып жібере жаздады. Батырдың
бетің бар, жүзің бар демей, кесіп шындықты айтатын
турашылдығына тәнті болған Жұмабек те сөзін
бөлмей тыңдауын жалғастырды.
–
Олар «ұлтшылдық» ұранының қаһарына ұшырап кетем бе деп жүргендер, қазағына жаны
ашымас жағымпаздардың әсіресақтығы ғана. Болмаса, қазақтың атақты Шәкен
Аймановтай, Құрманбек, Қалибек, Манарбек, Қапан, Бибігүл, Шарадай өнер
корифейлерінің астанамыз Алматыда үйсіз-күйсіз жүргені не деген сұмдық?!
Жағдайы жоқ, баспанасы жоқ таланттан
қандай өнер, қандай шедевр талап етесің бұдан соң? Міне, осындай маңызды хабарды
естіп тұрып, өзіңе әдейі арнап алдыңа
келіп отырмын, қалқам! Қазаққа жаның ашып, басыңды бәйгеге тіккен азаматтығың
үшін саған алғыстан басқа айтарым жоқ, – деп Бауыржан Момышұлы Ж.Тәшеновке
ырзашылығын білдіріпті.
–
Рахмет, Бауке, сізге де көп рахмет! Енді өзіңіздің шаруаңыз қалай, менен қандай
да бір жәрдем керек болса, әрқашан да дайынмын, ағасы, – деп Жұмабек Тәшенов те
ағынан жарылды.
–
Менің айтар ойым, жазатын материалым ұланғайыр, тек уақыт деген жетпей жатады
кейде. Мына қазағымның күні келіспей жатқанда, қара басымды күйттеп қайтейін.
Саған айтарым да, іште тұнған шерлерім де мол, енді оны кейінгі бір кездесудің олжасына қалдырайын. Ал, әзірге қош, честь имею! – деп Бауыржан Момышұлы
кабинеттен шығып кетті.
Сонымен
көп ұзамай солақай саясаттың сойылын соққан Орталықтың дегені болып, Жұмабек
Тәшеновтің қызметін төмендетіп, Шымкентке жібереді.
Тәшенов
Шымқалаға келе сала жұмысқа кірісіп кетеді. Ол Шымкент облыстық Кеңесі атқару
комитеті төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалып, талай мәселенің оң
шешілуіне себепкер болды. Оңтүстіктің ақпейіл жұрты бейбіт күнде, Алаш жерін
бөлшектеуден қорғап қалған ержүрек ұлын зор қуанышпен қарсы алды. Бойына
қарапайымдылық ұрығы себілген Жұмабек Тәшенов мансапты мақсат тұтпайтын адал ұл
екендігін және бір дәлелдеп, тектіліктің төрінен көрінді. Облыстық атқару комитетінің төрағасы Захан Ескендіров
те ұлтының тағдыры таразыға түсер сәтте, мансабы түгілі өзін де халқы, елі
үшін құрбандыққа шалудан тайынбайтын ер
азаматты ерекше қадірлеп, алдын кеспеді,
қолын қақпады. Зейнеткерлікке шыққан соң да кішігірім мекемелерде жұмыс
істеуіне ықпал етті.
Кезінде
Хрущевтің тікелей ұсынысымен Қазақстан
басшылығына, яғни бірінші хатшылыққа келген Исмайл Юсупов Өзбекстан
Республикасына Жетісайдың айналасындағы үш ауданды беріп жіберген екен. Ал,
Маңғыстауды Түркіменстанға беріп жібермекші болып, мәскеуліктер барынша іске
кірісіп жатқан.
Дәл
осы кезеңде, көп ұзамай Хрущев орнынан түсіп қалып, оның орнына КОКП Орталық
Комитетінің Бас хатшысы болып Л.И.Брежнев сайланады да, Д.А.Қонаев Қазақстанға
бірінші хатшы болып қайта сайланады. Қашанда бірқалыпты, салмақты мінезінен
айнымайтын, қазақ елінің болашағына көп
алаңдайтын Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев өзінің
көрегендігінің, іс-тәжірибесінің арқасында Шымкент облыстық Кеңесі
атқару комитеті төрағасының орынбасары
Жұмабек Тәшеновке тапсырмалар беріп, Шымкент облыстық партия комитетінің
бірінші хатшысы Ливенцовқа білдірмей, Өзбекстанға өтіп кеткен әлгі үш ауданның
картасын, жергілікті халықтың санын, ауыл-ауылдың орналасуы мен жерінің
сызбаларын дәлме-дәл сыздырып, анықтап, қажетті мәліметтерді өзіне (Қонаевқа)
жеткізіп беруді қатаң табыстаған. Сөйтіп, Қонаевтың өзі Мәскеуге барып, Орталық
Комитетке осы үш ауданды кері қайтарып алу туралы ұсыныс тастаған. Ал, бұл
тапсырмаларды тыңғылықты етіп орындауға тікелей кіріскен Әділ Сасбұқаев болған екен.
Ал,
Маңғыстауды Түркіменстанға беріп жіберуден қорғап, Мәскеуге шапқылап жүріп,
мәскеулік партократ ғалымсымақтарды дәйекті фактілермен тұқыртып, дәлелді
ғылыми тұжырымдарын алдарына тосып, түркімендерден Маңғыстауды қорғап алып
қалған Жұмабек Тәшенов пен Шахмардан
Есенов болған. Қонаев бұл екі азаматқа да қолдау көрсеткен.
«Қалай
болғанда да қазақтың жері қазаққа ғана
қымбат, қазаққа ғана қастерлі» депті
Д.А.Қонаев.
«Жеткен
жетістігіміз, алған биігіміз елдің
игілігіне айналып жатса, одан асқан марапат, одан биік мәртебе бар ма бізге.
Бәріміз де пендеміз, шайтан емеспіз. Уақыт өтер, көш қозғалар, заман өзгерер,
қоғам да, өмір де бір орнында тұра бермес, сол кезде елдің іргесін сақтап
қалған, бес облысымызды Ресейге бермей аман алып қалған Жұмабек Тәшенов, Әділ
Сасбұқаев, Шахмардан Есенов секілді қазақ азаматтарының ерлікке бергісіз
еңбектері бір замандарда еленер. Тіпті, аңызға айналып, қазақ тарихына еніп,
қазағымның сүйіспеншілігіне бөленер. Тәшеновтің қазақ жерінің тұтастығын
сақтаудағы жанқиярлық принципшілдігі, жанкешті табандылығы майданда «таран»
жасағанмен пара-пар. Ол аз десеңіз, Алаш арыстарының аманатына деген адалдықтары» деп Д.А.Қонаев атамыз естелік
қалдырыпты.
Бұдан
қандай ой түюге болады? Ұлт тағдыры сынға түскенде нағыз елім, жерім деген
азаматтар бұғып қала алмайды екен. Олардың осынау рухани ерліктерін ұрпақ
санасына сіңіріп отыру біздің – аға буынның қастерлі борышы деп білемін.
Айдар МҰСТАФА,
Төле
бидің жетінші ұрпағы, заңгер-зейнеткер.