Той,той,тойларың... Әзірше сабыр сақтай тұралық

Атам қазақтың жақсылыққа әрдайым қуана білетіндігінің, дархандығының, мәрттігінің, қолы ашықтығының бір көрінісі – той. Бар жиған-тергенін тойға шашатын да, «Тойдан Тәңірім кенде қылмасын» деген тілекті де жиі айтатын халқыңыз осы.

Жасырып-жабатыны жоқ, бүгінде еліміздегі үйлену немесе басқа да тойларда даңғазалық пен ысырапшылдық басым екендігі жайлы бұқаралық ақпарат құралдарында айтылып та, жазылып та жүр.

Біреудің тойын қызғанғандығымыз емес, қазіргідей коронавирус індетінің белең алып тұрған кезеңінде той тойлау дәстүрі азаймай, қайта өрши түсуде. «Жақсылықтың ерте-кеші жоқ» дегендей, қызықшылықты кейінге қалдырып, мынау уақытша қиыншылықтың артын тоса тұруға болады ғой деген ойдамыз.

Әбден жауыр болған атаққұмарлық пен ысырапшылдықтан, орынсыз сән-салтанаттан құтылатын кез әлдеқашан жетті. Біздің ойымызша, көршілес өзбек, түрік, түркімен халықтарының ұлттық салт-дәстүрлеріне құрметпен қарайтыны сияқты, біз де бұл мәселеге ерекше ден қоюымыз қажет.

Ретіне қарай, той-томалақтарда аракідік болып тұратынымыз бар. Көбіне барарын барсаң да, демалудың орнына шаршап, көңілің құлазып қайтасың. Осындайда «өзбектің тойы – би жарыс, қазақтың тойы – жиналыс» деген әзіл-шыны аралас қалжың сөз еріксіз еске түседі. Құлақ тұндырар даңғаза музыка, екі иығын жұлып жеген қыз-бозбалалардың ерсі биі жүйкеңе әбден тиіп бітеді. Ол аз болғандай, той иесінің ағайын-туыстары топтанып төрге шығып алып, жас-кәрі демей шешенсіп, ұзақ-сонар сөйлеп, тұрып алатынын қайтерсің. Амал жоқ, сабыр сақтап, шыдауға тура келеді. Ал, кейбір асабаларымыз көлгірсіп сөйлеймін деп шектен шығып, ерсі ойындарды ойнатып, той тізгінін қолдан шығарып алады.

Оған да біраз уақыт өтті. Коронавирус індеті басталмай тұрып қала жаққа бір таныстың тойына барғанбыз. Есесіне бұл бір ерекше өткен есте қаларлық той болды. Бар болғаны үш-төрт-ақ адам ақжарма тілек айтты. Қалғандарының сөздерін бейнетаспаға жазып алған екен, көпшілік оны экран арқылы тойдың барысында көріп, тыңдап отырды. Ән де шырқалды, би де биленді, ұлттық ойындар да ойналып, театрға барғандай көңіліміз көтеріліп, демалып қайттық. «Шіркін-ай, осындай заманауи тойлар көп болса ғой» деген тілек қалды көңілде.

Қыстың артынан көктем келетіні сияқты, әлі-ақ мына індет те кетер, тойларымыз да көбейер. Ал, әзірше сабыр сақтай тұрайық, ағайын.

 
К.НҰРОВ,

еңбек ардагері, зейнеткер.

Пікір қалдырыңыз